mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Сауд Арабиясы: Әйелдер ерінің келісімінсіз кәсіп аша алады

Arab News сайты: «Сауд Арабиясындағы кәсібі бар әйелдерге электронды қызмет түрлерін қолдануға рұқсат етілді. Енді жеке кәсібін дөңгелету үшін олар жұбайының келісімін алмауларына  болады»,— деп хабарлайды.

Әмірліктің Сауда және инвестиция министрлігі: «Бұдан былай кәсіп ашқысы келетін әйелдер үшін қамқоршының рұқсаты керек емес. Сауд Арабиясындағы әйелдер жеке кәсіптерін емін-еркін бастай берсе болады»,— деп мәлімдеді. Осылайша бұдан былай кәсіпкер әйелдер компанияның негізін қалау мақсатында құжаттар жинау үшін нотариус көмегіне жүгінбейді. Олар құжаттың барлық түрін электронды негізде ала алады. Отбасылық мұра және әйелдер мен балалардың құқықтары департаментінде айтылғандай, Сауд Арабиясы әйелдерінің құқығы мен мүмкіндігін кеңейтетін бұл қадам мемлекеттің жалпы даму үрдісіне қайшы келмейді.

Құқықтық кеңесші Дима Алт-Шариф: «Бұл қадам біздің отандастарымыздың бойдағы дарынын айқындап, идеяларын лайықты қаржылық қайтарымы бар кәсіпке айналдыруына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Біз Сауд Арабиясындағы әйелдердің, әсіресе сауда-саттық саласындағы құқығы мен мүмкіндігін кеңейтетін жаңа дәуірге куә болып отырмыз»,— дейді. Бұған дейін кәсіппен айналысқысы келетін әйелдерге қамқоршысы тарапынан қарсы еместігі көрсетілетін құжат талап етілетін. Ол қамқоршы әйелдің жұбайы, әкесі немесе ағасы болуы мүмкін еді.

Бір ай бұрын билік әйелдерге Сауд Арабиясына жалғыз баруға рұқсат еткен. Ал оған дейін турист әйелдер аталған мемлекетке саяхаттап баруы үшін қасында міндетті түрде әкесі, ағасы немесе жұбайы жүруі керек болатын. Сондай-ақ, 2017 жылдың қыркүйек айында Сауд Арабиясы королі әйелдерге көлік жүргізу құқығын беріп, тарихы шешім қабылдаған.

 

(6)