mm
Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директорының бірінші орынбасары.ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “ЕлАна” Қоғамдық, әлеуметтік, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы.

Билік нотаны Қытайға 237 күннен соң жолдады

Қытайдағы бауырларымыздың жағдайлары туралы Еуропадағы бауырымыздың әлем қазақтарының құрылтайында көтерген дабылынан соң 237 күн өтіпті. Осы уақыт ішінде Аждаһа елінде жағдай одан сайын ушықты. Біз бұл туралы төменде арнайы материал беріп отырмыз. Аяқ астынан билік те шыдамады, сірә, ҚР Сыртқы істер министрі Қытайға нота жолдады.
Әрине, халқымыз да қарап жатпады. Бірақ алдымен біз емес тағы да Моңғолиядағы бір топ қазақ жастары үндеу жариялады. Ақсақалдарымыз, зиялы қауым үнсіз қалды. Сырттағы жастардың үндеуін біздің жастарымыз да қолдап, үндеу қабылдады. Олар нота жолдаған билікке рахмет айта отырып, бірнеше ұсыныстарын жеткізген. Қазақстан әлемдегі адам құқығын қорғайтын барлық ұйымдарға хат жолдаса дейді. Сондай-ақ, БҰҰ-ға Қытайда адам құқығының тапталуына байланысты арнаулы ерікті бақылаушылардың жіберілуін талап етеді олар. Кеңес өкіметі кезінде 1956-60 жылдары өзара келісіммен Қытайдағы қазақтардың оралуына зор мүмкіндік жасалған. Президентіміз өзі шығып осындай келісім жасалса дейді үндеуге қол қоюшылар. Сонымен нота жолданды. Қытай жағы не дер екен?

Жер бетіне тарыдай шашыраған қазақтардың қомақты бөлігі тұрып жатқан шығыс көршіміз Қытай елінде соңғы жылдары орын алған түрлі саяси науқандар мен қатаң режимге көшкен қоғамдық қауіпсіздіктің асыра сілтенген дырау қамшысының ұшы өз қандастарымызға да тиіп жатқаны бізді де қатты алаңдатып отыр. 2009 жылы 5 шілдеде Үрімжі қаласында орын алған ұйғырлар дүрбелеңінен бері қарай сол халыққа қырғидай тиіп келе жатқан Қытай билігінің Шыңжаң округінде көтерілген «саяси құйыны» 2017 жылға дейін қазақтардан аулағырақта ұйтқып тұрса, өткен жылдан бастап ешқандай саясатпен араласпай тып-тыныш жатқан момын қазақтарды да «қораға қуып тықты». Шыңжаңда 2009 жылдан бері қарайғы уақытта, «қоғам амандығын орнықтыру жолындағы халықтық күрес» аясында Шыңжаңның оңтүстігіндегі ұйғырлар қоныстанған аймақтарда адамдарды болымсыз істер үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жиілеп кеткен. Бұл туралы Еуропа, АҚШ, Гонконг медиалары күні бүгінге дейін нақты мәліметтерін таратып, халықаралық қоғамның назарын аударып келе жатыр. Ал Қытай медиалары террористік ұйымдардың қатарына жатқызған «Шығыс Түркістан террористік ұйымы бұзақыларының» Шыңжаңдағы қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп отырғандығын айтудан жалыққан емес. Осы тұста ерекше ескеретін бір жәйіт — Қытай үкіметінің бүкіл ұйғыр халқына басқаша көзбен қарап отырғандығы еді. БАҚ-тарда «лаңкестерге соққы беру» айтылғанымен ұйғыр халқын сенімсіз адамдар санатына жатқызу қазіргі таңда тұтас Шыңжаңда үйреншікті жағдайға айналып кетті.

Бейресми мәліметтерге қарағанда 2009 жылдан қазірге дейін Шыңжаңда қылмыс арқалап сотталған және «көзі жойылған лаңкестердің» ұзын-ырғасы неше он мыңнан асып кеткен. Бір анығы Оңтүстік Шыңжаңның алты аймақтағы (аймақ орталықтары мен аудандардағы) барлық абақтыларға қылмыскерлер симағандықтан, жер-жерде жаңадан абақты салу қарқын алып жатты. Ұйғырлардың саны азырақ болып есептелетін Солтүстік Шыңжаңдағы уақытша қамау изоляторлары да оңтүстіктен әкелінген адамдармен толып кеткен.
Қазіргі таңда «заңсыз діни қимылдарға тосқауыл қою» әрекетінің қатты жүргізіліп жатқандығы соншалық, кейбір өңірлерде жаназа оқи алатын молдалар қалмаған. Мешіттердің көбісі қиратылған. Ауылдық жерлерде «сыра фестивалін» өткізу арқылы көп ішкен, жылдам ішкен адамдарға ақшалай сыйлық беріп «ынталандыруды» шындап қолға алған. Мұнымен қоса шағын дүкендерде арақ, темекіні көптеп сатушыларға субсидия беретін жағдай жарыққа шыққан. Дүкен сөрелерінде бұрыннан бері алкагольді ішімдіктер сатпайтын адамдарға қатаң ескерту жариялаған. Қытай мен ұйғырлар арасында аралас неке құруды дәріптеп, «туысқан болуды» жергілікті орында атқарылатын тармақтардың арасына қосқан. Мұнымен қоса ұйғыр тіліндегі мектептердің саны күрт азайып бара жатыпты. Ұйғырларға қарата жүргізіліп жатқан осынау қатаң науқандарды айыптаған халықаралық ұйымдар неше жылдан бері әлем назарын осы тақырыпқа аударып келе жатыр. Дүниежүзілік ұйғыр конгресі Түркияда, Еуропа парламентінде, АҚШ-тың ірі саяси ұйымдары алдында Қытайдың ұйғырға ұстанып отырған осындай саясаты туралы баяндамалар жасап, олардан араша сұрауға талпынған әрекеттері пәлендей нәтиже бере алған жоқ.
Жоғарыда айтылған жолсыздықтар 2016 жылдарға дейін қазақ қандастарымызға, қала берді Шыңжаңдағы өзге мұсылман халықтарына жүргізіле қоймағаны белгілі. Алайда қазақ мектептерінің жабыла бастауы да біртіндеп атқарылып жатқаны белгілі. Осылайша ұйғырға туған күн қазаққа да туып жатқаны байқалады. Қазір ол жақта орын алып жатқан кейбір оқиғалар шынымен де азаматтардың құқығын шектеумен қоса, Қытаймен тең құқықты дипломатиялық қатынас орнатып отырған өзге елдердің ішкі істеріне килігуге дейін кеңейіп бара жатқандығы еді. Қазіргі таңда қандастарымыз тап болып жатқан кедергілер мынадай болып келеді екен. Төлқұжат жасау тоқтатылумен қоса, халықтың қолындағы төлқұжаттары тегіс полиция қолына жинап әкетілген (ондағы қазақтардың негізінен Қазақстанға келу үшін паспорт дайындайтыны белгілі). Ішкі істер мекемелері Қазақстанда оқып жатқан жастарды қайтадан шақыртып жатыр, олар шақыртуды елемеген жағдайда әке-шешелерін қамауға алған. Қазақстанға көшіп келіп азаматтық алған қазақтарды ҚХР жергілікті үкіметі шақыртып алып, оларға өздері келіп тұрған орыннан тіркеуін өшіруін (азаматтықтан бас тарту) талап етіп отыр.

Бірақ олар Қытайға Қазақстан төлқұжатымен барса да, еш себепсіз ұстап әкетіп айға жуық қамауда ұстайды екен. Ең сорақысы қандастарымызға түрлі үрей тудыратын белгілемелер жасап, оларға Қазақстандағы туыс-туғандарымен байланыс орнатпауға «Wechat», «WhatsApp» сияқты байланыс құралдарындағы топтардан шығуға мәжбүрлеп, ұлттық, діни мерекелерімен өзара құттықтауға тыйым салған. Әрі «АЛЛА сақтасын, Құдай бұйыртса…» сияқты дағдылы сөздерді сөйлеуді шектеген. Кейбір аудандарда Қазақстандағы туыстарымен, дос-жарандарымен үнемі байланыста болғандарды «екі беткейлер» деген айыппен түрмеге отырғызған. Қазақстанға көшіп келе жатқан қандастарымызды Қытай шекарашылары кедендік бақылау бекеттерінен өткізбей кері қайтарып жатқан көрінеді. Ал ҚР азаматтығын алғанына ұзақ уақыт болған қазақтарға Қазақстандағы Қытай елшілігі виза беруді қиындатып жіберген. Діни сенімге қарсылықтары асқынғаны соншалық, үйлерді тінтіп діни кітаптарды, жайнамаз, қабырғаға ілінген құран сүрелері жазылған рамкаларды тегіс жинап алып өртеуді бастаған. Кейбір аудандарда жаназаға 15 адамнан артық қатынаспау белгілемесін шығарған. Ислам дініне құрмет етіп осы күнге дейін мұсылмандар тұратын өңірлерде мешіт, медресе салып, Үрімжіден университет ашып берген Қытай билігі аяқ астынан өмір бойы имам болған қазақ молдаларын «уағыз айтып, неке оқығаны үшін» тұтқынға алған.

Осыған дейін талай имамды уақытша қамау изоляторында қинап өлтіріп «өз-өзіне қол салды» деп жариялапты. Ал олардың мəйітін полиция жасақтары өздері орап әкеліп, туыстарына ашқызбай, жудырмай көміп болғанша бақылап тұрған. Қазақстанда тұратын туыстарының аты-жөні, телефоны, мекенжайы, бала-шағасы, қызмет орны туралы ақпаратты беруге мәжбүрлеп, бермеген жағдайда жазаға тартуға әрекет еткен. Қазақстандық танымал тұлғалар туралы, спортшылар туралы айтқан, солардың видеоларын көргендерді қамауға алған. Соңғы жеткен хабарлар бұдан да сорақы болып тұр. Алдағы уақытта партия мүшелері (ҚКП) қайтыс болса, мұсылман рәсімдерімен жерлеуді доғарып, сүйек өртелетін көрінеді. Бұл қазіргі кезде Үрімжі қаласында дүңгендер арасында қолданысқа ене бастапты. Алайда өзгелерге жариялауға, қарсылық танытуға болмайтындығы себепті адамдар іштен тынып отырған көрінеді.
Естіген жанның қабырғасын қайыстыратын осынау жағдайлар Қазақстандағы БАҚ-тардың назарынан тыс қалған жоқ. Талай видеолар мен белгілемелерді көзімізбен көріп те жатырмыз. Халық арасында, жоғары мінбелерде айтыла бастады да. 2017 жылдың желтоқсан айында ҚХР-дың Қазақстандағы бас елшілігі өз сайтында ресми мәлімдеме жасады. Онда «Қазақстанда таралып жатқан қауесеттердің көбінің шындықтан алшақ екендігін, сонымен қоса Қазақстан мен Қытай елі тең құқықты тату көрші ретінде бір-бірінің ішкі істеріне килікпеу белгілемесіне екі жақтың да құрмет етулері керек екендігі» айтылыпты. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі болса, «бұл айтылғандардың барлығы Қытай елінің ішкі ісі болып есептелетіндіктен, оған Қазақ үкіметінің араласуға құқығы жоқ» деген сарында мәлімдеме жасады. Алайда Қытай үкіметінің Қазақстан Республикасының ішкі істеріне араласып жатқандығы мына жағдайлардан байқалып отыр.

Шыңжаңда Қазақстанды «қауіпті 26 мемлекеттің қатарында екендігі» ашық айтылған. Мұнымен қоса, заңды түрде Қазақстан азаматтығын алған қазақтардың жеке бастарына қатысты мәліметтерді ашық жинауға көшкен. Яғни олардың мекенжай анықтамасы бүге-шігесіне дейін есепке алынған. Осы жақтағы жергілікті қазақтармен құдандалыққа немесе туыстық байланысы болған жағдайда, олар туралы да ашық және жасырын мәліметтер алуды жалғастырып жатыр. Қазақстандағы азаматтар олар талап еткен мәліметтерді беруден бас тартқан жағдайда, ол жақта тұрып жатқан жақын туысқандарын полиция бөлімшелеріне апарып қинау арқылы жауап алып жатқанын естіп, біліп жатырмыз.

Бұларды айғақтайтын нақты дәлелдер толып жатыр. Қазақстанға оралып, ЖОО-ны аяқтап қызмет етіп жатқан БАҚ-саласында, ішкі істер саласында істейтін азаматтарымызды «қара тізімге» алып бақылауда ұстап отырған көрінеді. Ал кейбір азаматтар шекарадан шығар алдында, Қазақстанда қолданатын SIM карталарына әлдебір «қосымшаны» жабыстырып жіберген жағдайлар да кездескен. Қысқасы, Қазақстан азаматтарының жеке басына қажетті түрлі ақпараттарды жинастырумен әлек болып отырғаны байқалады. Ол жақтан келген көзі қарақты азаматтар, ҚХР заңдарында «ҚХР-дың кез келген азаматы шетел азаматтығын қабылдағандығы белгілі болған жағдайда, ҚХР азаматтығынан автоматты түрде айырылатындығы» анық жазылған деседі. Алайда Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыз ҚХР төлқұжатын, ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігіне апарып «азаматтықтан шығуды рәсімдегеніне» қарамастан, оларды қайта келіп «азаматтықтан шығуды рәсімдеуге мәжбүрлеп отырғандығы» түсінікті болып отыр.
Осында айтылған мәселелерге қарата, қазіргі таңда азаматтық қоғам өкілдері ғана белсенділік танытып жатыр. Ал СІМ мен ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді құзырлы мекемелер ашық позиция байқатқан жоқ. Бажайлап қараған адамға Қазақстан Республикасының ішкі істеріне араласу былай тұрсын, бізге ашықтан-ашық киліге бастағаны көрініп тұр. Не үшін тең құқықты мемлекет ретінде осынау жолсыздықтарға қарата нақты мәліметтерді алға тартып, ашық мәлімдеме жасамаймыз? Онсызда «Қытайдың қаншама территориясы патшалық Ресей кезінде Қазақстанға өтіп кетті. Балқашқа дейін біздің жеріміз еді», — деп тарих оқулықтарына жазып отырғандығын қайда қоямыз? Негізі тең БҰҰ-ға мүше әрбір мемлекет өзара тең құқықты болып есептеледі. Олардың арасындағы сауда, экономикалық қатынастар, саяси қатынастармен бәске тігілмеуге тиіс.

Ендеше Қытаймен қарым-қатынасымыз жақсы екен деп, ҚР азаматтарының жеке басына қажетті мағлұматтар базасын Қытайдың ішкі істер органдары мен тыңшылықпен айналысатын мекемелерінде сақталуына қалай жол бере аламыз? Бұл біздің тәуелсіздігімізге төнген қатер емей немене?
Мен аналық жүрегімнен шыққан осынау ойларға оқырмандармен қоса, қатысты мекемелер де назар аударса екен деп тілеймін. Қытай азаматтығында отырған қандастарымызды Аллаға тапсырдық десек те, еліміздің намысына бізге сын емес пе еді? Біз неге өз мүддемізді қорғай алмай отырмыз?

Неге тәуелсіздігімізге көз алартатындарға, бізге ақпараттық шабуылдарын тоқтаусыз жүргізіп, қазақтардың тамырын басып отырған империалистік ниеттегі «дос көршілерімізге» өз қарсылығымызды білдіре алмаймыз? Дүние, өткен аптадағы Сыртқы істер министрлігінің үн қатуы көңілді бір демдеп отыр. Тек бір нәтиже шықса игі.

 

Сәуле Мешітбайқызы
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

(110)