А.Полторанин Олимпиадада жіберген есесін қайтарды

Осы апта Қазақстан спорты үшін қуанышты хабарлармен басталды. Ең алдымен қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қысқы Олимпиада ойындарынан кейін Финляндияның Лахти шаңғы спорты кешенінде өткен Әлем Кубогының тоғызыншы кезеңінде топ жарып, жеңіс тұғырына көтерілді. Отандасымыз кіші әлем біріншілігі саналатын бұл сайыста 15 шақырымдық қашықтықты классикалық әдіспен жүгіруде қазіргі әлем спортшылары арасында өзіне тең келер ешкім жоқ екенін кезекті рет дәлелдеп берді. Аталған қашықтықты 33 минут 11,9 секундта бағындырған ол қарсыластарының бәрін қар қаптырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысын бағындырды. Олимпиада қарсаңында өткен жарыста да Алексей осы қашықтықта топ жарып, бірінші орын алған болатын. Өкінішке орай, жуырда ғана аяқталған Пхенчхандағы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында Алексейдің оң жамбасына келетін осынау 15 шақырымдық классикалық әдіспен жүгіріп өту сайысы жарыс бағдарламасына енгізілмеген болатын. Егер ол Ақ Олимпиада бағдарламасына енгізілгенде, Қазақстан құрамасының қоржыны Юлия Галышеваның «жетім» жалғыз қола медалімен ғана емес, Алексейдің саф алтынымен толығар ма еді, қайтер еді? Өкінішті-ақ. Ал бұл жолғы шаңғы бәсекесінде күміс жүлдені ресейлік шаңғышы Александр Большунов иеленсе, қола медальға фин Ийво Нисканен қол жеткізді. Бұл екеуі де Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында марафон жарысында олжа салған саңлақтар. Онда фин — алтын, орыс жігіті күміс жүлдегер атанған.

Ермек Назым

(4)