«Қазақтелефильмнің» шежіресі

 Халық өзінің көңіл төріне қойып, емен-жарқын араласып жүрген адал жандардың  атын үлкен  құрметпен атап, атқарған қызметтерін үнемі ізетпен еске алып отырады.  Сондай еске алатын асылазаматтың бірі — белгілі  журналист, «Қазақтелефильмнің»  негізін  қалаушы  Тұрғанбай  Мәткәрімов еді. 

Тұрғанбай Мәткәрімов — 1928 жылы 1 наурызда Сыр өңірінде дүниеге келеді. Бертін келе отбасы Қарақалпақ өңіріне көшеді. Мектепте оқып жүріп, 14 жасынан колхоз жұмысына жегіледі. Әдебиетке аңсары ауып, шығармашылықпен айналысқан оның баспасөз беттерінде шағын әңгімелері жиі жарық көреді. 1952 жылы Нөкіс педагогикалық институтының филология факультетінің орыс бөлімінде оқиды. Қарақалпақстан Жазушылар одағында, баспада редакторлық қызметтер атқарады. 1955 – 1957 жылдары «Өзбекфильм» киностудиясында көркем және деректі фильмдерді қазақ, қарақалпақ тілдеріне аудару бөлімінің жауапты редакторы болады. 1957 жылы Тұрғанбай аға Мәскеуге Бүкілодақтық Мемлекеттік Киномотография институтына (атақты ВГИК) оқуға барады. 1961 жылы институттың киносценаристер факультетін атақты кинодраматург Каплердің шеберханасында бітіреді. ВГИК-ті бітірерде диплом жұмысы ретінде «Қырық қыз» дастаны мен Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты туралы «Торғай толқыны» киносценарияларын жазып, диплом жұмысын үздік қорғап шығады.
Ол — Орта Азия мемлекеттері арасында ВГИК-тің толық курсын бітірген алғашқы маман. Кәсіби маман ретінде алғашқы еңбек жолын 1962 жылы «Қазақфильм» киностудиясында бастаған ол тәжірибе жинақтай келе Қазақ телевизиясында бас редактор, «Қазақтелефильм» студиясының 10 жыл басшысы қызметтерін атқарады. 1985 жылы дербес «Алатау» студиясын құрып, тарих сахнасында қалған бірнеше фильмдер жасайды.
«Қазахфильм» студиясында 1967 жылдан бастап, алғашқы телефильм жасау ісі қолға алына бастайды. Кинотаспамен жұмыс істеген бұл студия өткен жиырма бес жылда екі миллионнан астам кинотуынды шығарды. Олардың мінезі деректі фильмдер болғанымен, студияда көркемсуретті және мультипликациялық кинотаспа да түсіретін. Қазақстандық телефильм шығармашылық орталығы еліміздегі өнер қайраткерлерінің таңдаулы өкілдерін киноға түсіріп, мұрағат ретінде қалдыруда ғаламат жұмыстар атқарды. Олардың ішінде Одаққа белгілі актерлер, кәсіби әнші-бишілер, дарынды әуесқой өнерпаздар болды. Осы іргелі істің бастауында Тұрғанбай Мәткәрімов ағамыз тұрды.
Оның ұйымдастырушылық еңбегінің арқасында сол кездің өзінде «Қазақтелефильм» студиясы КСРО бойынша үшінші киноөндіріс орталығына айналды. Тұрғанбай ағаның тікелей ұйымдастыруымен «Қазақтелефильм» студиясында алғашқы толықметражды «Мүслима» және «Құрманғазы» телевизиялық көркемфильмдері түсірілді. Мәскеу мектебінің тәжірибесімен театрды экрандау жұмыстары қолға алынды. Осы тәжірибе арқылы студияда «Абай», «Еңлік-Кебек» фильм-спектакльдері түсірілді. Осы жылдары оның ұйымдастыруымен студияда Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Камал Қармысов және Әзірбайжан Мәмбетов сияқты қайталанбас өнер алыптарының шығармашылық портреттері жасалып, олар телеэкранға шығарылды. Осылайша, «Қазақтелефильм» Қазақ театр өнерінің бағалы шежіресін жасады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында көріп жүргеніміздің бәрі сол өткен күндеріміздің тарихи шежіресі. Тұрғанбай ағаның атақты кинорежиссер Шәкен Аймановпен бірге Бүкіләлемдік «ЭКСПО – 69» көрмесі үшін түсірілген «Найзатас баурайында» фильмі көрермендердің сүйікті фильміне айналды.
Кемел тұлға, көреген басшы, Тұрғанбай Мәткәрімовтың ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы біз үшін әрдайым биік тұғырда болмақ. 1992 жылы небәрі 64 жасында ол ауыр науқастан дүние салды.
Тұрғанбай Мәткәрімовтің алдын көрген, тәлімін алған шәкірттері жетерлік. Ортамызда болса, бүгінде 90 атты тұғырлы биікке көтерілер ұстаздың өнегелі өмір жолы, ғибратты ғұмыры халқы үшін қашанда құнды. Бар өмірін сахнаға арнаған асыл азаматқа 1970 жылы КСРО телевидения мен радио үздігі атағы берілді. 1978 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өзі құруға атсалысып, ұзақ жылдар басшылық еткен «Қазақтелефильм» студиясына оның аты берілді.
Ол бұл өмірге текке келіп, текке кеткен жоқ. Қызметін халқына арнады. Жарасымды отбасын құрды. Шаңырағында ұл-қыз өсіріп, олардан ондаған иманды немере-шөберелер өсіп келеді.

Қосылған Әбжанов,
филология ғылымының кандидаты.

Сәбит Егінбаев,
Қазақстан Ұлттық банкінің ардагері

(21)