Қолқа салған Норвегия несімен бай?

Батыс Европада жолбарыстың сұлбасына ұқсастау атақты Скандинавия түбегінің қиыр солтүстік-батысын ала орналасқан, «солтүстікке жол» деген атаумен аталған «Норвегия» мемлекеті — бар-жоғы 5(бес)-ақ миллион халқымен дүние-жүзілік танымалдылыққа ие болғаны белгілі. Бұл мемлекеттің 90 пайызы — Норвег ұлтынан, ал қалған — 10 пайызы басқа жақтан келіп, осында қоныстанып қалған фин, саам, поляк, швед, араб, орыс және сығандар көрінеді.

Бұл мемлекеттің ауа-райы жер құрылымының табиғатына ұқсастау тұманды, қара бұлтпен түнерген, кейде күлімдеп күн шығатындай құбылмалы екен. Жер көлемінің үштен бірін орман алқаптары алып жатса да, егін егуге қолайлы жерлері аз болса да, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы біршама дамыған. Абырой болғанда мұнай мен газ секілді, тағы басқа да жердің қазба шикізаттары мен көмірсутегіндей «ұлт байлықтары» да жеткілікті екен.
Тағы бір ескеретін жағдай Норвегия үкіметі қазіргі кезеңде басқыншылық саясат ұстанып отырған жоқ, сондықтан болар, қорғаныс саласына қарағанда ел дамуының бірден бір кепілі ретінде білім саласына үш есе, денсаулық сақтау саласына төрт есе көбірек қаржы жұмсап отыр.
Сонымен қатар, бұл мемлекеттің негізін қалаған «солтүстікке жол» деген атаудан шыққан Норвег ұлтының түбіміз бір түркі екені анықталып жатыр. Мұндай батыл «байламды» әлемді аралаған саяхатының арқасында ХХ-ғасырдың «Ұлы саяхатшысы» атанған, өзі осы норвег жұртының тумасы Тур Хейердал жасаған еді.
Келешекте бұл батыл жасалған ғылыми тұжырымның ақ-қарасы анықтала жатар. Оған бүкіл «Қап» (Кавказ) тауын аралап «құмықтарды», «ноғайларды», жан-жаққа шашылған «өз тамыры» мен «бауырын» іздеп жүрген, қазақтың «Тур Хейердалы» болған Сапар Ысқақовтың «Бабалар ізімен» атты этнографиялық-экспедициялық тобы да өз үлестерін қосатын шығар деген ойдамыз.
«Ұлы саяхатшы» Тур Хейердал мұндай батыл болжам жасағанда, ең алдымен, Скандинавия аңыздарына, сонымен қатар, ХІІІ-ғасырдағы белгілі исландиялық тарихшы Choppe Стурлуссонның жазбаларына сүйенгені айтылады. Алайда ол уақытта өз тайпасының мүддесі мен халқының келешегіне айрықша еңбек еткені үшін тайпа көсемі мен патшаларды қарапайым халық «құдай» санағаны да белгілі. Сондықтан болар, бұл арада Тур Хейердалдың әзірбайжан ұлтынан шыққан «Асар» халқының «Огден» деген тайпа көсемін, скандинавиялықтардың «Один» құдайына теңеуі сол кездегі бұқара халықтың патшаны құдай санаған кезеңімен сәйкес келеді. Бұл бір.
Екіншіден, біздің пайымдауымызша, «солтүстікке жол» деген сөздің мазмұнында, жан-жақтан қыспақ көріп, ең соңында өз тайпасына амандық тілеп, тек солтүстікке ғана барып, паналаймыз деген мағына жатқандай көрінеді. Шамасы, сондықтан болар, осындай жағдайларға байланысты норвегиялықтар да амалсыздан «солтүстікке жол» тартқан секілді.
Осыдан барып, Егер Огден көсемі бастаған «Асар» халқы бұрынғы түрік тектес, қазіргі қазақ ұлтының байырғы Ата-бабаларының жерінде «оғыздан» шыққан әзірбайжан халқының бір тайпасы болса, ол кімдерден қысым көріп, солтүстікке қарай неге кеткен?
Қазіргі Әзірбайжан елінде жергілікті халықтарға «кірме» болған тайпаларды зерттеп жүрген Сапар Ысқақовтың сөздеріне зейін қоятын болсақ, «Қап» тауында қазақ ұлтының үлкен бір тайпасының атына қойылған «Арғын» өзеніне дейін бар екен. Соған қарағанда, «Арғын» атауы «Қап» тауында қайдан жүр деген орынды сұрақ туындайды? Сондықтан бұл жерде талай ежелгі тарихтың жүгін көтерген, әлі де болса құпиясы ашылмаған тылсымға толы дүниелер жеткілікті тәрізді.
Осы тұрғыдан алғанда, біздің пайымдауымызша, ең алдымен ойламаған жерден бірінші болып ерекше батыл «болжам» жасаған «ұлы саяхатшы» Тур Хейердалдың бүкіл европалықтарға тосын ой салған ғылыми еңбегіне зор баға берген дұрыс деп есептейміз.
Бір қызығы, Норвегия мемлекетінің Конституциясы — Ата заңы 1814 жылы осыдан екі ғасыр бұрын қабылданса да, кейін заманауи талаптарға сәйкес өзгертулер мен толықтырулар жүргізілгенімен де, өзінің бастапқы «негізі» мен түпкілікті «іргетасын» берік сақтап қалған. Себебі бұл мемлекеттің қазіргі «заңды» күнделікті тіршілікке, осы күнгі бизнеске икемдеп келтіріп алу емес, керісінше ғасырлап жеткен «байырғы» заңға бағынып, еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін заңды сыйлап және сол заң шеңберінде ғана қызметін үйлестіріп еңбек ететін көрінеді.
Норвегиялықтардың тағы бір үлгі тұтар құндылықтары неге болса да бірден бас салып кірісіп кетпестен бұрын, қандай бастама, ұсыныс болсын бүге-шігесіне дейін зерттеп, сонан соң «өскелең ұрпақтың игілігіне қажет» болса ғана жүзеге асыруға кірісетін секілді.
Сондықтан болар, мұнай шикізатын өнеркәсіптік негізде өндіру 1971 жылдан басталса да, барды ұқсатып алумен өндірістің әлемдік озық әдістерін пайдалана білудің нәтижесінде дүниежүзі бойынша мұнайды экспортқа шығарудан Сауд Арабиясынан кейінгі екінші орынға көтерілсе де, осындай мол байлықты бей-берекет өндіру мен осы қазба-байлықтардан түскен табысты орынсыз пайдалану бұл мемлекетте тіпті мүмкін де емес. Оның себебі бұл елде бәрі дерлік нақты заң шеңберінде ғана белгіленген.
Мұнай мен газдың қоршаған ортаға зиян-залалы тимеу жағы да, шикізатты өндіру саласының қауіпсіздігі де, озық технологиялардың арқасында жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Себебі бұл жинақталып айтылғандардың да, тағы басқа айтылмағандардың да барлығы дерлік, заң жүзінде және бұл ұлттың Елтаңбасында жазылғанындай «бәрі де норвегияның игілігі үшін» деп тайға таңба басқандай етіп, тіпті елдің ұраны мен алға қойған мақсатында да көрсетілгенін білеміз.
Ең алдымен, Норвегия қоғамын болашаққа қарай алға сүйреп келе жатқан Норвегия ұлтымен қатар, өмір сүріп жатқан басқа халықтар да біздің пайымдауымызша, бақытты, әрі бай-қуатты ғұмыр кешуде. Осының бұлтартпас бір дәлелі ретінде айтарымыз, бұл елде ұрлық-қарлық ақылға сыймайтын әдет ретінде саналатындықтан бұзақылық, тәртіп бұзушылық, оның ішнде, қылмыстық іс-әрекеттер атымен жоқ деуге де болады. Айнала мұнтаздай тап-таза болғандықтан, көшелерінен тіпті ешқандай кір-қоқысты көрмейсің, бос ыдыстар мен бөтелке қалдықтары әрбір дүкендер жанындағы автоматты құрылғыларға тапсырылатындықтан, бұл аппараттар өз тарапынан әрбір өткізген қоқыс төлемінің ақшасы көрсетілген қағазын береді.
Норвегияның қазба байлығының қызығы мен игілігін көріп отырған Ел тұрғындарының орташа айлық жалақысы 5-7 мың еуро көлемінде екен. Олардың бұл жалақысын біздің теңгеге шаққанда шамамен 2(екі), 2,5(екі жарым) миллион теңгеге тең келетін көрінеді. Ол біздің санамыздың қабылдау қабілетіне қарай, бұл көрсеткішті әзірге біздің көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Дегенмен, біз де құралақан емеспіз ғой, осындай деңгейге қысқа қолымыз жетсе екен деп барынша созып, ұмтылып келеміз. Түбі бір жететінімізге де кәміл сенімдіміз.
Міне, осындай ел тұрғындарының ұлттық санасы мен жоғары мәдениетінің арқасында норвег ұлты бүкіл әлемде биік деңгейге көтеріліп, үздік экономикасы мен озық технологиясының нәтижесінде күрт дамыған елдердің қатарынан көрінді. Яғни, олар осы дүниенің жұмағын қолдан жасап алған. Соның бір жарқын көрінісі ретінде, соңғы 20 жылда мұнай мен газдан түскен пайданы жинақтап отыратын Норвегия корольдігінің ұлттық қоры да құрылған. Норвег халқының бұл игі бастамасы — келешек ұрпақтың игілігіне арналған нақты қадамдардың бірі болатын және бұл парасатты шешім көп ұзамай өзінің игілікті нәтижесін де көрсетті. Оған қосымша, Норвегия үкіметі бұл қорға түскен мол қаражатын қуатты капитализмнің ұтымды бір тәсілі ретінде, пайдалы өндіріс салаларына да инвестиция түрінде тартқан еді. Осындай бір игілікті іс-әрекеттердің нәтижесінде Норвегия үкіметі ұлттық қаражатты екі еселеп өсіріп, бұл елдің жалпы ішкі өнімінен екі еседен артық қомақты қаржыға дейін жеткізген.
Бар-жоғы бес-ақ миллион халқы бар норвегиялықтардан жиырма миллионға жуық қазақстандықтардың әлуеті — 4 (төрт) есе артық болудың орнына, Қазақ халқы адамзаттық өркениеттен неге 40 (қырық) есе кем түсіп жатырмыз?
Бұл жазғандары-мыздың дәл жауабы ретінде мынаны айтуға болады: «Бұл елде бәрі ашық және еш бүкпесіз барлық мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде беріліп тұрады. Әрбір Норвегиялық тұрғын «Ұлттық қордағы» бұл қаражаттың сақталуы мен өсімін онлайн режимінде бақылап көре алады.
Үкіметке қордың жылдық табысының 4 (төрт) пайызын ғана жұмсау құқы берілген. Ал негізгі капиталға ешкім қол сұға алмайтын» көрінеді.
Сондықтан осы «Ұлттық қорға» жиналған қомақты қаржыдан хабардар ел тұрғындары Норвегия үкіметінен жинақталған бұл қаражатты екі еселеп өсіруді талап ететін көрінеді.
Өзінің «туған жеріне туын тікпейтін» қазақ кемде-кем шығар. Сондықтан осы алдында аты аталған мағлұматтар біздің де «№1 инвестициялық идея жобамызды» ұсынуға түрткі болды. Келешекте туризм саласына да осындай, тіпті мұнан да қомақты «АсС» — этно ауылы» немесе «Қимақ бабалар қалашығы» атты этнографиялық, инвестициялық идея жобаларыңызды да ұсынғымыз келеді.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрақманов мырзаның назарына!

Қазақстан Республикасының  Инвестициялар және Даму министрі Жеңіс Қасымбек мырзаның назарына!

Үкіметаралық Қазақстан, Норвегия комиссиясының назарына!

Норвегия корольдігінің Қазақстандағы елшісінің назарына!

Қара теректегі қазба байлық 

Оны №1 Инвестициялық идея жобасымен пайдалансақ

Ең алдымен  жобаға Норвегия корольдігі жөнінде жан-жақты жазылған мағлұматтар да себеп болды. Сонымен қатар, Қазақстанда құрылыстың күннен-күнге аса қуатты түрде өсуіне және бүкіл әлемде оны пайдалану өрісінің өркендеуіне де байланысты керамикалық гранит өніміне деген жоғары сұраныстың пайда болуына орай, бұл идея жобаның да ойға келуіне тікелей әсер етті. Елбасымыздың халқына Жолдауында бұл мәселеге өте зор көңіл бөлінген.

Қандай да бір өнім шығаратын комбинат не цех болсын, бірінші талап бұл өнімді өндіруге толықтай қолданылатын жердің жақын орналасқан қазба байлығына жататын, әрі сапалы, әрі қомақты шикізат қорлары болуы керек екен. Мысалы, біздің төмендегідей қарастырып отырған жағдайымызда керамикалық гранитті комбинатта өндіріп шығару үшін біріншіден — далалық шпат, екіншіден — флюс кварцтік (қалыпты) құм, үшіншіден — каолиндік ақ балшық түрлеріне жататын негізгі осындай шикізат қорлары қажет көрінеді.
Бұл жаңа өндіріс ашудың басты талабы, әсіресе Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Павлодар, Өскемен және Аягөз қаласының аса көрнекті ғимараттарын салу үшін, осы сәулетті құрылыстың қасбеттерін әрлендіруге барынша көмектеседі. Сонымен бірге, бұл «инвестициялық идея жобаның» негізгі мақсаты, Павлодар облысының минералды шикізаттық кешеніне шетелдік инвестицияны тарта отырып, минералдық кен байлығын пайдалануды ұлғайтуға және жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз ету деңгейін көтеруге де, өзіміздің Отандық өнімді шығаруға да тікелей ықпал етеді.
Осы «инвестициялық идея жобаны» іске асыру үшін, өндіріс орнын шикізат материалдарымен қамтамасыз етуді анықтау мақсатында бүкіл Қазақ елінің аумағында іздестіру, зерттеу жұмыстары ғылыми түрде мүмкіндігінше қатаң жүргізілгенін білеміз. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жариялан-ған немесе осы тақырыпқа арналған бір топ ғалымдардың негізгі ғылыми мақалалары мен монографиялық еңбектері дәлел бола алады. Бұл ғылыми түрде жүргізілген іздестіру, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанның аумағында әртүрлі керамикалық бұйымдарды өндіру үшін қажетті қазба байлықтың ірі көлемде түрлі шикізат қорларының кені бар екені де анықталды.
Бүкіл республика бойынша жалпы таралған пайдалы қазба байлықтардың, соның ішінде, флюс кварцтік аққұмның — 800 (сегіз жүз) миллион тоннадан астам қомақты шикізат қоры Павлодар облысының «Керегетас» елді мекенінде орналасқанын білдік. Жердің осы шикізат қорына іргелес, керамикалық гранитті өндіру үшін қажетті шикізаттың бірі, каолинді (күйдірілгендей) отқа төзімді ақ балшықтың — 700 (жеті жүз) миллион тоннадан астамы Павлодар облысы Май ауданының «Суханов» кен орнында табылған. Осы ақ балшықтың — 500 мың тоннадан артық көлемі «Мойка» кен орнында да сақталған.
Жоғары сапалы қалыпты (формовочный) құмның «Қарасор» кен орнындағы мөлшері — 29 (жиырма тоғыз) миллион тоннадан артық көрінеді. Керамикалық гранитті өндіруге қажетті шикізат түрлерінің негізгі бөлігі Павлодар облысының оңтүстігін ала, Қарағанды, шығысында Семей қаласы арқылы Өскемен облысымен шекаралас жатқан Май ауданының аумағында жинақталғаны белгілі болды. Бұл аудан республикалық көлік жолдары түгілі, тасымалдауға ыңғайлы теміржол торабы арқылы да басқа қалалармен, тіпті Алматымен де тығыз байланыс орнатқан.
Бұл «инвестициялық идея жобаның» жаңашылдығы мен жасампаздығы Қазақстанда, оның ішінде Павлодар облысында бәсекеге қабілетті өнімді өндіруге негізделген, ғылыми түрдегі технологияны игерумен де анықталады.
Керамикалық гранит өндірісі — барынша өркендеп келе жатқан технологияға жатады. Бұл дегеніңіз, керамикалық гранитке жаңа шикізат түрлерін қосу арқылы өндіріс географиясының кеңеюіне байланысты, жылда керамикалық гранитті өндірудің жаңа әдістері көрініс табады деген сөз.
Жоба өркендеген Қазақстанның ұлттық, өңірлік және салалық бағдарламаларына және инвестициялық жобаларға қойылатын басты талаптарға да сай келеді. Жұмыс орындарын ашу және өңірдегі тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету де, адамдардың сатып алу мүмкіншілігіне де тікелей қатысты.
Керамикалық гранитті өндірудің келесі бір маңызды шикізаты — «далалық шпат» екенін білеміз. «Далалық шпаттың» ірі тасымалдаушысы болып табылатын «Белогор» мемлекеттік өңдеу комбинаты, Павлодар облысынан аса алыста емес, дәлірек айтқанда, Өскемен қаласының жанында орналасқаны анықталған. Ол өзінің химиялық-минералдық құрамына байланысты, керамикалық гранитті өндіруде қолданылатын шикізат ретінде толығымен сәйкес келеді.
Осымен Павлодар облысы Май ауданының аумағындағы кен орындарына байланысты «Қара-терек» минералдық гранит шығару комбинатының өндірісіне қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі толығымен қарастырылды деп есептейміз. Бұл комбинатқа қажетті жер асты қазба байлығына жататын шикізаттардың миллиондаған тонна түріндегі мөлшері де аз емес. Ендеше, бұл керамикалық гранитті өндіру комбинатына қажетті шикізаттар сол жердің өзінде жинақталғандықтан және өнімін көптеп шығара алатын осындай күрделі өндіріс орнының экономикасы жылдам дамиды деп есептейміз.
Бұл «Қара-терек» керамикалық гранитті өндіру комбинаты туралы «инвестициялық идея жоба» 1,0-1,5 миллион халқы бар еліміздің Астана, Алматы қалаларымен 300-400 мыңдай тұрғыны бар облыс орталықтары жақын, әрі жиі орналасқандықтан өнімді тарату және күрделі тасымалдау мәселесі де ұтымды шешілетін шығар деген ойдамыз.
Сондықтан бірінші орында, ең алдымен екі жаққа да тиімді, пайдасы да ортақ, қазақ-норвег бірлескен кәсіпорнын ашқан дұрыс шығар деген ниеттеміз.
Қажет болған жағдайда «Қара-терек» керамикалық гранит өндіру комбинатының «техникалы-экономикалық негіздемесі» мен комбинаттың бүкіл құрылыс жобасының барлық сметалық есептеулерін ғылыми тұрғыда шығарып, сызып беруге де, сонымен қатар, барлық комбинатқа керекті алдыңғы қатарлы Европалық құрал-жабдық пен қондырғыларды қоса есептегенде шамасы — 50 миллион доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартуға да дайын екендігімізді білдіргіміз келеді.
Біздің бұл «еш бүкпесіз, әрі ашық» идея, ұсынысымызға Норвегия үкіметі де түсіністікпен қарайтын шығар деген үміттеміз.

Ізгі тілекпен,
Марат Күдерин техника
ғылымының докторы,
профессор.
Асқар Сәрсенбай жазушы , әлеуметтанушы, Алматы қаласы

 

(22)