Атырау облысында жаңа тағайындаулар болды

Атырау облысында жер қатынастары басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Тағайындалған жаңа басшы Әлібек Ермекқали, – деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев облыстық актив жиыны барысында жиын қатысушыларына жер қатынастары басқармасының жаңа басшысын таныстырды.

Жаңадан тағайындалған басшы Әлібек Ермекқали 2001 жылы Қазақ мемлекеттік  заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. 

2002 жылдан 2005 жылға дейін Әділет департаментінде маман болып, жетекші маман және нотариат, құқықтық насихат және халыққа заң көмегін көрсету бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарды. 2005 жылдан 2016 жылға дейін мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінде түрлі лауазымдарда жұмыс жасады. Кеңесшіден басталған қызметінде  департамент басшысының орынбасарына дейін көтерілді. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жиын барысында «Қоғамдық келісім» КММ-нің жаңа басшысы Жаннат Досқалиеваны да көпшілікке таныстырды.
Жаннат Досқалиева Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін және Еуразиялық академияны «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы орта мектепте мұғалім болып бастаған. 2006 жылдан 2012 жылға дейін Атырау қаласы әкімдігінде ішкі саясат бөлімінде жетекші маманнан бөлімнің сектор меңгерушісіне дейін қызметтер атқарған. 2016 жылы Атырау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Сол жылы Қ.Дүтбаева атындағы Атырау облыстық гуманитарлық колледжі директорының орынбасары болып қызметін жаңа орында жалғастырды.
Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев жаңа басшыларды таныстыра отырып, олардың алдағы еңбек жолдарына ізденіс пен табыс тіледі.

    Светлана Муньянова

(22)