Конституцияға өзгертулер енгізу, Қытайды қайда апарады?

Қытай жыл сайын өткізетін «екі құрылтайын» бастады. Наурыздың 5 күні шымылдығын түрген маңызды жиналысқа, мемлекеттің жер-жерінен сұрыпталып келген құрылтай өкілдері жиналып, елдік мәселе төңірегіндегі келелі істерді талқылауды бастамақ. ҚКП орталық комитеті бас болып ұйымдастыратын бұл жиналыс, компартияның әр 5 жыл сайын шақыратын құрылтайынан кейінгі саяси салмағы басым мемлекеттік жиналыстардың бірі. Шынтуайтына келгенде, келелі мәселелер алдын-ала шешіліп, белгіленіп болғаннан соң, осында жиналған 2000-нан астам уәкіл қол көтеріп «мақұлдау рәсімін» өткізеді деп түсінген жөн. Солай болғанмен, Қытайда өтіп жатқан «13-кезекті мемлекеттік халық уәкілдері құрылтайы» қазір әлем назарында тұр. Оған себеп — ҚКП орталық апараты таратқан «Қытай конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жобасы» болып отыр. Аталмыш жобадағы «мемлекет басшысы мен оның орынбасарының билікте отыру мерзіміне қойылатын шектеуді алып тастау» дейтін бөлігі, кезекті құрылтай арқылы мақұлданып, конституцияға өзгертулер енетін болса, қазіргі Президент Си Цзиньпин «мәңгілік көсем» болып қалуы мүмкін деген қауіп, халықаралық саясаттанушылардың назарын аударған маңызды мәселеге айналып отыр. 

Ысырапшыл 1.5 млн. қылмыскер кімдер?

«Мәңгілік Президент» туралы болжамдардың ашыққа шыға бастағанына да талай уақыт өтті. Қытайдың әрбір қимылын жіті назарда ұстайтын кейбір саясаткерлер 2017 жылы 30 тамызында өткен әскери шеру кезінде, «әлде нені» байқап қалған еді. Ішкі Монғол автономиялы округының орталығы Хоқхот қаласында өткен «Қытай халық азаттық армиясы құрылғандығының 90 жылдығына» байланысты өткен әскери шеруде, қолбасшы міндетін атқарушы генерал қарулы күштердің алдында тұрып ұран салғанда, оған Қытайдың саяси сахнасынан естілмей кеткеніне 40 жылға таяған «көсем» сөзін қолданған. Барлық Қытай медияларында таралып, көп өтпей «қиылып» кеткен бұл сөзді шетел сарапшылары «Си Цзиньпиннің мәңгілік президент болу арманының жылт еткен көрінісі» деп жорыды. Осыдан бірнеше ай өткенде ҚКП-ның 19 құрылтайындағы қабылданған шешімдер мен тағайындаулар да көп күдіктің шетін аңғартып өткен еді. Әр 5 жыл сайын өткізілетін партия құрылтайы негізінен мемлекет басшысын сайлауымен ерекшеленетіні белгілі. Ары кетсе екі кезек, яғни 10 жыл ғана билікте отыратын бұл белгілемені 1980 жылдары кезінде ұлы саясаткер Дэн Сяопинь ортаға қойыпты. Оған себеп — ажалы жетіп барып алтын тақпен әзер қоштасқан «Ұлы көсем Мао» жіберген саяси қателіктерді болдырмау, сондай-ақ жеке басқа табынушылықтың алдын алу үшін жасалған екен. Сонан бері Қытай елін басқарған басшылардың барлығы 10 жылдан артық «хандық құрмапты». Әрі оларды да «Көсем» деп әспеттеу біржола алынып тасталған. Қалыптасқан саяси дәстүр бойынша екінші мәрте қайталай сайланған басшы, өзінің ізбасарын белгілеп, оны жоғары лауазымның айналасына тарта бастауы тиіс. Алайда өткен күзде шақырылған ҚКП-ның 19-құрылтайында, Си Цзиньпин мырза былайғы жұртқа болашақ президенттің елесін де сездірген жоқ. Негізінен ұжымдық басқаруға негізделген саяси жүйені де әлсіреткісі келгені байқалған еді. Партия орталық комитеті саяси бюросының 9 адамнан құралған тұрақты мүшелерінің санын 7 адамға азайтып тастауы да тәуелсіз сарапшылар үшін саяси дағдарыстың басталуы ретінде талқыға түсіп жатты. 2013 жылы мемлекет басшысы ретінде орныққан Си Цзиньпин, өткен 5 жыл ішінде «парақорлыққа қарсы күресті кең көлемде қанат жайдыру» арқылы жұрт көңіліне жаққаны бар. Мемлекет көлемінде белсенді өрістетілген бұл науқан барысында, орталық биліктің жоғары дәрежелі басшыларынан бастап, төмендегі қыстақ кадрлеріне дейін тексеруге алынып, «парақорлықпен айналысқан, аста-төк ішіп жеген, мемлекет қаржысын ысырап еткен» 1,5 миллионға тарта мемлекет қызметкері заңдық жауапкершілікке тартылған екен. Бұған қарата АҚШ-тың кейбір саясаттанушылары «кезекті науқан арқылы Си Цзиньпин өзіне сенімсіз адамдарды қудалай білді» деп баға бергені бар. Сонымен бірге ендігі жерде «Си Цзиньпинге қарсы көзқарас білдіре алатын басшылардың да сиреп кеткендігі» де айтылып жатты. Осылайша халықаралық саясаттанушылардың күткен күдігі де расқа айналғандай.
2017 жылдың қыркүйегінде дайындалып үлгерген «мемлект басшысының қызмет өтеу мерзіміне қойылатын шектеуді алып тастауды» міндетіне алған 21 түрлі жоба, алдағы жерде конституцияға енгізілетін көрінеді.

Қорғаныс саласына қаражат ұлғайтылады

Дүйсенбі күні басталған құрылтайда баяндама жасаған Премьер-министр Ли Кышияң өз сөзінде: «мәңгілік көсемді орнықтыру» туралы ешнәрсе айтқан жоқ. Оның баяндамасында «Қытайдың жаһандық еркін экономиканы дамыту бағытына табанды болып, еркін сауданы қолдайтындығы» айтылды. Мұнымен қоса, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының жалғасатындығы, шетелдік өндіріс саласына салынатын Қытай инвестициясын арттыратындығы да назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар ІЖӨ-нің 6,5 %-дық көрсеткішін сақтау, мемлекет қорғанысы саласына Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың 8,1%-ға ұлғайтылатындығы белгілі болды. Ал келесі бір баяндамашы — ҚХР халық құрылтайы, бас хатшысының орынбасары Уаң Шын: «конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізудің» маңыздылығы туралы баяндай келіп: «Ол уақыт өткен сайын кемелденіп, толықтырылып отыруы тиіс, сондықтан кезекті өзгертулер енгізу мәселесі — елдің саяси өміріндегі маңызды қадам», — деп қортындылаған екен.
Жоғарыда шетел саясаттанушыларының Қытайдың саяси өмірінде орын алатын өзгерістер төңірегіндегі болжамдарына тоқталдық. Құрылтай басталғалы Қытайдың БАҚ-тарында да айтылып жатқан бұл жаңалықтарға қарата, ҚХР-дағы саясаткерлердің пікірлерін де айтпақпыз. ССТV-дың халықаралық арнасына ұсыныс етілген «екі құрылтайдың саяси шолушысы» профессор Жаң Ви Уэй мырза, тілшіге берген сұхбатында «ҚКП уставының белгілемелеріне сай өмірлік басшының болмайтындығын» атап өтіпті. «Әлемде аса күрделі саяси оқиғалар мен дағдарыстар орын алып жатыр. Ал Қытай елі компартиясының дұрыс басшылығы арқасында орнықты дамуды жалғастырып келеді. Осы арада Қытай компартиясының батыс елдеріндегі «партиялардан» мүлде бөлек сипат алатын «партия» екенін ерекше айтқым келеді. Мысалы, АҚШ-тағы Демократтар партиясы, Республикашылдар партиясы секілді саяси ұйымдар ашық түрде белгілі топтардың мүддесін қорғаса, біздің партиямыз жалпы халықтың мүддесін қорғайды. Бізде компартия басшысы, қарулы күштердің бас қолбасшысы, мемлекет төрағасы сынды жоғары дәрежелі биліктер тек бір адамның қолына шоғырланған. Мұндай саяси тәжірибе шетелдерде де бар. Мемлекет басшысы туралы анықтама Қытай конституциясының алғы сөзінде анық белгіленген. Алайда осындағы, алғы сөзбен ресми мәтіндегі орындарды басқаша түсінетін адамдар да бар. Сондықтан ортаға тасталып отырған өзгертулер мен толықтырулар осы мәселені реттейді. Яғни мемлектет басшысы туралы анықтама, ресми мәтінге енгізіледі деп ойлаймын. Партия уставында: «өмірлік басшының болмайтындығы» анық белгіленген», — деп түсінік берген екен.

«Қытайдың арманы» әлемнің үрейлі түсі ме, әлде…

Қалай дегенмен конституцияның тармақтарына ішінара енгізілгелі отырған өзгертулер мен толықтырулар Қытайдың саяси өмірінде белгілі өзгерістер тудыратыны анық. Бұл ең әуелі Қытайдың ішкі мәселесі. Бұл жөнінде айтылып жатқан түрлі сын-пікірлер, ондағы саяси додаларға пәлендей әсер ете алады деп үміттену де қиын. Дегенмен де, тәуелсіз сарапшылардың пікірлері, «мәңгілік президент» өмірге келер болса, оның әлемдік саяси ойындарға қатты ықпал етуінен алаңдайтындығын байқауға болатын сияқты. Ұлы реформатор Дэн Сяопиньнің бастамаларынан кейін-ақ дамудың даңғыл жолына бетбұрған Қытай елі, қазіргі күнде өте үлкен экономикалық алпауытқа айналды. Сөйте тұра «әлемде бейбітшілікті дәріптейтін» Қытайдың соңғы кездегі, қимыл-қозғалыстарын былайғы жұрт «Қытай қаупі» ретінде түсініп жатыр. Си Цзиньпин ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына қуана қол соққан кейбір елдер, оның болашақтағы зардабын ескеріп, берген уәделерінен тайып жатыр. Си Цзиньпиннің билікке келгеннен кейін ұран етіп тасталған «Қытай арманы», кейбір шетелдік саясаткерлердің пайымынша «әлемнің үрейлі түсі» көрінеді. Африка жеріне барынша ірге кеңейтіп жатқан Қытай елі, болашақта дүниенің төртбұрышына қанатын кең жаю ойларын жасырмай отыр. Ел ішіндегі «парақорлыққа соққы беру науқаны», аз ұлттар қоныстанған аймақтарда басқаша түске еніп, аз ұлттардың діни сенімі мен бостандығын аяққа таптауға «тиімді пайдаланылып» жатқандығы тағы бар. Мемлекеттің саяси өмірі мен күнделікті тұрмысында Си Цзиньпинді дәріптеудің асқынғаны соншалық, кезіндегі «күн көсем» Маоның заманы қайта оралғандығын, Қытайдағы саясаткерлердің өздері сынай бастады. Алайда күн санап қатайып келе жатқан қоғамдық тәртіп, ондай ашық ойлы азаматтарды жазаға тартуға құлшына кірісуде. Тек қана Гонконгтағы халықтың қарсылығы ғана жалғасын тауып жатыр. Осындай болжамдар мен туындаған күдіктерден кейін, Қытай конституциясына енгізілгелі жатқан «өзгертулер мен толықтырулардың» маңыздылығын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Яғни сол тармақтарды лауазым иелері өз мүдделеріне қолданбайды деу қиын. Ал оның мемлекет үшін, әлемдік саясат үшін пайдалы немесе кері ықпалы уақыттың еншісінде болмақ.

Ерқазы Сейтқали

(173)