Кісілігі мол Көшербай

Нағыз жайсаң азаматтар күрделі кезеңдерде ерекше қырынан көріне біліп, тұлғасы асқақтай түседі. Көшербай Дәулетбайұлы өзі туып-өскен жұрты қиналған шағында көмек қолын созған нағыз елжанды азамат. Оның кісілік қасиеті — әкесі Дәулетбай, анасы Ақсисадан келген. Нақтыласақ, 1991-1995 жылдарда ауылдар тығырыққа тіреліп, тұрмысы қиындаған тұста елінің еңсесін көтеруге қолұшын беріп, Алматыда жүрген баз бір қалталы азаматтарға бас болып, техника құрал-жабдықпен көмек жасады. Әрине, Көшербай Дәулетбаевтың берген жәрдемі шаруашылық жұмысын бірден шешіп кеткен жоқ, есесіне республика аумағында жүрген ауыл түлектеріне қозғау салып, демеушілік бастамашысы бола білді. К.Дәулетбаев таланты жыраулар мен жас ғалымдарға, қаламгерлерге де ынта-ықыласпен көмектесіп отырады. Оның демеушілігімен «Жеті асар жырлары», «Жағасы жыр», «Сұлу сыр» атты кітаптарымен қатар, «Арыс» баспасынан «Сыр сүлейлері» сериясымен шыққан бірнеше ақын-жыраулар шығармаларының жарық көруіне көмек қолын созды. Бабасы — Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 125 жыл толуына арналған іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Алматы қаласында Т.Ізтілеуұлы ескерткішінің салынуына қаржылай көмек берді. Оның мұндай жасаған игі істерін санап тауыса алмайсың.
Ширек ғасырдан астам уақыттан бері асқаралы Алатаудың етегінде ұрпақ жайып, өсіп-өнуде. Бір кезде Алматыға балаң жігіт болып келіп, бүгінде азаматтық биікке көтерілген, ақсақал атанған азаматтың қолға алып, атқарған істері аз емес.
Қат-қабат жұмыстарын атқара жүріп, «Государственные ветеринарные надзоры на границе и транспорте» (Алматы, 1997), «Ұрпағың ұялтпасын» (Алматы, 2000) атты кітаптарын жазды. Бірінші кітабында шекарадағы көліктердегі малдәрігерлік тексерудің міндеттері мен мақсаттарын айқындап жазса, екінші кітабында өз өмір жолын баяндай отырып, ұрпақтар тәрбиесін көтеріп, замандастары хақында да әңгіме еткен «Кете-Байсары» кітабының жарыққа шығуына ғана емес, оның идеялық жетекшісі де бола білді.
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, малдәрігерлік кеден қызметінің генералы, әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» Көшербай Дәулетбаев Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің баянды болып, нығаюына үлес қосып жүрген тұғырлы азаматтардың бірі.
Қармақшы ауданында мамандығы бойынша қыз-мет атқарып жүрген шағында алған білімінің азды-ғын сезген ол, 1970 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, оны 1975 жылы бітірді. Осы жылы Калинин аудандық Алматы қалалық атқару комитетінде инспектор, 1976-1992 жылдары Ауыл шаруашылық министрлігінің Алматы шекаралық ветеринария пунктінің бастығы, қалалық атқару комитетінде ветеринария бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1992-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Шекарадағы және көліктегі мемлекеттік ветеринария бақылау басқармасының бастығы, 1999-2000 жылдары арасында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2000-2004 жылдары «БЭО, ХОЗУ» ЖАҚ-ның кеңесшісі, баспахана директоры, Қазақстан Республикасы президенті «ХОЗК»-ның сауда базасының бастығы қызметін абыроймен атқарды.
Бүгінде Көшербай Дәулетбаев еліміздің қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалған емес, Рухани істерге деген құлшынысы бір сәтке әлсіреп көрмепті. Сырдың саңлақ азаматы К.Дәулетбаев Алатаудың аясында үлкен шаңырақтың басшысы, ағайындардың ақылшысы, достары мен замандастарының сыйлысы бола білді.

Тынышбек Дайрабай,
жазушы

(23)