Мағжан құрметіне Анкарада қойылған гүл

Қазақтың ақиық ақыны, публицист, педагог, «Алаш» қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуын Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі елдері мерекелегелі отыр. Атаулы күнге орай барлық түркі әлемінде 2018 «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жарияланды. Оның алғашқы беташар шарасы Түркиядағы Кастамону және Анкара қалаларында өтті. Оннан астам елдің өкілдері бас қосқан мерейтойға Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы да қатысып қайтты.

ТҮРІКСОЙЛ халықаралық ұйымы мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бастамасы бойынша өткізіліп отырған мерекелік шара түркі әлемінің мәдени астанасы — Кастамону қаласында бастау алды. Қала тұрғындары қазақ халқының асыл перзенті Мағжан Жұмабаевты ерекше құрметтейді екен.
Ақынның мерейтойына арнайы келген қызылжарлық қонақтарға Кастамону қаласының губернаторы Яшар Карадениз зор құрмет көрсетті. Мағжанның мерейтойы аясында өткен шаралар мен кездесулер ақынның тағдыры қиын өмірбаяны мен шығармашылығын танытуға арналды. Оған зерттеуші ғалымдар, саясаттанушылар мен жазушылар қатысты.
Қазақ поэзиясы классигінің шығармалары ондаған тілге аударылған, олардың ішінде түрік, орыс, татар тілдері де бар. Ақынның 125 жылдық мерейтойына орай Мағжанның 26 шығармасы түрік тіліне аударылып, жеке жинақ болып жарық көріпті. Түрік ақыны және жыр жинағының аудармашысы Али Акбастың сөзіне қарағанда, барынша дәлме-дәл тәржіме жасау үшін ақынның жан дүниесіне тереңірек үңілуге тура келген. Аудармашы Мағжанның әлі толық зерттеліп болмағанын атап айтады.
Солтүстік қазақстандықтар өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан Кастамону қаласының губернаторы Яшар Караденизді Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ақыннның туған ауылы Сарытомарда өтетін мерекелік шараға қатысуға шақырды.
Мерейтойдың екінші күнгі шарасы Түркияның астанасы — Анкара қаласында жалғасты. Онда ақынның мерейтойына орай халықаралық симпозиум өтті.
«Жерлес ақынымыздың 1923 жылы Ташкент қаласында жарық көрген жыр жинағын өзіммен бірге ала келген едім. Біз ұйымдастырған көрмеге ақынның жеке мүліктері — құран мен қолдан тоқылған кілемше қойылды. Олардың ішінде Жұмабаевтар отбасына тиесілі ыдыс-аяқтар да бар», — дейді ақынның туған ауылындағы мұражайдың директоры Айгүл Жүнісбаева.
Түркітілді ағайындар Қызылжар өңірінің өнерпаздары — Біржан Есжанов, Қайырлы Ғафуров, Дәмеш Құрманкина орындаған ақиық ақынның сөздеріне жазылған әндерді бар ынталарымен тыңдап, олардың асқан шеберліктеріне шын жүректерімен риза болды.
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қаза болуында келер ұрпақтың шешу үшін еншісіне қалып отырған құпия мол. Анкарада өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақын туралы бұрын белгісіз болып келген көптеген фактілер жұрт назарына ұсынылды.
«Біз 1927 жылы деп көрсетілген Мағжан Жұмабаевтың қолжазбасын таптық. Онда ақын туған жылын — 1893 жылғы 7 қараша деп көрсетіпті. Бұл бағалы жәдігерді танысу үшін, Анкараға әдейі ала келдік», — дейді Солтүстік Қазақстан мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова.
Түркияда ақын атында мектеп, көше және саябақ бар екен. Анкара алаңындағы мәдени шараға ақынның дарынын пір тұтатын жандар жиналды. Олар бір минут үнсіздікпен ақиық ақынды еске алып, Мағжанның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Нұрсайын Шәріп

(28)