Жыл құсындай жағымды жаңалық әкелген — үндеу

Сонымен,  «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде не айтылды. Қысқаша шолу жасап көрелік.

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру».
Бұл үшін Президент «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Онда жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет деді елбасы.

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».
Бұл бастама жүзеге асуы үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1% салық алуды ұсынылды. Бұл айына минималды есептік көрсеткіштің 25 есе көлемінде жалақы алатын азаматтарға қатысты қолданылатын болады. «Мұндай төмендеу арқылы қаражаттың салықтан босатылуы олардың еңбекақысы ұлғаюына бағытталуы керек», — деді Елбасы.

Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Ол үшін 2018-2019 оқу жылдары жыл сайын берілетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлінетін болды. Оның 11 мыңы, егер одан да көп қажет болса, сұранысқа ие бакалавр бөліміне техникалық мамандықтарға бөлінбек.
«Сондай-ақ мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», — деді президент сенімді түрде.

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту».
«Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді», —деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр деген президент, солтүстік өңірлерді газдандыру мәселесін көтеріп, кемінде бір жарым жыл ішінде Астанаға газ әкелінуі керектігін қадап айтты. Оның экологиялық пайдасы мен тиімділігі айтпаса да белгілі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев қос палатаның бірлескен отырысын жабар тұста елін сүйер азаматтардың тұла бойын шымырлатар өрелі ой айтты.
«Табысымызды еселеп, тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, берекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Мұны айтып өткенім, аумалы-төкпелі дүниенің ортасында жүріп жатырмыз. Ежелден ата-бабамыз екі империяның арасында өмір сүріп келе жатыр, халық неше түрлі қияметті көрді. Қазір құбылмалы заман, қай жақтан не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан жұдырықтай жұмылған рухы биік халықты ешкім алмайды. Мәселе халықтың көптігінде, аздығында емес, мәселе адамның қуаттылығында, сауаттылығында емес, мәселе рухани бірлікте. Жан аямай не тәуелсіздік, не өмір жоқ деген қағидамен өмір сүруіміз керек. Жастарды солай тәрбиелеген жөн және осы жерде олқылықтар бар. Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне ел мен жердің иесі ретінде қазақ жауапты», — деді Елбасы. Бұдан асырып не айтуға болады ағайын?!

Нағашыбай Қабылбек

(21)