Балтық елдері мен Еуроодақтың арасындағы сызат

Бұған Литва премьер-министрі Саулюс Сквернялистің Вильнюстің Мәскеумен қарым-қатынасын жақсарту қажеттігі Балтық жағалауындағы аталмыш елдің өз ішіндегі шешуі қиын мәселелерден туындап отыр деп мәлімдеуі дәлел болатын сынды. Соған қарағанда Балтық елдерінің бәрі демесек те, Литваның Ресеймен тіл қатысуының әуені өзгере бастағандай әсер қалдырады.  Ел премьер-министрі С.Сквернялис айтқандай, бүгіндері Мәскеумен ешқандай қарым-қатынасы жоқ Литва Еуроодақ құрамындағы ғажап мемлекет болып саналады. Ал аталған одаққа кіретін басқа елдер аз болсын, көп болсын, Ресеймен кеңауқымды экономикалық мәселелер бойынша белсенді ынтымақтастық орнатып, орыстармен жұмыс істеуге ден қойған. 

Осыған байланысты өз пікірін білдірген бас уәзір: «Литваның Ресеймен байланысын қалпына келтіруіне атүсті қарамау керек, ресми Вильнюс Украинаға, сондай-ақ Минск келісімін бұлжытпай орындау мен адам құқығын сақтау сынды сыртқы мәселелерге қатысты саясатында өзі ұстанған көзқарастан тайқымайды», — деген-ді. Премьер-министрдің пікірі ел президенті Дали Грибаускайтенің айтқанымен де үндеседі. Ол өткен жылы берген өзінің қорытынды сұқбатында: «Вильнюске Мәскеумен соғысудың еш қажеті жоқ, керісінше, бізге Кремльмен сауда-саттық саласында ынтымақтастық орнату керек», — деген болатын. Литва ресми Киевпен польша-литва-украина бригадасын құру жобасы бойынша әскери ынтымақтастықты орнатуға пейіл білдіріп отыр. Мұндай көзқарас литвалық саясаткерлердің әлімсақтан бергі ой-арманы болып табылады. Сарапшылар пікірінше: «Литвалық бұл идеяның мәні Ресеймен қарым-қатынасты саяси және экономикалық деп бөлу қажет, шын мәнінде ол тек Литваға ғана емес, Балтық жағалауы елдерінің бәріне қатысты», — деуге келіп саяды. Балтық елдерінің саясаткерлері бұрындары: «Ресейді үнемі сынай беру керек, мәселе Мәскеудің сыртқы иә ішкі саясатына қатысты бола ма, бәрібір. Бірақ аталған елмен тиімділігі зор экономикалық қатынас орнатқан абзал», — деп санаған.
Балтық елдері Ресейге қатысты бұл көзқарасты бұрыннан бері ұстанып келеді. Оған өз атына қаншама сын жебесі атылғанына қарамастан ресми Кремльдің Балтық елдерімен сауда-экономикалық қатынас орнатып келе жатуы түрткі салған сияқты. Содан да болар, Балтық елдерінің басшылары Ресеймен сауда-экономикалық қатынас орнату астарынан өзіндік ерекшелігі бар түйін жасайды. Олардың ойынша, Ресей Балтық елдерінің порттары мен басқа да транзиттік жолдарын Батыс елдеріне шығу үшін Кеңес дәуіріндегідей пайдалана беруі, сондай-ақ олардың ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алуы қажет-мыс. Бұл көзқарас Балтық елдері ғана емес, украиналық саяси элитаға да тән. Сондықтан Мәскеудің 2014 жылы енгізген шектеулері аталған елдердің бәрі үшін кездейсоқ, мүлде күтпеген жағдай болатын. Өйткені Балтық елдері өткен ғасырдың 90-ы жылдары өз өнеркәсіптері мен энергетикаларынан бас тартқандықтан, Ресей транзиті мен Ресейге жергілікті азық-түлік өнімдерін экспорттау аталған елдердің табыс көзінің аса маңызды тетігі саналған-ды. Бірақ Мәскеу кез келген сырт елмен қарым-қатынаста саясат пен экономика бір-бірінен бөлек өмір сүруі мүмкін емес деген тезисті басшылыққа алып, прибалттардың айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген.
Сөйтіп, Балтық елдері басшыларының жымысқы ойлары жүзеге аспай, жөргекте жатқан кезінде-ақ жантәсілім еткен-тін. Себебі Мәскеу: «Еларалық қарым-қатынас иә бар, иә жоқ, болмаса ол дұрыс, не дұрыс емес», — деген шынайы саясатты ұстанған. Ол орынды да, өйткені, егер Ресей Балтық елдері ұсынған формуланы қабыл алса, Кремль Балтық елдерінің транзитін қаржыландыру мен олармен басқа да сауда-саттықпен айырбас жасау арқылы өзіне қарсы және орыстан қорқуды уағыздайтын насихатты қаржыландырып, әрі сол арқылы аталған елдердің орыс тілді халқына жасалып отырған қысымды қолдаған болып шығар еді. Балтық жағалауында орналасқан Литва, Латвия және Эстонияның осы формулаға қайта оралып соғуы заңды, себебі олар бүгіндері Брюссельдің аталған еуропалық аймақтан іргесін аулақ сала бастағанын айқын көріп отыр. Аталған процесстің мәніне келсек, Брюссель Еуроодақтың жаңа қаржылық жоспары іске асып, ол 2020 жылы жүзеге аса бастаған кезде Балтық елдеріне соңғы он жыл бойы Еуроодақтан көрсетіліп келген қаржылай көмекке мойын созуды ұмытулары керек деген ишаратты алдын ала жасап жатыр. Соған қарағанда, Еуроодақ Балтық жағалауындағы үш мемлекет халық шаруашылығының өміршеңдігін өздері реттейді деген сенімдерінің іске аспағандығына өкініп қалған сыңайлы. Литвалықтар Брюссельдің көз алдында өздерінің жағымды имиджін қалыптастырып: «Біз Ресеймен қарым-қатынасымызды дамытуды көздейміз, бірақ оған ресми Кремль ыңғай танытпай отыр», — деген қитұрқы айлаға барып отырған сынды. Кім кімді алдап соғарын, кімнің неден ұтыларын алдағы уақыт көрсетпек.

Ермек Сахариев

(16)