Адасу (әңгіме) Бұл жалғыз әңгімемді ақын М.Мақатаевтың рухына бағыштаймын

Қайыр ағаның әңгімесін оқып шықтым. Сезімнің нәзік сезімдерін басатын әдемі дүние екен. Біз әдетте атақты адамдармен кездескенде естелік жазамыз ғой. Бұл естелік емес. бірақ Мұқағали ағасымен сырттан сырласу арқылы жазылған. «Адасқан» Қайыр аға егер шабыт тұлпарының басын жібергенде меніңше қазаққа танымал дүр ақын шығар еді. Естеріңізде ме, өткен жылы ағаның бір топ жырларын жарияладық. «Менмін» деген біраз ақындарға көрсетіп, баға беруін өтіндім. Олар ағаның, алыс ауылда, мүлдем басқа селода өмірбақи қызмет істеген жанның өлеңдерінің шымырлылығына таң қалып, бас шайқады. Қайыр ағаның басқа салаға кеткен өмірбаянын оқыдым. Сонау 1938 жылы 2 наурызда дүниеге келіпті. Қазақтың қаймағын сыпырған ауыр жылы келіп, балалық шағы соғыс жылдарында өткен. Бірақ ол ауыр жылдар ағаны шыңдағандай. Ауыл шаруашылық институтты бітіріп, агроном болып жұмыс істеген. Қалған ғұмыры сол Егіндібұлақта өткен. «Өмірімнің соңғы 35 жылы әлеуметтік, қоғамдық тартыстармен өтті. Яғни, елді, еңбекші бұқараны қорғадым» дейді ағаның өзі. Яғни ауылшаруашылығындағы, сол ортадағы әділетсіздіктермен күрескен. Иә, аға өмірі күреспен өтіп келеді. Бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отырған Қайыр ағам әлі де мықты. Оны сіздер де отты мақалаларынан көріп, сезіп жүрген боларсыздар. Бүгін даналықтың, салиқалылықтың нағыз шыңына шыққан ағамызды осы мерейтойымен құттықтаймыз. Аман болыңыз. Аллам сізге зор күш-қуат берсін! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз, аға!

Ертай Айғалиұлы

Біздер үш топ болып Алматы ауылшаруашылық институтының «Өсімдік қорғау» факультетіне түскен едік. Көпшілігі — ұлдар болатын. «Ұлдардың» өзінің жартысы — өндірісте 5-6, тіпті одан да көп жыл жұмыс істеген жігіттер едік те, қалған жартысы — сол жылы ғана мектеп бітірген «сарыауыз балапандар» еді. Бірер жылдан соң әлгілердің кәдімгідей «тістері шығып», «әй, шал», — деп шақыратын болды. «Еруліге қарулы» — біз де оларды жорта менсінбей, «әй, бала», — деп «кемсітіп», «жерге тығатынбыз». Ал аудиторияда, кештерде әзілдескенде «теңесіп» кетуші едік.
Кейде мен лекция үстінде ерігіп, қайсысы жауап қайтарар екен деп өзім тұстастарға бір-екі шумақ әзіл өлең жазып, шертіп жіберетінмін. Қалжыңдасқанда маған дес бермейтін қулар шумағымды әрі-бері қарап, оқиды да қолдан-қолға өткізіп, соңыңда «бір түртпей» өзіме қайтарып жібереді. Мына «бұзауларға» не істесем екен? — деп, кіжініп мен отырамын.
Ол кезде Алматыда өлең қуамын деген жастарға ұстаз боларлық шайырлар жеткілікті еді.
— Тапқыр да, айтқыш Қадыр ақын.
— Сәл нәрседен тұтатып алып, жыр сабақтап, салыстырмалы түрдегі батпан да ақық шумақтарды түйдек-түйдегімен тастайтын Қадыр ақын.
— Сонау «Студент дәптерінен» бастап арулардың жүрегін қытықтаған Тұманбай лирикасы.
— Сұқтана қарамасаң сұлулығын білдірмейтін Сағидың өлеңдері.
— Әртүрлі жыр мүшәйрасында мінберге шыққан батыр тұлғалы Мұқағалидың жолындағысын лебімен ықтыратын адуынды жырлары.
— Жұмбақтап сөйлейтін Жұмекен.
Міне, бұлар біз сол кездерде жүріс-тұрыстарына қызыға қарайтын, қазақ даласының сүмбіле жүйріктері, қазақ көгінің бір шоқ жұлдыздары еді.
Қалада өтетін, осы жампоздар қатысады-ау деген жыр оқылатын мәдени шараларды құр жібермеуге тырысатынбыз.
«Туған ай — тураған ет» дегендей қызықты төрт жарым жыл да өте шықты. Диплом алғаннан басқа ештеңе тындырмай ауылға қайттық. Мен ол кезде отыз екі жаста едім. Елге келген соң алған мамандығымызға қалыптастық. Ара-тұра көмейге келіп қалған шумақтарды қағазға түсіріп жүремін. Бірде бетімді ашып, тәжірибе жасап көрейін деп аудандық «Балқантау» газеті редакторының есігін аштым. Бұл — өмірімде баспасөз есігін бірінші рет ашуым. Табалдырықтан аттап, амандық-саулық жоқ.
— Ал енді жөнеліңдер, торғайларым,
Сапарларың сәтті бір жолға айналып.
Ойламаған едім мен кешігер деп,
Қысқа жіптің білмедім қол байларын! — деп көтеріңкі мақаммен жатқа бір шумақ оқыдым. Мұндай «ойынды» күтпеген редактор орнынан тұрып, абдырап қалды.
Үйренбеген едіңдер барып тойға,
Қауіптене, жүйке де талыпты ойдан,
— Деңдер, біреу сұраса — балапан ек,
Тастың бір қуысында қалып қойған, — деп екінші шумақты оқығанда, ол әңгіменің ауанын түсініп, маған қарай қозғала берді. Кең кабинетте екеуміз кездескенше, үшінші шумақты да үлгірдім:
Именшектей бермеңдер, сайланыңдар,
Туа сала жүгірген қай дарын бар.
Ақын аға жолықса сәлем беріп,
Самал желпіп, бір-екі-үш айналыңдар.
Толқып жеткен ол: «Сен осындай екенсің-ау» — деп мені құшақтай алды.
Бір-бірімізді сырттай танығанымызбен бұл Әрін екеуміздің тұңғыш рет бетпе-бет кездесуіміз еді.
Елдің жағдайы мен әдебиет туралы, оны-мұны сөз еттік. Менің ұсынысыммен әдебиет үйірмесін құруға уағдаластық.
Бірлі-жарым өлеңдерім аудандық, облыстық газеттерде шығып жүрді. Әркім-әркімнен жылы лебіз естіген соң, әрі қарай байқайын деп, бір топ өлеңдерімді «Қазақ әдебиеті» газетіне жолдадым. Одан «Көркемдігі төмен болғандықтан өлеңдеріңді пайдалана алмадық» — деген тілдей жауап келді.
«Шешінген судан тайынбас» дегендей енді баспасөздің өзін сынап көрейін деп, сол өлеңдерімді қаз-қалпында «Жалын» журналына жолдадым. Күздің соңғы айының бір күні Әрінмен кездескенімде: «Сенің бір топ өлеңдеріңді «Жалынның» соңғы нөмірінде (ұмытпасам алтыншы) беретін болды», — деді. Бұл қайдан білді? Мен оған айтпаған едім. Қадалып сұрағанымда, Алматыға барып келгенін айтты. Бірақ өлеңдерім бұл жолы да шықпады. Есесіне «Жұлдыз» журналының жаңа жылдық бір нөмірінен ақын Мұқағали Мақатаевтың «Ақын ініге» деген өлеңін ұшыраттым:
Шоқтығына ер батқан, қайқаңдаған,
Мен — бір бәйек жорғамын байпандаған.
Күлесің-ау,
Күлесің.
Сайтан-бала,
Сен айт менің ойымды, айта алмаған.
Ұмтыла бер ұрынбай құзат-жарға,
Мен сүрінген сөреден ұзап бар да,
Уат, мейлің, жанымды сызат шалған,
Бірақ менің жырыма тұзақ салма!

Жырым менің — жалғызым, жан дауысым,
Жан дауысым!
Жоқтаған ар-намысын,
Ар-намысы тапталып қалмау үшін,
Арпалысып, әлсіреп қалғаны шын.

Ақын болсаң, алмас бол тайпалмаған!
Сен айт менің ойымды, айта алмаған.
Қарапайым жырымның дәнін ал да,
Қауызын,
Сайтан-бала,
Қайтар маған.
Санамды жай оғы осып өткендей болды. Арқам шымырлады. Өлең дәл маған арналғандай. Әрін айтқандай, «Жалынның» соңғы нөмірінде менің өлеңдерім неге шықпады? Талантына табынып жүрген жыр жолбарысының сөздерін, ұйқасын қайталап қалдым ба?
Дел-сал болып тысқа, ауыл тіршілігіне шықтым. Қол-аяғым үйреншікті шаруаны дағдымен атқаруда. Ал санам — ой орманында: «Қателестім. Қателестім бе?» Мазалағанды ұнатпаған аң патшасы ту сыртымнан алып, сілкіп-сілкіп лақтырып жіберді. Лақтырып жіберді де, шың басындағы биік жартасты бетке алып аяндап бара жатты.
Шаруаны мандытпадым-ау деймін. Жел үрлеген қоламтадай намыс тұтанып, қыса бастады. Лықсып келіп қалған сөз орамдарын ұмытып қалмас үшін дәптерге жеттім.
Бір сүрініп,
Ойыңды соң құрасың.
Күйдіріп те,
Өмір-ай,
Тоңдырасың!
Көкірегім күй іздеп, толқып жүріп,
Шертіп қаппын біреудің домбырасын.
Үлкендер ғой кішіге дуа салған,
Қате айтқанның шығады — куәсі алдан.
Есімде жоқ, қай ақын қағазы мен
Қалам ұстап, шыр етіп туа салған.
Кім болмайды берешек, аласылы,
Ал ағаның жолы үлкен, бағасы ірі.
Бірер шумақ ауысса, қайтер дейсіз,
Халықпыз ғой, жиенді, нағашылы.

Мал екеш мал да ұмытар о бағасын,
«Серкені сақалдан ап сабағасын».
Бала бүркіт кимей ме (ырым үшін),
Болат тұяқ қыранның томағасын.
Түгендерсің өмірдің қай тарабын,
Ал ініңіз айтарын айтар әлі.
Қырық серкеш рәсімі халықта бар.
Тірі болса жиені қайтарады.
Өлеңге қолма қол «Ақын ағаға» деп айдар тағып, «жауап қайтарып» босағандай болдым.
Сонда не болғаны? Қиял тұңғиығына қайыра сүңгідім.
«Сөз патшалығын» — редакцияларды аралап, өлеңдерін қаузап жүрген ақын «Жалынға» соғады. Редактормен жүздесіп, одан соң поэзия бөліміне барады. Амандықтан соң әдеби қызметкер: «Мұқа, жақсы келдіңіз. Әлде бір талапкер бір топ өлеңдерін жолдаған екен. Солардың сіздің жырларыңызға ұқсас тұстарын байқап, нөмірге жіберуге бата алмай отыр едік», — деп 4-5 парақ жазбаны алдына қояды. Ақын әрбір парақты асықпай, ойлана, екі қайтара оқиды да, қағаздарды орнында қалдырып, ақырын, жайлап шығып кетеді. «Жайлап» деген сөз біз үшін ғана. Тысқа шыққан ақынның іші алай-түлей еді.
Бір бейбастақ ақынның жанды жеріне — жүрегіне қол салған! Еліктеп солықтаудан туған қателік болса да, өз өлеңдерінің нәрін, сүйегін жазбай таныды. Бұл — өз өмірінде кездескен осындай бірінші оқиға еді. Қарақшының аты — қарақшы. Көмейіне лықсып келіп қалған ащы жырды қойын дәптеріне көшеде түсірудің реті болмай, үйіне үстеліне жетті. Төрт шумақты ақ қағазға «құйып» барып, киімін ілді. Аздап тыншығандай болды.
Ақиық ақынның «Ақын ініге» атты өлеңі осылай туған болса керек. Жоғарыдағы жауап пен осы жолдарды ақынның өзіне емес, қырық бір жылдан соң рухына бағыштайтынымды Жаратқан ғана білген болар.
Ол өзінің рухани қарсылығын, «ішкі өкпесін» білдірмес үшін өлеңін «Жалынға» емес, «Жұлдызға» берген. Өлең жазамын деп ұмтылып жүрген «төбесі тесік» талапкердің «Жұлдызды» да қарайтынына сенген. Бұл оқиға мені кәдімгідей адастырып кетті.
Өзімнің санаулы ғана өлеңдерім өзіме белгілі. Мазалаған «елесті» іздеп ақынның қолға түскен кітаптарын, бұрынғы-соңғы газет-журналдарды сүзіп шықтым. «Ілік» боларлықтай ештеңе таппадым.
Таппаймын олай-бұлай іздеймін де,
«Осы ақындар қайтты екен біздей күнде?»
Сап басылып көңілім,
Сағым болып,
Жетер енді, күдеріңді үз деймін, кеп.

Білмеймін қайда апарып соқтырады?
Білемін белгілі бір жоқ тұрағым.
Өзім жазған өлеңім өз көзіме
«Өзгенікі» сияқты боп тұрады.

Жығылсаң: «бекер болған» демес кім де.
Мазалап, кес-кестейді елес күнде.
Өзіме-өзім сенбеймін,
Саумын ба, осы,
Әй-әй, осы мен ауру емеспін бе? — деген жолдар сол кезде дәптерге түскен еді.

Ойлана келе «бүлік» шығарған осы болар ма? — деп бір өлеңнің:
Хас жүйріктер барады таласа мың,
Айырмаймын, бұлдырап дара санын.
Қасіреттен қайнаған ішті мынау,
Қында тұрған тот басып,
Пышағымды ап,
Пышағымды ап, келеді жара салғым, — деген шумағын:
Біле алмай, келіп жатыр қайдан ағын,
Шыдамай, қиқуына сай-даланың,
Байлаулы қыл шылбырды үзгім келіп,
Қасіреттің қазығын айналамын, — деп түзеттім.
Бірақ үзе алмадым.
Арада жылдар өткенде «Лениншіл жас» газеті комсомолдың құрылғанына 70 жыл толуына орай өлеңге бәйге жариялады. «Жығылған күреске тоймас» дегендей енді өзімді-өзім сынап көрейін — деп, оңай тақырыпқа бес шумақ өлең жазып «бәйгеге» деп салып жібердім.
Қазанның қара суық бір күні аудандық газеттің тілшісі Қанат кездесіп, құттықтады. «Сіздің «Комсомол» деген өлеңіңізді «Лениншіл жас» газеті бәйгеге қосыпты», — деді. Көрдім. Бір топ өлеңдердің ішіндегі бетке ұстары сол болса керек, қадірлілеу жерге, бірінші бағанаға беріпті.
Арада біраз күн өткенде күтпеген хат келді. Алматы облысы, Ұзынағаш селосы, Қайыр депті бір жасөспірім, біз сенің «Лениншіл жас» газетіндегі жыр-жарысқа жіберген «Комсомол» деген өлеңіңді аудандық комитетпен келісе отырып, комсомолдың 70-жылдық мерекесіне оқуға программамызға енгіздік. Өлеңің бәйгенің бас жүлдесін алуына тілектеспіз, — дейді.
Он алты жылға жасарғандай болдым.
— Жылт еткен жарықты көре білген, неткен ізгі жан едің, Гүлбүбі!
Рақмет, айналайын.
Уақытында жауап бере алмағаныма кешірім өтінемін.
Бақытты бол!

Қайыр Рахметуллин
Қарағанды облысы
Қарқаралы ауданы
Егіндібұлақ ауылы
04.02.2015 жыл

Р.S.

Бұл — ешбір боямасыз болған оқиға. Бірақ «Жас Алаш» газеті Мұқағали ақынның өлеңдеріне көлеңке түсіреді деп, баспады. Мұқағали онысыз да биік.
Әңгіме ақынның өлеңдеріне көлеңке түсірмейді, керісінше бір өлеңінің шығу тарихына сәуле түсіреді. Егер ақын өлеңін өлеңі баспасөзге шыққан талапкерге арнаса, аты-жөнін атар еді. Соған қарағанда, ол әлдебір талапкердің қолжазбасымен ұшырасқан деп болжауға болады. Бұл менің басымдағы оқиғаға дөп келіп тұр.
Әңгімеде келтірілген өлеңдерім жарияланған аудандық және облыстық «Орталық Қазақстан» газеттері менде сақтаулы. Бірақ «өлеңімді кімге арнадым, нені іздеп жүргенім» ол кезде оқырманға түсініксіз еді.
Бәйгеге ақын, ол кездегі 9-сынып оқушысы Маржан Ершуова да қатысқан («Лениншіл жас», № 192 (ІІ-979), 6.10.1988 жыл). Менде бұл газет те сақтаулы.
Мен кейіпкер Гүлбүбі Ойшиеваның хатына (15.10.1988 жыл) жиырма алты жылдан кейін жауап қатып отырмын. Ол журналистік факультетке түсе алмағанын, елінде Есенқұл Жақыпбеков деген ақын бар екенін де жазған. Осыдан 3-4 жыл бұрын «Жас Алаштан» Гүлбүбінің бір мақаласын ұшыраттым. Яғни ол — өмірде бар адам.
Зымыран уақыт өтсе де, 1972 жылы «Жалын» журналында қызмет істеген бір адам табылып қалар ма деп үміттенемін.

Автор

(68)