Бұл — азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолы

Парламент Сенатының депутаты Серік Бектұрғанов: Парламент Палаталарының бірлескен отырысында айтылған Президенттің бес бастамасы миллиондаған азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға теңдессіз әсер ететіні сөзсіз.

Осы орайда, барлық қазақстандықтар Президент ұсынған бастамаларды бірауыздан қолдайтынына сенімдімін. Елбасымыз әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу жолдарын ұсына отырып, олардың нақты есептеулерге негізделгенін және қаржылай қамтамасыз етілетінін айтты. Бұдан басқа, олар мультипликативті нәтижеге ие болады. Атап айтқанда, құрылыс саласын дамытуда тұрғын үй несиесінің қолжетімділігі бастамасы, шағын және орта бизнесті дамытуда азаматтарға берілетін микронесиелеуге бөлінетін соманы арттыру, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мен жоғары білім алуға бөлінетін гранттар көлемі мен қаржыны ұлғайту, жаңа газқұбыры салынатын өңірлерде экологияны жақсарту және тұрғындардың тұрмыстық мәселелерін шешу.
Елбасы ұсынған көлемді идеялар бір күнде туындамаған. Олар туралы сөз қозғау бір бөлек те, оларды нақты шешу үшін Президентіміз негіз қалыптастыратын маңызды бастамаларды ұсынып отыр. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтай отыра экономиканы жоспарлы түрде дамыту арқылы Елбасы аталған күрмеуі қиын мәселелерді шешудің негізін нық қалыптастыра білді.
Қазақстанның ұстанып отырған жолы — азаматтарымыздың әл-ауқатын жоспарлы арттырудың, тұрақты қоғам қалыптастырудың, ортақ мақсаттарға қол жеткізуде күш-жігерді біріктірудің жолы.

Нағашыбай Қабылбек

(6)