Аналарымызды қорғай алмағанымыз — ұлтымызды да қорғай алмағанымыз

Аналарымызды қорғай алмағанымыз — ұлтымызды да қорғай алмағанымыз

немесе біздің әйел затының, жо-жоқ, еркектердің 7 кемшілігі

Шынында да қазір ұлтымыздың азғындауы нағыз шырқау шегіне жетті. Бұған кім кінәлі? Еркектер ме, әлде қыздарымыз ба? Әрине, бұған біз — еркектер кінәліміз. Аллам әйелдерді Адам атаның қабырғасынан жаратқан. Әлсіз, нәзік аруларымызды содан бері еркектер қорғауы қажеттігі өмірде нақты дәлелденген. Оған ешкім, еш еркек дау айта алмас деп ойлаймын.
Біздің қазақ еркектері әйелімізді, қыздарымызды қорғай алып жүрміз бе? Жоқ! Кесіп айтамын, қорғай алмай қор болып жүрміз ғой. Себептерімді, дәлелдерімді, кемшіліктерімізді тізіп өтейін.

1. Елімізде аралас неке көп. Әсіресе қыздарымыз мың-мыңдап өзге ұлттардың құшағында кетіп жатыр. Көз алдымызда жат елдердің еркектері менің, сенің қарындасымызды, қызымызды өздеріне жар етіп, иемденіп мәз! «Әй, бұларың не, шаңыраққа қараңдар!», — деп оларға айттық па? Жоқ, әрине. Кеңес өкіметі кезінде ғана емес, осы тәуелсіздік жылдарымыздың өзінде мыңдап кетті қайран қаракөз аруларымыз өзгелердің жетегінде. Бұл неліктен? Тәрбиеден бе? Иә, қызымыздың көкірек сарайына біз намысты еге алмадық. Түркіменстандағы еркек кіндіктілер: «біздің қызымызды алсаң пәлен мың доллар төлейсің!», — деп өзге ұлттарға қатаң талап қойды. Бұл қыздарды сату ма? Жоқ, тосқауыл қою.ондай жоғары бағаны шетелдіктер көтере алмайды. Ең болмаса біз неге осы әдісті қолданбаймыз? Бірен-сарандарымыз болмаса көбімізде ездік мінез бар. Өз жерімізде, өз елімізде қожайындық мінез таныта алмай отырмыз. Соның ең бастысы әйелдерімізді өзгелердің иеленуі. Қосыласыз ғой бұған?

2. Қазір жезөкшелік белең алды. Бұған мемлекетіміз де, заң орындары да кедергі жасай алмай отыр. Ал еркектер, біздер бұған қарсы келмек түгілі анайы айтқанда осы имансыздықты қолдайтын сияқтымыз. Меніңше, бұл нағыз зұлымдық! Осы қара жолда жүрген нәзік жандылардың дені әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары төмендіктен осы жолға түскені анық. «Жезөкше» деген жаман атқа ие болып жүрген кімдер сонда? Олар — біздің қызымыз, қарындасымыз, қандасымыз. Яғни олар болашақ ана болатын, ұрпақ көбейтетін аяулы жандар еді. Біз оларға осы жағынан қарауымыз керек болатын. Жанашырлығымыз осыдан бастау алғаны жөн болатын. Мінеки, біз тағы да әлсіздік, бейшаралық, қауқарсыздық танытып отырмыз. Сонау лауазымды орындарда отырған еркек кіндіктілерден бастап көз жұмып, көрмегенсиміз. Біздіңше, ең жаман нәрсе осы. Немқұрайдылық, бой-күйездік, ештенеге жаны ашымау түбімізге жетеді деп қорқамын.

3.  Жасанды түсік тастау жөнінен әлемде «алдыңғы» орындамыз. Ұлтымыздың санын көбейтпей тұздай құртып отырған осы зұлымдықтың етек алуына мемлекетіміз пәрменді тосқауыл қойып, пәрменді жұмыстар жүргізуді жүзеге асыра алмай отыр. Жап-жас қыздарымыз оң жақта отырып екіқабат болып қалуы үйреншікті нәрсеге айналды. Негізі бұдан өткен ұят, бұдан өткен масқара жоқ. Ең жаманы отбасымызда мұндай оқиғалардың болуы тағы да еркетеріміздің намыссыздығы дер едім. Әрине, бұған балалардың жәрдем ақысының аздығы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың әсер етіп отырғаны сөзсіз. Ең бастысы біздің намыссыздығымыз. Әйтпесе жасанды түсік тастау зор қылмыс екенін бәріміз білеміз ғой. Әрине, бұл қылмысымызға қыздарымыздың нәрестелерін босана салып әр-әр жерге тастап кету де жатады. Тағы да бұған көзжұмбайлықпен қарап, түк білмегенсіп отырғанымыз анық.

4. Тағы бір ұшынып тұрған мәселе нәзік жандылардың жартылай жалаңаштануы. Бұрын қып-қысқа көйлек киіп санын жалтыратып жүру модаға айналса, қазір жас қыздардан бастап сар қарын әйелдерге дейін емшектерін салпылдатып, қарнын жалтыратып, иықтарын жалаңаштануы күнделікті үйреншікті көрініске айналды. Атақты әншілер, әртістер иығын, кеудесін жалаңаштамай сахнаға шықпайтын болды. неге оларға тыйым салмаймыз? Неге біз бастысқа еліктеуге тиіспіз?

5. Көшеде темекісін бұрқыратып, сырасын ұрттап тұрған бойжеткендеріміз Еуропаны да, Американы да артқа тастап кеткен сыңайлы. Шаштарын бос жіберіп жалпылдатып жүрген қыздарымыздікі қандай мода? Дәстүріміз бойынша бұлай ету күйеуі қайтыс болған келіншектерге ғана тән нәрсе емес пе еді? Шалбарларын жыртық, тесік етіп киіп алған аруларымыз көшеде өріп жүр. Қазір ешкімнен қымсынбастан бір-бірімен сүйісіп отырған бойжеткен мен бозбаланы көргенде ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың.

6. Пойыздарда, автобустарда, үйде, түзде адамдардың көзінше кеудесі ашық-шашық нәрестесін емізіп отыратын аналарды көреміз. Ұяласың ба, ұялғанда қандай? Кейбір кербез келіншектер, тіптен атақты әнші, әртіс қыздарымыз үйлерінде сұлу, сүйкімді ит пен мысық ұстап, олардың беттерін жалап отырады. Сонда олардың қарапайым гигиенаны білмейтіндігіне таң қаласың.

7. Қоғамдық орындарда аузына не келсе соны оттап, орысша мен қазақшаны сапырылыстырып отыратын келіншектер де бар. Орысшаны жетік білмесе де сол тілде шүлдірлейтін намыссыз қыздар көбеймесе азаятын емес. Кірпіктері найзадай, жасанды қастары бояудан жасалған, тырнақтары сояудай қыздарымызға жігіттер неге ғашық болмайды? Осы көкейтесті мәселелерді олар неге ойланбайды екен?

Қадірлі бөріктілер! «Бөріктінің намысы бір» дегендей, біздің аруларымыздың осы 7 кемшілігіне (тізбелей берсек бұдан да көп болуы мүмкін) мына біз, еркектер кінәліміз. Қыздары, әйелдері теріс жолға түскен, бұзылған (әрине бәрі емес) елдің болашағы жоқтығын, ол мемлекеттің біртіндеп жер бетінен жойылатынын бізден де бұрын небір ғұламалар, даналар айтып кеткен. Еркегі намыссыз, рухсыз, мінезсіз халықтың қыздары имансыз, ұятсыз, тәртіпсіз болатынын өмір дәлелдеп жатыр. Әрине, тура төл мерекесі күні кемшіліктерін тізбелегенімізге қыздарымыздан, аналарымыздан кешірім өтінеміз. Қадірлі арулар! Тағы да қайталап айтамын бұлар сіздердің кемшіліктеріңіз емес, біздің, еркектердің кемшілігі. Біз сіздерді әрқашанда сұлу, ақылды, кербез, иманды қалыпта көргіміз келеді. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, өкінішке қарай біз айтқан кемшіліктер аясында базбір қарындастарымыз кездесіп қалады. Олар болашақта азаяды деп сенейік. Бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздердің қастарыңыздан намысты, рухты еркектер көбейе берсін! Халқымыз аман, береке-ырыздық мол, бейбіт өмір болсын!

Ертай Айғалиұлы

(10)