Жайық жағалауы халық серуендеп, демалатын орынға айналады

 

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев халық алдындағы есебінде Жайық өзені жағалауының абаттандырылатынын айтты, – деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аймақ басшысының айтуынша, жағалауды абаттандыру биыл Бейбарыс көпірінен Атырау мемлекеттік университеті маңындағы «банан жағасына» дейін жүргізіледі. Жағалау қала тұрғындарының серуендеп, демалатын саялы орнына айналады.

Жағалау үш кезеңде салынады. Қүрылыс-монтаждау жұмыстары жүретін аумақ 1861 метрді құрайды. Жағалаудың жаңа учаскесінде балалар және спорт алаңдары, орындықтар мен күркелер орналасады, пирс пен жағажай аумағы абаттандырылады. Құрылысшылар LED жарықтандыруды да қарастырған. Жұмыс жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі. Құрылыс 2018 жылға жоспарланды.

-Біз тұрғындардан Жайық өзенінің жағалауының жағдайына байланысты көптеген шағымдар алдық, адамдар соның ішінде оны абаттандырып, жақсартуды сұраған болатын, – деді Нұрлан Ноғаев. -Бұл тілекті қабыл алдық. Жаңа жағалау қаланың символы болады. Жұмыс мұнымен тоқтамайды – Атырау қаласындағы Жайық өзенінің барлық жағалауларын қайта жаңартатын түрлі нұсқаларды зерттейтін боламыз, – деді аймақ басшысы.

Алдағы жылдарда Атырау бірте-бірте көрікті де жайлы қалаға айналады.

     Светлана Муньянова

 

(21)