Күйеу ақысы

Еркектің де ақылары көп. Әйел күйеуімен жақсы мәміледе болуы керек!
Заманымыздың жұмыс істеу шарттары өте ауыр, ақша табу өте қиын. Жұмыс ұжымындағы ара-қатынас та шиеленісіп жатады. Еркек көбінесе осындай ауыр жағдайлардан күйзеліп қиыншылық тартады. Шаршап-шалдығып, стреске ұшырап, үйіне әбіржіген күйде келеді. Ендігі бұл жағдайды түзеу, қиыншылықтарын ұмыттыру, оның көңілін көтеру, оған көмекші болу, қолдау әйелдің мойнына түседі. Осындай жағдайда үйге келген күйеуі жылы шырай мен жағымды сөз күтеді, өзіне көңіл бөлуін қалайды. Бұны да көре алмаса жағдайы одан төмен түсіп кетеді. Сөздері, әрекеттері де өзгереді. Ислам ғалымдары «үйінде тыныштығы болмаған еркек дүние Жаһаннамында жүргенмен тең» деген.
Осыншама азапта жүрген адамнан әртүрлі нұқсан әрекеттер күтуге болады. Әйел онсыз да толып келген жүйке ыдысын тасытатын соңғы тамшы болмау керек. Керісінше дереу жылы шырай танытып, көңілін аулауға кірісуі керек. Оны түсінуге тырысуы, сабыр етуі керек. Ол үйде болған кезде үй тірлігіне де қарамау керек, оның көңілін көтеріп оны қуанту керек. Үй тірлігі т.б. жұмыстарды ол болмаған кездерде жасауы керек.
Тұрмыстағы әйелдерге әрдайым айтатын кеңесіміз мынау: сыртқы дүние отқа толы, күйеулеріңе ие болыңдар, жақсы мінездеріңмен, жылы сөздеріңмен, дәмді тағамдарыңмен, үй тазалығы, тиянақтылығымен немесе күйеулерің ұнататын амалдар арқылы оны үйге байлаңдар. Ол үйге қарай қадам басу үшін жанталасып асығатын болсын. Ұяны ұрғашы құс жасайды, үйді де үй ететін әйелдер осыны ұмытпаңдар.
Ислам ғалымдары «шайтан кәпірлермен емес, мұсылмандармен әлек» деген. Нәпсіміз қатты құтырады. Қалай құтырады? Орануға, намазға, дұрыс сенімге қарсы құтырады. Шайтан әскерлерін таңертеңгісін жіберіп кешке есеп алады екен. Біреуі намазын бұздырдым десе, жарайды депті. Біреуі оразасын бұздырдым десе, оған да жарайды депті. Біреуі харам жегіздім дегеніне де жарайды депті. Басқа біреуі күйеуі мен әйелін араздастырдым дегенде шайтан қуанып, орнынан атып тұрып жарайсың депті, маңдайынан сүйіп ең үлкен істі сен атқардың, араздасатын болса қалғанының бәрі уақыт өтуімен бұзылады деген екен.
Сондықтан әрдайым сақ жүру керек, шайтан мен нәпсінің мұндай әрекетіне жол бермеу керек.

Ануар Байсейтов

(28)