mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Қазақстан таңдауы қандай болуы керек?

Бұл сауалға э.ғ.д, профессор Раушанбек Елемесов: «Мүдделері Орталық Азия аймағында шоғырланған аталған мемлекеттер арасындағы шекара мәселесіне келсек, Қазақстанның Қытай және Ресеймен арадағы алғашқы шекара сызықтары 1860 жылғы Бейжің қосымша шартымен және 1881 жылғы Петербург шартымен бекітіліп, содан кейін 1864 жылғы Шәуешек хаттамасы бойынша анықталған болатын. Сол кезде жасалған он тараудан тұратын аталған келісім-шарттың 5-тарауында: «Осы шекара сызығы өткен территорияның отырған халқы жер қай мемлекетке тиісті болса, сондағы тұрғындар сол мемлекетке тәуелді болады», — делінген.

Ал кейін Ресей империясы жойылып, кеңестік кезең келгенде Қазақстан Ресей мен Қытай арасындағы өлкеаралық қарым-қатынасында үлкен рөл ойнады, өйткені Қазақстан іргелес жатқан елдерді бір-бірімен жалғастырушы өлке ретінде Еуразияда үлкен саяси-экономикалық рөл атқарды. Қолымыз тәуелсіздікке жетіп, КСРО құлаған соң, бізбен қоңсы қонған қос империя арасындағы қарым-қатынас өзгерді. Дегенмен, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Қытаймен де, Ресеймен де дипломатиялық қарым-қатынас орната алды.

Бірақ соңғы кездері Ресей аталған өңірде бұрынғы ықпалынан айырылды. Сондықтан РФ президенті В.Путин мен Белорусь басшысы А.Лукашенконың әредік-әредік Еуразиялық одақтың экономикалық одақ қана емес, бұдан да терең саяси-әлеуметтік құрылымы болуы керектігі туралы айтып қалып жүрген пікірлеріне аса сақтықпен қарауымыз керек. Біздің сана-сезімімізге әсер ететін, сонау 1990 жылдардан бері жүріп келе жатқан идеологиялық соғысты да жоққа шығармаған жөн. Қазір: «Қазақстанға таңдау қалған жоқ, ол не Қытаймен, не Ресеймен болуы тиіс», — деушілер қарасы көбеюде. Шындығына келсек, бұл — түбірінен қате пікір, өйткені Орталық Азияда тек Қытай мен Ресейдің ғана емес, Батыстың да мүддесі болуы керек. Ал біз өзімізге ниеті түзу барлық тараптармен тең дәрежедегі қарым-қатынас тізгінін қолдан шығармай ұстап тұра аламыз.

Міне, сонда ғана сыртымыздан қоршаған алпауыттардан өзіміздің елдік, ұлттық мүдделерімізді қорғай аламыз. Ал тарихқа жүгінсек, барлық соғыстар экономикалық мүдде үшін болғанына көз жеткізер едік. Орталық Азия — үлкен саяси, географиялық аумақты қамтитын өңір. Бірақ сол Орталық Азияның өзі іштей біртұтас емес. Сондықтан бір жағынан Ресей мен Қытай секілді алпауыттардың ортасында отыру қазақ елі үшін тиімді, себебі шекараға алаңдаушылық білдірмейміз, ниетіміз дұрыс болған соң, шекарада да кикілжің жоқтың қасы. Қытай мен Ресей әлемдік саясатта белгілі бір тәртіпті, шарттарды қалыптастыратын елдер. Ал ол шарттардың негізі — қазіргі шекаралардың мызғымастығы туралы халықаралық шарт. Осы тұрғыда, Ресей де, Қытай да өз шекараларын бұзбайтынын мойындаған. Бұл бізге сенімділік сыйлайды. Сөздің турасына келсек, ішкі біртұтастығымыз күшеймей, біз сыртқы кез келген мемлекеттерден төнетін қатерлерге төтеп бере алмаймыз. Қытай мен Ресейден экологиялық, миграциялық қауіптер барын жоққа шығаруға болмайды. Бұл жерде кезінде Англия билігінің басында тұрған Уинстон Черчилльдің: «Ұлыбританияның мәңгі серіктесі жоқ, оның мәңгі мүддесі ғана бар», — деген қанатты сөзін есте тұтқанымыз абзал.

Ендеше қай мемлекетпен қарым-қатынаста болсақ та, өз мүддемізді ұмытпай, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуды бірінші орынға қоюымыз қажет. Ең бастысы, қандай да бір елдің түбіне жетіп, шірітетін жемқорлық, қоғамдағы әділетсіздік, ащы шындықтан гөрі жал¬ған мадақты жөн көру, ұлт жанашырлары мен сөз бостандығын шектеу сынды ақикөз келеңсіздіктерді еңсеру қажет. Сосын діндес, тілдес, қандас, өзімізбен бауырлас елдермен ынтымақтастық қарым-қатынастарымызды нығайтып, бекемдей түсуіміз керек. Міне, солай еткенде ғана бізді сырттан келген дұшпан, іштен шыққан жау алмайды. Ол үшін идеологияны қалыптастырып, халықты сана-сезіміндегі үрейден арылту қажет», — деген уәжді алға тартады.

(22)