mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

    Халық шенділерге сенбейді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға жыл сайын су тасқыны болатын Атбасар қаласының мәселесін шешуді тапсырды.

Отырыста өңірдегі су тасқынының алдын алу бойынша қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізген Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин: «Бізде қардың негізгі мөлшері ақпан айының соңы мен наурыз айының соңында жауады. Биыл өңірге көктем ерте келеді деп жорамалдап отырмыз. Жабай өзені мен Атбасар қаласында су тасқыны болмас үшін жұмыс жасап жатырмыз. Өткен жылы судың мөлшері өте жоғары болды. Бірақ осы жылы мұндай жағдай болмайтын шығар», — деп зуылдатқан әкім есебі премьер-министрге ұнамаса керек, ол: «2014 және 2015 жылы осындай жағдай қайталанған. Сондықтан судың мөлшері рекордтық деңгейде деп айтуға болмайды. Сіздерге жыл сайын ақша бөлеміз. Бұрын ақша топыраққа кетсе, енді суға кетіп жатыр. Өңірдегі тұрғындардың үндеуін оқыдым. Олар біздің қауіптің алдын алу үшін бөгет, дамба салып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатқанымызға сенбейді екен.

Себебі, олар суға қарсы тұра алмайды. Салдарынан үйлер судың астында қалады. Оның ішінде білім мекемелері де бар. Олар бізге дамба салғаннан, су жетпейтін жерден ғимарат салып беріңдер дейді. Сіздер миллиардтаған теңгені жұмсайсыздар. Осы мәселеге сіздің пікіріңіз қандай?»— деді. Үкімет басшысының сөзі өте орынды екенін айтқан облыс әкімі «Бұл — дұрыс пікір. Ұзыны 9 шақырымдық, құны 10 млрд. теңге, тіпті одан да жоғары тұратын дамба салғаннан гөрі халықты басқа жерге көшірудың шығындары аз болады. Мысалы, 1 830 адам тұратын жерде 530 түтіні бар үйді басқа жаққа көшірсе, үйлерді салуға 3-5 млрд теңге кетеді»,— деді. Бұған бас уәзір: «Онда неге біз дамба салуға қаржы бөліп отырмыз?»— деп, әкімге қарсы сұрақ қойды. Бұ,ған ол: «Үкіметке тиісті ұсыныстарды береміз»,— деп жауап берумен құтылды. Үкімет басшысы өз орынбасарына: «Асқар Ұзақбайұлы (Мамин), Атбасарды не істейміз? Нақты шешім қабылдаңызшы. Жыл сайын оқиға қайталанады. Бір рет дұрыс шешім қабылдау керек қой»,— деп, оған  тиісті тапсырма берді.

(12)