3 миллионыншы сәбиге пәтер сыйлауға дайынбыз!

Жансейіт Түймебаев:
Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп саласында 858,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 69,5 млрд. теңгеге өскен. Индустрияландыру картасы аясында 36,4 млрд. теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрайтын 18 жоба іске қосылды. Қазіргі таңда 11 индустриялдық аймақтың 9-ы толыққанды жұмысқа көшсе, онда іске асырылған жобалар саны 78-ге жетті. Тартылған инвестиция көлемі — 35,9 млрд. теңге. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл туралы кешегі аптаның жұмасы күні халық алдында қорытынды есеп берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. «Түркістан» сарайында өткен жиынға жергілікті тұрғындармен бірге Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев, Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов, Премьер-министр Кеңсесінің бас иснпекторы Марат Жексембин қатысты. Жалпы есепті жиынға қатысқан бір мыңнан астам тұрғыннан бөлек, өңір жұртшылығы аймақ басшысының есебін облыс әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebook парақшасында жүрген тікелей эфир арқылы да тыңдады.
Өңір басшысы өз баяндамасында экономика саласында және де басқа да жеткен жетістіктерін жеткізді.
Кезек сұрақ-жауапқа келгенде «Түркістан» сарайының 4 жеріне қойылған үнтаяқтардың маңында лезде кезек пайда болды. Қойылған сауалдарды тыңдай отырып байқағанымыз көтерілген жайттардың барлығы дерлік ортақ мәселе. Айталық, Түркістан қаласынан арнайы келген Әзіретбек Жарылқасын есімді азамат егістікке ағын су жетіспейтінін алға тартты. Бір кезде: «41 шақырым канал қазу мәселесі көтеріліп еді, сол аяқсыз қалып қойды. Осыны басшылыққа алсаңыз», — деді ол. Жалпы облыс аумағында 26 су қоймасын салу жоспарланып отырғанын айтқан өңір басшысы түркістандық тұрғын айтқан нысанды іске асыру биыл жоспарға енгізілетінін жеткізді.
Шымкенттің жоғары оқу орындарында білім алатын 100 мың студенттің 6 мыңы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген екен. Осыны облыс әкімінің назарына салған студент қыз қалада 25-30 мың орындық студенттер қалашығын салу жөніндегі ұсынысын білдірді. Бұл мәселенің шынында да маңызды екенін ескерген Жансейіт Қансейітұлы дәл осы проблемаға қатысты бірнеше жоба дайындалғанын баяндады. Бұйыртса, алдағы уақытта студенттерге арналған қалашық бой көтермек. Онда студенттер жатақханамен қамтамасыз етіліп қана қоймай, оларға арналған асхана, басқа да қажетті нысандар бой көтеретін болады. Бұл жаңалыққа қуанған жастар жағы ду қол шапалақтады.
«Жұлдыз» ауылының төбе биі Оразалы Маханов қала аумағына көрші Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарынан өткен елді-мекен тұрғындарының қала статусын алғасын, инфрақұрылымын да қала жағдайына лайықты жасап, әлеуметтік жағдайды көтеруді қалайтын өтініштері барын жеткізді. «42 елді мекеннің Шымкентке қосылуы — қала бюджеті үшін үлкен салмақ болды. Қала аумағы екі есе ұлғайғанымен, бюджет екі есе ұлғайған жоқ. Аталған аймақты қысқа мерзімде игеру мүмкін емес. Дегенмен, барлық мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Бүгінгі таңда көше, ауызсу, электр энергиясына қатысты жоспар түзілді. Олар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады», — деді облыс әкімі. Кезінде Шымкент үшін Қайтпас мөлтек ауданы проблема болып есептелгенін еске салған өңір әкімі «Қайтпаста көп мәселе шешімін тауып, енді оны Қайтар деп атаса да болады» деді әңгімесін әзілмен ұштастырып.
Сауал қоюшылардың арасында өзін Г.Жолбарысқызы деп таныстырған көпбалалы ана: «Астанада миллионыншы тұрғынға пәтер берді, біздің облыс тұрғындары 3 миллионға жуықтап қалды. 3 миллионыншы сәби туылғанда қандай сый-сияпат жасайсыз?», — деп сұрақты төтесінен қойды. Шынында да ең халқы көп облыс саналатын оңтүстікте туу көрсеткіші жоғары екеніне қунанатынын білдірген Жансейіт Қансейітұлы 3 миллионыншы тұрғынға пәтер сыйлауға дайын екенін жеткізді. Бұл әрине жас отбасылар үшін тағы да бір жағымды жаңалық болды.
Жалпы алғанда, облыс әкімінің есебіне жиналған жұртшылық, оның бір жылда атқарған жұмысына жоғары баға берді. Қойылған сауалдар мен қағаз жүзінде келіп түскен сұрақтарға жеке-жеке жауап берілетіні айтылды.

Шадияр МОЛДАБЕК

(12)