Одақты таратып, қай жерге барып оңамыз?

Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының жай-күйі жөнінде тәтпіштеп баяндап, одақ жөнінде еркін көсілуге уақыт тапшы, апыл-ғұпыл сөз саптауға ғана мұршам жетті. Енді сол пленумда айтқан және айта алмаған ойларымды жүйелеп, жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдім. 2013 жылы төрағаның бірінші орынбасары, қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбай Ертістің Кереку өңіріне арнайы келіп облыс әкімі Ерлан Арынның келісімімен Одақтың облыстық филиалының құрылуына мұрындық болған еді. Алматыдан шалғай аймақта жетім баланың күйін кешіп жүрген жазушылардың жағдайы содан кейін оңала бастады. Жерлес қаламгерлердің бірнешеуінің кітабы жарық көріп, Ұлттық кітапханада тұсаукесері өткізілді! Жазушылар одағының облыстағы мүшелерінің саны 12-ге жетті. Жас ақындардың бірнеше жыр жинағы жарық көрді. Бір тобының өлеңдері танымал ақындардыкімен бірге «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясы антологиясына енді (2015 ж.). Мемлекеттік, кәсіби мерекелер мен атаулы даталарға орай жас ақындардың облыстық, аймақаралық мүшәйралары, я айтыстары ұдайы ұйымдастырылады. Бір жақсысы жуырда облыс мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жанынан көркемдік кеңес құру жөнінде шешім қабылданды. Облыс әкімдері Ерлан Арын, Қанат Бозымбаев, Болат Бақауовтың қайсысы болса да жылына бір рет филиал мүшелерін түгел жинап, салтанатты жиын үстінде әр жазушыға екі жүз мың теңге мөлшерінде грант беріп келді.
Әрине, аймақтағы қаламгерлерге көрсетілген құрметтердің барлығы — Қазақстан Жазушылар одағына деген құрметтен туындағаны күмәнсыз. Ендеше, Одақты таратып, төрінде Мұхтар Әуезов тәрізді алыптарымыз отырған қазақ әдебиетінің киелі қара шаңырағынан безсек, қайда барып оңармыз? Рас, Одақтың қазіргі жағдайы кеңестік кезеңде компартияның сойылын соққандықтан соның жылы-жұмсағынан екі ұрты майланып, бүйірі шыққан жазушылардың көңілін көншітпейді. Одақ жайындағы ойымды жалғастырайын, бұл құрылым қазіргі кезде өзге қоғамдық ұйымдар секілді мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды, нарықтық жағдайда өз күнін өзі көруге тырысып, қалт-құлт етіп тірлік кешуде. Енді оның айбарлы, мәртебелі, бай-қуатты кездерін көксеу келмеске кеткен кеңестік жүйені көксеумен бірдей. Егер ұлы жазушыларымыздың бірі ғайыптан Жазушылар одағы үйіне оралса, қазіргі жағдайын түсінуі неғайбіл шығар. Өйткені Одақ түгіл қазіргі Қазақстан — бұрынғы Қазақстан емес, басқа мемлекет, басқа қоғам, басқа ел. Бұрын компартияның идеялогиялық орталығы рөлін атқарған Жазушылар одағы біреулердің пайымдағанындай, осынау шақта билік пен «Нұр Отан» партиясының бір құрылымына айналып кеткен жоқ, егер сөйтсе, қоғамдық ұйымдар арасында жіліктің майлы басына ие болар ма еді, кім білсін? Сегіз жүз қаламгердің ішінде билікті мейлінше дәріптейтіндер де, барынша сынайтындар да бар, демократия талаптары ескерілетін қоғамда солай болуы керек. Осындай қиын-қыстау кезеңде басқарма басшылығы озық туындылары бірнеше жылдан бері еленбей жүрген 42 жазушыға бір күннің ішінде тиісті қаржы мөлшерін тауып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапаттау мүмкіндігіне қол жеткізді. Сол үшін төрағаны жерден алып, жерге салып сөгу дұрыс па? Немесе Одақтың игілігін төраға жеке басына жаратуда деген алып-қашпа сөздерге бас шұлғу орынды ма? Премьер-Министр, министрлер, әкімдер, ірі өндірістік корпорациялардың төрағалары, тіпті шығармашылық мекемелерінің басшылары да темір тордың ар жағына жіберіліп жатқан қазіргі кезеңде біздің төрағамыз қандайда бір құқықбұзушылыққа жол берсе, бірден әлгілердің жанынан шығатынын байыптай алмайтындар, әрине, бас шұлғи береді. Пленумда тәтті қиял мен ащы шындық арасында жүрген кейбір жазушының мінберде айтқан сөздері біршама сауал тудырады екен. Мыңмен жалғыз алысқан хакім Абай Жидебайда жабығып жатқанында немесе жұрттан безініп саяқ ғұмыр кешкен Шәкәрім қажы Саят қорада қамығып отырғанында әдеби ортаның жоқтығы үшін күйінді ме? Шіркеудің кәріне ұшыраған Лев Толстой Ясная Полянаға барып жазу үстелі алдындағы орындыққа жайғасқанында орыстың зиялы қауымы өкілдерінің өзінің маңында жүрмегені үшін назаланды ма? Мообит түрмесінде ақтық күндерін санап отырған Мұса Жәлел Шығармашылық үйі, баспахана, қаламақы туралы ойланды ма екен? Әйтеуір, елдің шетінде, желдің өтінде жүрген Керекулік қаламгерлер мұндай ойлардан ада, Алла қаласа, барды қанағат қылып жүріп жатырмыз.

Наурыздың 12-сінде — сьезд. Сол күн жағымды жаңалықтарға толы болғай.

Арман ҚАНИ

(28)