mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Көпвекторлы саясат өзін ақтады ма?

Сондай-ақ, базбір билік өкілдерінің: «Біздің ел көпвекторлы саясат ұстанған. Билік ең алдымен экономиканы дамытып, оны аяғына нық тұрғызып алғаннан кейін саясатқа жіті назар аударады», — деп көсемситіндері бар. Саяси ұстаным тұрғысынан бұл пікірдің де «дәні» бар екенін мойындағанымызбен, «көпвекторлы» деген терминге жабыса беру дұрыс емес дер едік. Себебі қазақта: «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді», — деген аталы сөз бар. Қолында құзырлы билік бар басшының неше жерден дана, милы болса да, күллі ел мүддесі бәске тігілген мәселелерді бір-ақ сөзбен, қаламның бір-ақ сызуымен шешіп тастауы мүмкін емес.

Мұндай халық мүддесінің тағдырын шешетін күрделі мәселелерді кезең-кезеңімен, көп боп ақылдаса отырып, ғылыми-техникалық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып шешпесе, ертең бармақ тістеп қалуымыз оп-оңай. Сондықтан аз деп бір ғана бағытты, иә болмаса көп деп, көпвекторлы саясатқа иек артып, бірінен екіншісіне секіре беруге болмайды. Әрқайсысының қолданылатын өз орны бар. Соның шегін, маңызын білудің мәні зор. Осы мәселеге қатысты белгілі саясаткер Расул Жұмаұлы: «Қазақстанның көп векторлы саясат ұстануы оны көп қатерден сақтап, халықаралық сахнадағы беделін көтеруге септігін тигізіп келеді. Елдің сыртқы саясатында 2000 жылдардың бас кезінен бастап Ресей, АҚШ және Қытай үштігіне ерекше мән берілген. Астана Мәскеу мен Бейжіңге ерекше жақындап кетті. Жақында Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапармен баруы нәтижесінде Қазақстан мен АҚШ арасы да бір-біріне жақындай түсіп, Вашигтон жоғарыдағы екі астанамен иық тірестірді. Бұл 2005 жылдардан бастап АҚШ-тың үлесі едәуір азайып, оның орнын кредит беру, энергетикалық жобаларға қатысу арқылы Қытай басқан олқылықтың орнын толтырғандай болды. Рас, Ресеймен арадағы интеграциялық құрылымдар Астананы Мәскеуге тәуелді ете түседі. Соған орай елдің көпвекторлы саясаттағы кейбір векторлардың салмағы ауырлады. Бірақ болашақта Астананың Еуропа Одағы мен Ресейдің арасында мұндай бейтарап позиция ұстануы қиынға соғуы мүмкін. Дегенмен, Қазақстанның көпвекторлы қазіргі ұстанымы Қытайға, әсіресе Ресейге тиімді. Өйткені АҚШ пен Батыс елдері салған санкциядан бас көтере алмай «тізерлеп» қалған Ресейдің Қазақстан арқылы Батыспен диалог құруға мүмкіндігі бар. Қазақстан осы жолды әрі қарай да тиімді пайдалануы керек», — дейді.

(37)