Асқар Мырзахметов: Игеруге жарамды жерлерді пайдалана алмай отырмыз

Жамбыл облысының тізгінін Асқар Мырзахметов алғалы қай салада болмасын жұмыс жаңаша жүйеге түскені жасырын емес. Бұрынғыдай жиындарда ұзын-сонар баяндамалар тыңдалмай, нақты қордаланған мәселелерге басымдық берілуде. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен аймақ басшысының есепті жиынында да жаттанды сандардан гөрі негізгі түйткілдер төңірегінде әңгіме өрбіді. Және Асқар Исабекұлы жыл ішінде жеткен жетістіктерімізбен қатар кемшіліктеріміз бен алда тұрған мақсатты міндеттерімізді де жан-жақты баян етті.

— Құрметті облыс тұрғындары! Өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталды. Есепті кезеңде 368 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өсім 1,8 пайызды құрады.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 13,0 миллиард теңге инвестиция тартылып, 10 жоба жүзеге асты. Бұл жаңа 716 жұмыс орнын құруға мүмкіндік туғызды. Десе де, былтыр кейбір кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендегені байқалады. Мысалы, қант өндірісі 22 пайызға кеміп, соның салдарынан тамақ өнімдерінің өндірісі 17 пайызға азайған. Ал Амангелді газ өңдеу зауытының нақты көлем индексі 52 пайызды көрсеткен. Бұған себеп — өндіріс орнында жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүріп, шикізатты өңдеуге тапсырыстың азайғаны болып тұр. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін экономиканың барлық секторында тұрақты бақылау, талдау жүргізілуі тиіс.

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейеді

Бұдан кейін өңір басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайына тоқталды.
— Өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мың бірлікке жетіп, 9 пайыздық өсімді көрсеткен. Ал олардың тарапынан 285 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 0,7 пайызға артық орындалған. Статистикалық көрсеткіштер жақсы.

Арнайы аграрлық аймақ құрылады

Облыс әкімі баяндамасында басымдық берген тағы бір бағыт — аграрлық сала болды.
— Өткен жылы ауылшаруашылығында 255 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,5 пайызға жетті. Салаға салынған инвестиция көлемі 24,7 миллард теңгені құрап, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 11,8 миллиард теңге субсидия төленді.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауылшаруашылық дақылдары орналастырылған алқаптар 6,2 пайызға артып, биыл ауылшаруашылығы дақылдарын 650 мы ңгектарға орналастыруды межелеп отырмыз.
Асқар Мырзахметов игеруге жарамды жерлерді игілікке пайдалана алмай отырғанымызды да баса айтты.
Алда тұрған тағы бір үлкен міндет — ол тұқым сапасын жақсарту болып тұр. Асқар Исабекұлының айтуынша, облыста 10 аттестатталған ауылшаруашылығы субъектілері жоғары репродукциялы тұқым өндірумен айналасып отырып және тұқым шаруашылығын дамытуға 645 миллион теңге субсидия қаралғанымен өңірде себілетін тұқымдардың 90 пайызының сақтау мерзімі 10 жылдан асып кеткен екен.
Егіктік даласын тыңайту мен минералды тыңайтқыштарды кең көлемде қолдану жағы да биыл жіті бақылауда болады.
Тағы бір қуанарлығы биылдан бастап ағын су мәселесіне де айрықша көңіл бөлінбек.

Құрылыс саласы қанат жаяды

Үстіміздегі жылы құрылыс саласы қарқынын бәсеңдетпейді. Бұл жайында да облыс әкімі ауқымды ақпар беріп өтті.
— Өткен жылы құрылыс жұмыстары 3,1 пайызға артып, 112,4 миллиард теңге мақсатты жұмсалды. Нәтижесінде 34 әлеуметтік, 25 инфрақұрылымдық және 397,5 мың шаршы метр тұрғын үй құрылыстары жүргізілді. Енді биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 320 пәтерлі 4 көпқабатты үй мен бір үлгідегі 505 жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, өткен жылдан өтпелі 13 үйдің құрылысы аяқталатын болады.
Газдандыру мәселесіне келсек, үстіміздегі жылы 11 жобаны жүзеге асыру үшін 3 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал 396 миллион теңгеге тағы 5 жобаның сметалық құжаттары әзірленуде.

Адами капитал — жаңғыру негізі

Асқар Исабекұлы денсаулық сақтау және білім саласында да шешімі кезек күттірмейтін мәселер барын жасырмады.
— Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға өткен жылы 57,1 миллиард теңге жұмсалған. Ал жергілікті бюджет есебінен саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,4 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде өткен жылы алғашқы медициналық көмек көрсететін 12 нысан бой көтерген. Биыл біз қосымша осындай тағы 9 нысанның құрылысын жоспарға енгізіп отырмыз. Ал жалпы алғанда бүгінгі күнге 82 денсаулық сақтау нысанының құрылысына сұраныс туып тұр.
Облыс бюджетінің ауқымды бөлігі білім беру саласына жұмсалып келеді. Өткен жылы 98,4 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылы оның көлемі 102,7 миллиард теңгеге жетті. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту барлық білім беру жүйесінің негізі болғандықтан, оның мәні ерекше.
Одан бөлек, биыл облыс орталығынан ІТ мектеп–лицей ашу көзделуде. Бұл жаңа білім ордасы жаңа технологиялық білім беру бағытына тың серпін әкеледі дегенге сенім мол, — деді А.Мырзахметов.
Облыс әкімі баяндамасында жастар саясатын тиімді жүргізу, жұмыссыздықпен күрес, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік сынды мәселер төңірегіндегі түйткілдердің тетігін тауып, шешу жолдарын қарастыруды да құзырлы мекемелердің назарына салды.

Тұрғындарды толғандырған мәселелер елеусіз қалмайды

Басқосу бұдан соң жарыссөзбен жалғасты. Айта кету керек, жиында талап-тілегін, ұсыныс-пікірін жеткізуге асыққан жұртшылықтың қарасы қалың болды. Мысалы, зейнеткер Сағынхан Әміреқұлов Асқар Исабекұлының алдағы жоспарларын толықтай қолдайтынын жеткізіп, есепті баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берсе, Тараз қаласының тұрғыны Алексей Мирзоев бүгінде екінші деңгейлі банктердің болғанына қарамастан, шағын несие беретін жеке кәсіпкерлердің көбейгенін алға тартып, олардың жұмысының қаншалықты заңды екенін білгісі келетінін айтты. Ал Қазақстанның Құрметті журналисті, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет руханият төңірегінде ой қозғады.
Келесі кезекте сөз алған Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберді Әбілов аталған өңірде 45 мың тұрғынның бар екенін, десе де газ мәселесінің шешілмей тұрғанын айтты.
Бүгінде Тараз қаласында 7 саябақ пен 30-дан астам гүлзар бар екен. Дегенмен осы саябақтар мен гүлзарлардың қазіргі келбетіне кейбір тұрғындардың көңілі толмайды.
Облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімовтың көтерген мәселесі де көптің көңілінен шықты. Ол сарқынды сулардың кесірінен түптің-түбінде жерасты суы да бүлінетінін, бұның соңы экологиялық зардапқа әкеліп соғатынын тілге тиек ете отырып, аймақ басшысынан алдағы уақытта облыс орталығында суды биологиялық тазарту стансасының салынуына ықпал етуін өтінді.
Есепті кездесу барысында аудандардың тұрғындары да облыс әкімінің есебін онлайн режимде тыңдап, өз талап-тілектерін жеткізуге мүмкіндік алды.
Басқосуда тұрғындар тарапынан жайылымдық жерлерді мемлекет иелігіне қайтару, мал сою алаңын салуға көмек көрсету, облыста білім сапасының төмендеуі секілді мәселелер де көтерілді.
Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов тұрғындар тарапынан қойылған әрбір сұраққа толыққанды әрі нақты жауап қайтарып отырды. Ал шешілуі уақыт пен қаражатты талап ететін мәселелерді жеке бақылауында ұстайтындығын, олардың ешбірінің аяқсыз қалмайтындығын жеткізді.

Саятхан Сатылғанов

(20)