Мұрнын тесіп жетелеген тайлақтар

Жүргенге жөргем іліне бере ме? Жақында бір сапардан оралып келе жатып, лаңкестер мен қаскөйлер өтіп кетпесін деп тексеріс-тосқауыл бекетінде байырғы танысым кездесіп әй-шәй жоқ бізге дүрсе қоя берді. Бұрынғы өзіне тән сыпайылықтан мүлде із қалмағандай. Тағы да есіте-есіте құлағымыз жауыр бола бастаған тіл мен діл туралы күйзеліс толғанысын білдіріп тұр.
— Қашанға дейін мұрнын тесіп, жетелеген тайлақтай бастарын салбырап жүре бересіңдер? Бүйректен сирақ шығарып жатқандарға әу демей.
Сөзінің жаны бар сықылды. Шыдамының жеткен жері осы шығар.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті десек төбеміз көкке жеткендей кеудемізге нан пісіп делиып қаламыз. Сәл-пәл ойлансақ қайтеді? Шығыс Қазақстан да, мемлекет те, тіпті техника да Д. Серікбаев атында болатындай кім еді ол? Еуразия мен ұлт Л. Н. Гумилев атында ма? Оңтүстік Астанада А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институты бар. Бұнда көптеген білікті мамандар жұмыс істейді. Солардың біреуі бұны неге ойламайды? Қаншама ұлт ұстазы болғанымен Ахаң жарықтың алдында тұратын тіл білімінен үлкен дейсіз бе? Біраздан бері Алматыда С. Бегалин атындағы қалалық жасөспірімдердің кітапханасы кішкентай оқырмандарға есігін ашып келеді. Бажайлап қарасақ, қалалық та, жасөспірімдер де С. Бегалин атында болғаны ма? Жоқ. Және де жоқ. Еуразия да, мемлекет те, ұлт, Тіл білімі мен жасөспірімдер де әлдекім атында емес. Егер ынты-шынтымен бергіміз келсе, дұрысына көшіп Еуразия ұлттық Л. Н. Гумилев атындағы университеті, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық Д. Серікбаев атындағы университеті десек кімнің аузы қисайып қалады?
Осы қызды-қыздымен түгел Түркі әлемінің кіндігіндегі университет Қожа Ахмет Яссауи атымен ат алыпты. Қош! Туралылығын айтсақ, құдайылығы — Түркістан халықаралық қазақ-түріктің Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеті емес пе?
Бұдан еліне еңбегі сіңген қайраткерлердің есімі ЖОО мен мәдени мекемелерге берілмесін деген ой тумайды, әрине. Тек жөнсіздіктерді айтып, тіпті кейбіреулерге көзтүрткі жеккөрінішті болып, алдыңғы кеткен арбаның қисық-қисық ізін жөндеп түзулегенше бұл күйіп тұрған мәселені тоқтата тұру керек деген тілек туындайды. Жазықтыны ешкім жазғырмайды.
Бүкіл еліміздегідей Ақтөбеде де университет көп. Саны көп, сапасы жоқ. Онда да Ақтөбе (облыс, қала) С. Бәйішев, М. Оспанов, Қ. Жұбанов атында болып жүр. Солтүстік Қазақстан М. Қозыбаев, Шығыс Қазақстан С. Аманжолов, Ақтау Ш. Есенов, Атырау Х. Досмұхамедов есімдерін иеленгеніне етіміз өліп, бойымыз үйреніп кеткені сонша тікелей көзқамандық салдарына тіксінбейтін болып барамыз. Жүйе жоқ, көбінесе тіл заңдылықтары сақталмайды. Әйтпесе, ұзында өшіміз, қысқада кегіміз жоқ. Жексұрын болып неміз бар? Әл-Фараби, Қорқыт Ата, Абай, Құрманғазы, Жамбыл атындағы университеттер мен мәдени мекемелер аз ба? Бүйте берсек олардың аруақтары ұрпақтарын кешіре ме? Ныспылары дұрыс қолданбағанына өздері де риза емес шығар. Шым-шаһарда М. О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жұмыс істегелі бірталай уақыт өтті. Олай болса, облыс та, мемлекет те бір кісінің атына тіркелгені қалай? Әдебиет пен өнер, сурет пен саз, тарих пен жағрапия, опера мен балет атауымен атамайтын бірсыпыра өркениеті өркендеген елдердің тәжірибесі үлкен тәлім түйгізеді.
Таяуда ғана бір үнжарияның қызметкері сүйінші сұрағандай етіп хабар жариялады. «Үкімет қаулысымен» Павлодар (Кереку) мемлекеттік-педагогикалық институты университет дәрежесін алғаны айтылып, ғимараттың ауласында ағартушылар Ә. Сәтбаев (Қ.Сәтбаевтың ағасы), Ш.Мұсаның (Шоқанның нағашысы) кеуде мүсіні тұрғызылғанына дейін тамсана баяндалыпты. Мақұл-ақ. Ал университет С. Дөнентаев не басқа әлдебіреудің атын алар ертелі-кеш. Одан сабақ сапасы күрт жақсарып кететініне күмән күшейіп, көңілді күнті етеді. Бұл Ана тілін матаудың өрісін тарылтып, өресіне қақпан құрып аласартудың тағы бір тәсілі не деген мұң бұлты үйіріледі. Орысшадағы «имени кого-то» деген ұғымның осыншама әлек саларын кім біліпті? Үкімет тапа-тал түсте жаңсақтыққа жол беріп қайда қарап отыр? Үкімет те, Білім мен ғылым министрлігі де жөн-жосықсыз, икемсіз тәржімені қайта-қайта итермелей тықпалап көпшілікке күштеп таңуды қашан қояды? Қазіргі таңда қазақ тілінің бастан кешіп отырған азабы аздай, бұл мазағы несі? Тиісті жерлерге сөзіміз зағип болмаса көзге түсіп, керең, саңырау болмаса құлаққа жетіп, бойкүйез ұйқылы-ояу сезімді оятар деп ойлаймыз. О, Жаратқан! Өзің жар бола гөр!

Аян-Сейтхан Нысаналин 

 

(19)