1 наурыз — Алғыс күні

Ашаршылықта бөліскен жарты құртыңды ұмытпа!

Наурыздың бәйшешегіндей осы бір жүректі лүп еткізер күннің орны ерекше екені сөзсіз. Бірақ бұл күннің мақсаты не, соны жұрт біле алмай дал. Жаппай бір-біріне алғыс айту ма, әлде кешегі сұрапыл жылдарда босқын болып келгендердің Қазаққа деген рақметі ме? Алғашқыда елең еткен халықтың көпшілігі бұл күнді қазір ұмыта бастаған. Себебі насихаты аз. Негізі біздіңше екіншісін таңдаған жөн. Сталин бастаған зұлымдар Кеңес кезінде ешбір ұлтты аяған жоқ. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде шал-шауқан, бала-шаға демей қаншама халықты аш-жалаңаш күйде аяз-боранға қарамай дірдектетіп, зорлық-зомбылықпен жер аударғанын тарих баба жақсы біледі. Көпшілігі жолда қырылды. Босқындардың дені қазақ жеріне әкелінді. Өздері жарымай отырса да қоржын тамының жартысын, қолындағы тамағын жырып, арып-ашып келгендерге берді, құшағын жая қарсы алды.
Міне, содан бері жарты ғасырдан көп уақыт өтті. Көз көргендер дүниеден көшті. Жаңа ұрпақ келді. Көп нәрселер ұмытылды. Арып-ашқандар байыды. Олардың арасында қазекеңе менсінбей қараушылар пайда болды.
Алғыс күнін Елбасымыз тамаша ойлап тапқан. Бұл күн қазақтың мәртебесін көтереді. Бұл дегенің бүкіл елдің мәртебесі көтеріледі деген сөз. Кәнеки, бауырлар, алғыс айтайық, бір-бірімізді сыйлайық. Сонда ынтымақ та, бірлік те, байлық та болады.

Ертай Айғалиұлы

(26)