Астананы үлкен тарту-таралғы күтіп тұр

Жыл басында әкімдердің халыққа есеп беруі үйреншікті жайт. Көптеген келелі мәселелердің де шешімін табары осы тұс. Кім не істеді? Алда қандай жағымды жаңалықтар бар. Бюджет қаржысы қаншалықты игерілді? Мұның бәрі, әрине әкімнің баяндамасында, тігісі жатқызылып, астары көрінбей айтылатыны да белгілі.
Бізге жеткен мәліметтерге сенсек, елорда әкімінің халық алдындағы есептік кездесуіне 2,4 мыңға жуық адам қатысыпты. Бұл көрініс, көкейтесті проблемалар аз емес деген ойға жетелейді адамды. Сосын бұл шараға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің қатысқанын да айта кеткеніміз жөн.


Сонымен өткен жылы шешілуі тиіс күрделі мәселелердің бірі — Талдыкөлге құйылған сарқынды судың иісін жою болатын. Өйткені қысы-жазы жел күйшейгенде Астананы сасық иіс «тұншықтырып», тұрғындардың тынышын кетіріп, мазасын алатыны бар. Бұл проблеманы Елбасының өзі көтеріп, Астана әкімін Талдыкөлдің жағасына кигіз үй тігіп жатқызу керек деп сынағаны ел есінде. Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев халықпен есептік кездесу барысында Талдыкөлге ерекше тоқталды. Себебі Президенттің ащы сынынан кейін, Талдыкөлдің жағасында сасық ауаға тұншығып, масаға таланып жатқандай күйге түскені анық.
Атап айтсақ, 2018 жылы осы бағытта жұмысты жалғастыру жоспарлануда екен. Қайта 48 км ұзындықты құрайтын магистралды су құбыры жаңғыртылыпты. Бірінші сорғы стансасын жаңғырту және әскери қалашықтан кәріс суын ағызуға арналған канализациялық коллектор сорғы-сүзгі стансасын салу, көктемгі су тасқыны кезінде кіші Талдыкөлдегі су деңгейін ұстап тұру да басты назарда секілді. Бұл жобалардың жалпы құны 68 млрд. теңгені құрамақ. Оларды іске асыру үшін 2018 жылға 9 млрд. теңге қарастырылған.
Әйтсе де, Әсет Исекешевтің сөзінше, бірінші кезекте Алматы, Сарыарқа аудандарындағы тозығы жеткен құбырлар ауыстырылады. Осы объектілердің жалпы құны 8 млрд. теңгені құрайды, 2018 жылға 3 млрд. теңге қарастырылған.
«ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде қаланы тұрақты және үздіксіз ауызсумен жабдықтау үшін 2017 жылы қысқа мерзімде ұзындығы 2,5 км құрайтын магистралды су құбыры салыныпты. Бұл түсінгенге ЭКСПО-ның арқасында болған жетістік!
Ел арасында Астана тұрғындары 2 млн-нан асып кетті деген жел-сөз айтылып қалады. Бұл туралы құлағдар болса керек, халыққа есеп беру кездесуінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев: «Елордада қазіргі таңда 1 млн. 200 мың адам тұрақты түрде тұрып жатыр», — деп бұл қаңқу сөзге нүкте қойды. Әрине, Астана төңірегіндегі саяжайларда тіршілік кешіп жатқан адамдардың бұл тізімде бар-жоғын бізге тап басып айту қиын. Алайда олардың да астана тұрғындарымыз деп кеуделерін керіп сөйлейтінін қайда қоямыз?
«Астана тез дамып келе жатқан қала. Адам саны өсуде. 1 млн. 30 мыңнан астам адам тұрады. Өткен жылы тағы 233 мың адам уақытшаға тіркелді. Демек, қалада тұрақты түрде 1 млн. 200 мың адам тұрып жатыр. Бұл сан жыл сайын өсуде. Сондықтан әлі де болса шешілмей жатқан мәселелер бар. Дегенмен, өткен жылы барлық әлеуметтік-экономикалық индикаторларға қол жеткізілді. Бұған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі зор әсерін тигізді», — деді әкім.
Демек, жаңа теміржол вокзалының, әуежайдың, жаңа кәріз жүйесінің салынуына, тағы да астын сызып айтамыз, ЭКСПО-ның тигізген пайдасы орасан зор. Ол болмаған күнде қаланың бүгінгідей қарыштап дамуы мүмкін бе еді? Кім білсін? Айтпақшы, әлемді тамсандырған көрме өткен кезінде Астанаға 5 млн. адам келіп, 47 мейрамхана, 36 отель ашылғаны расымен-ақ мақтауға тұрарлық жетістік!
Соңғы 10 жылда қала тұрғындарының саны 400 мыңға өскені де баяндамада айтылды. Салыстырып көрсек, халықтың осынша саны Павлодардың немесе Өскеменнің тұрғындарымен бірдей көрінеді. Яғни, осының бәрі де бізге дамудың даңғыл жолын табуды талап етіп отырғандай.
Астананың 20 жылдығы да төбесін көрсетіп тұр. Астана — барлық өңірдің ағасы емес пе? Оған жасалар сый-сияпат та өзгеше болары сөзсіз ғой!
Елорда әкімі Әсет Исекешевтің халықпен есептік кездесуінде белгілі болғандай, бас қаланың биылғы мерейтойына аймақтар бір-бір әлеуметтік маңызға ие нысандарды салып бермек.
Атап айтқанда Ақтөбе облысы «Бейбітшілік қақпасы» композициясын, Алматы қаласы 240 орындық балабақша салуды, Алматы облысы Арай саябағы базасында спорттық-сауықтыру қалалық паркін, ал Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салуды көздеп отыр екен.
Ал Шығыс Қазақстан облысы биыл шілде айында ашылатын Ботаникалық саябаққа жарықты-музыкалық фонтан салуды, Қызылорда облысы «Космос» тақырыбына ашық алаңы бар гүлзар мен экспозиция тартуды жөн санаған.
Биыл елордада «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі мен жаяу жүргіншілер бульвары пайда болады. Бұл — Астанаға Қарағанды облысының дайындап отырған сыйы.
Батыс Қазақстан облысы Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында гүлзар салмақ, ал Маңғыстау облысы Достық үйін қайта жөндеу құрылыстарын жүргізеді, сондай-ақ ОҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары есебінен қалалық саябақтан бастап Ильинка кентіне дейін қашықтығы 56 шақырым веложол салынады.
Әсет Исекешевтің айтуынша, Астананың 20 жылдық мерейтойында елордада 645-тен астам мәдени-бұқаралық шара өткізу жоспарланып отыр.

Нағашыбай Қабылбек

(23)