Дәрі-дәрмектен пайда көргендерге тықыр таянды

Фармацевтика саласындағы былық-шылық қоғамда көп айтылып жүр. Баяғыда төменгі жақта ғана сыбырлап өкпе-реніш орайында айтылса, бүгіндері асқынған ауру секілді жоғары жақты да баурап, дендеп барады. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев мына сөздері дәлел. «Халықтың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты наразылығы әлі де басылмай тұр. Маған осы мәселе бойынша депутаттардан да, қоғамдық ұйымдардан да сауалдар жиі түседі. Соған қарағанда, науқастарды дәрі-дәрмекпен дұрыс қамтамсыз етпейді. Препараттар берілмесе де, қағаз жүзінде берілді деп жаза салады. Тегін дәрілерді ақшаға сату фактілері де бар. Сосын дәрігерлер пациенттерді дәрі-дәрмектерді сатып алуға міндеттейді екен. Ондай мекемелердің басшыларына қатысты қатаң шаралар қолдану қажет», — деді ол Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген мәжілісінде.
Үкімет басшысының орынбасары жергілікті биліктің уәжін де еске алды. Әкімдердің сөзіне қарағанда, жылдың аяғына дейін барлық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржы жетіспей жатады. Алайда тексеріс кезінде препараттардың қағаз жүзінде көптеп жазылатыны анықталды. Ал шын мәнінде, ол дәрілер таратылмайды. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар тым көп тапсырыс беріп отырады-мыс.
«Мәселен, кейбір аймақтарда артық жазылған дәрі-дәрмектердің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 50-60 процентке көп болып тұр. Денсаулық сақтау басқармалары осы мәселеге назар аударуы қажет. Мен тиісті тапсырманы бердім. Сәуір айының аяғына дейін барлық облыстарда ревизия өткізу керек. Содан кейін біз нақты қай өңірде қанша дәрі-дәрмектің жетіспейтінін анық көретін боламыз. Негізі, жыл сайын берілетін ақша бұрын бәріне жетіп тұратын», — деді Досаев өз сөзінде.
«Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, халық арасындағы наразылықтар да билік басына жетіп тұратыны Үкімет басшысының жанайқайынан аңғарылып тұр. Әлемдегі жаңалықтарды дер уақытында жеткізетін интернетпен қаруланған әлеуметтік желі, аспан мен жердің арасын теңестіріп қана қоймай, билік пен халықтың арасын да қол жетімді қыла бастады. Шүкір дейік.

Нағашыбай Қабылбек

(4)