Қорымдағы зәулім ескерткіштерге тоқтау салған имам

2016 жылдың 1 мамыр күні Аюбокол Ибраиым деген ағайын қайтыс болды. Ағайынның қазасына ортақтасып қабыр басына бардық. Мұнда да басқа қазақтың барлық  жеріндегідей қызылды-жасылды әшекейлеп, өнерлеп қымбат кірпіштерден салынған ескерткіш тамдарды көрдім.

Есіл ауданының имамы Мақсұт Молдрахымовқа пікірімді білдірдім:
Бұрын Торғайда өлген адамдарға мақтан-шылық көрсетіп бәсекелесіп, мәнерлеп ескерткіш там салу дәстүрі жоқ еді. Енді қазір бұл жақта да, біздердегідей өлген адамдар басына там салу дәстүрге айналып, бәсеке болып барады екен. Орыстар бізді күстаналайды. «Қазақтар тірісінде мал қорасындай землянка жер кепе үйде өмір бойы тұрады да, өлгеннен соң моласының басына бұрын жер көкте табылмаған қызыл кірпіш, ақ кірпіштен мәнерлеп, әшекейлеп, күмбездеп архитектурадағы бар өнер, шеберліктерін көрсетіп, ескерткіш там мовзолей салады. Оның рахатын тірісінде көрмегенде, өлген соң оның керегі не?» — дейді. Шындығында осы рас сөз еді. Біздерге дәл осы мақтаншылықтың керегі жоқ.
Өзіміз дамымай жатқанда тірілердің құрылысынан өлгендердің құрылысы озып кетті емес пе? Сонда да, айналып оралып келгенде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген қазақта аталы сөз бар еді. Саны көп ұлы халық қой. Орыстар мен Индия халқының өлік жөнелтудегі істері криматориі дұрыс сияқты көрінеді маған. Соның көбінің қорымы жермен-жексен болып, тегістеліп кетті емес пе? Елді мекен бұрын халық көп қоныстанған өзен-көл бойларын қарап отырсаң қаншама өз құпиясын жасырған төмпешіктер жатыр. Соның бәрі бір-бір тарих иесі емес пе? Соның ішінде тарихта аты бар да, қабыры жоқ үлкен тұлғалар да жеткілікті екені рас. Қазір керісінше болып тұр емес пе? Елге танылған тарихта аты жоқ болса да, таудай ескерткіш өзі ғана тарих болып тұр емес пе? Біреулердің дәулеті мен байлығын қызғанудан аулақпын. Орынсыз рәсуәшылыққа жол бермеген дұрыс шығар. Бұл соның артында қалған ұрпақтарының мақтаншылық ісі болар.
Әлемнің тең жартысын жаулап алып, 20 млн. адамның өмірін жойған Шыңғыс ханда осындай белгі ескерткіш там жоқ екен. Өзі өлгенде барлық байлық-дәулетімен қоса көмілген моласының үстінен көп жылқы жіберіп, тегістетіп жіберіпті. Оны білетін адамдардың барлығының көзін жойғызған екен. Қазір соның моласын дүниежүзі болып таба алмай жатыр. Осыны тапқан адамдарға дүниежүзілік мол сыйлық бар. Осы Шыңғыс хан туралы қаншама кітап жазылды. Әлі де жазылады. Сонда Шыңғыс ханның ісі теріс, ерсі болса, оны бүкіл ел осыншама неге дәріптеп жатыр екен?
Екінші дүниежүзілік соғыс қырғынын бастаған, жер бетінен 50 млн. адамның жойылуына себепкер болған Адольф Гитлердің де моласы, ескерткіші жоқ. Сонда осылар өздерінің моласына Қожа Ахмет Яссауидің мовзолей белгісіндей ескерткіш там салдыруға күші, мүмкіндігі, байлығы жетпеді дейсің бе?
Өлген адамдардың басына там салу мен көл-көсір етіп ас беру бұл өзін-өзі елге тез танытуы үшін жан ұшырып жасалатын мақтаншақтардың ісі. Өлік жөнелтіп, ас беру «байдың малын шашады, кедейдің артын ашады» деген сөз бар еді, сол рас болды. Менің осы түсінігіме Сіз қандай көзқараспен қарайсыз деген едім?
Есіл ауданының имамы менің осы сауалыма жауап қатты:
— Оның рас. Осындай өзін елге тез таныстырудың бәсекесі біздің жақта да енді дамып, өршіп барады. Өлген адамдарға көрікті зәулім етіп, ескерткіш там салу мен ас беру. Осыны тоқтата алмай жатырмыз. Бұл жасыратыны жоқ Қазақстан бойынша қаулап барады. Ислам дінінің шариғатында өлген адамдарға шағын ғана етіп белгі қою бар. Онда аты-жөні, туған, өлген уақытын көрсету парыз. Ит сарымайтын, мал баспайтын болуы керек делінген. Алыстан аңсап келгендері көретін белгісі болуы керек екені рас. Осыны ел-жұрт тыңдамай барады.
Арада ескерусіз зымырап бір жыл өтті.
2017 жылдың 29 сәуірінде сыйласқан туыс ағайындар Есілге тағы жиналғанымыз бар. Әртүрлі бояудағы кірпіштерден өрнектеп салынған ескерткіш тамдардың құры-лысы жиналған адамдарды еріксіз баурап көз тартады.
Арнап келген рәсімімізді бітірген соң, бұрынғы толып қалған қорым қасынан қоршалған үлкен жаңа қорымды көрдік. Ұзындығы да, ені де 1,5 шақырымдай болады екен. Мықты да, сапалы әшекейлі темір қоршаумен қоршалыпты. Қасымызда жергілікті жердің адамы болмаған соң, мұны кім басқарып, кімдер істеткенін біле алмадық. Оның ішіне жаңадан қойылған молалардың саны да біраз болып қалыпты. Бәрінің қабірі бұрынғыдай жөн-жосықсыз кез келген жерге қойылмаған, бір сызық бойына қаз-қатар нөмірлеп қойылыпты. Бастарына әшекейлеп, жақсылап жазылған құлпытастар қойылған. Онда бәрінің аты-жөні, туған, өлген уақыттары көрсетіліпті. Адам қызығатындай бұл бастама еріксіз қызықтырды.
Имам Молдрахымов Мақсұтты тауып сөзге тартып, осыдан бір жыл бұрынғы сөзімізді тағы жандандырдық. Жақсы ісіне риза екенімізді айтуға тура келді.
— Аудандағы мешіттің мұндайға әлі келмейді. Мынандай үлкен игі іске кім мұрындық болды, — дейміз.
— Арипов Ғалихан, бұрынғы бай болған осы Есіл ауданының Заречный совхозының директоры, үлкен шаруақор адам. «Алла разы болсын», — дейді.
— Өте орынды іс екен. Рас болса, мұсылман елінің діңгегі саналатын пайғамбарымыздың ақ туы сақталған Түркия елінде де дәл осындай деп естіп, киноларынан да көрген едік. Олар туған, өлген уақыттарын көрсетіп, аты-жөндерін жазып, тек құлпытас қояды екен. Шағын ғана етіп, төмбөшкінің үлкендігіндей етіп, белгі қояды. Бұдан басқадай ерескелдікке жол бермейді. Сонысы дұрыс қой. Адам жерленген қорымдарды діни шариғатта 25 жыл, заңда 30 жыл сақтауға болады. Арғы жағындағысы өзіміз көріп жүргеніміздей өзі жер болып, тегістеліп кетеді.
Есілдегі имамның бұл ісіне біздер риза болдық. Әр ісің осындай жемісті болғай дедік.
— Байлығы мен тұрмысын көрсеткісі келген мақтаншақтар шариғаттың тәртібін тастап, шектен шығып кеткені рас еді, — деп ризалығымызды айтып қуандық.
Барлық жерлерде де осындай болғанын тілер едік.

Қабдысалық Бейсенбайұлы

(28)