mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Мәжіліс спикері Н.Нығматулин: «Бизнесті қорғап жатырмыз деп несіне кеуделеріңізді кересіздер?»

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы талқыланды.

Депутаттарға аталған заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Бизнес шығындарын қайта реттеу және әкімшілік кедергілерді жою бойынша жүргізіліп жатқан саясатты ескере отырып, заң жобасы мынадай бағыттар бойынша әзірленген.

Бірінші – мемлекеттік бақылау қызметін реформалау.

Екінші – ақпараттық құралдарды реттеу,

үшінші – табиғи монополиялар субъектілері және квазимемлекеттік сектор көрсететін міндетті қызметтерді реформалау.

Төртінші, реттеушілік кәсіби талдауды жетілдіру.

Бесінші, бизнес шығындарын түбегейлі төмендету.

Алтыншы, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау және алып тастау. Жетінші, баға мен тарифтік сөз байласуларды анықтау және оның жолын кесу тетігін жетілдіру.

Сегізінші, Қазақстанның Doing Business рейтингісіндегі позицияларын жақсарту. Аталған құжат негізінде 13 кодекс пен 100 заңға 1 мыңға жуық түзету енгізу көзделген»,— деп санамалап кетті.  деді министр.

Министрдің сөзін толықтырған  «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов: «Бүгіндері елде бизнесті тексеру азайған. 2013 жылы бизнесті тексеру көрсеткіші 180,5 мың болса, 2014 жылы мораторий болды. 2015 жылы қауіп-қатерлерді басқару жүйесіне көштік. Нәтижесінде сол кәсіпкерлікті тексеру көрсеткіші 50 мыңды құрады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 100 мың болса, 2017 жылы 81 мыңды құрады. Бірақ біз төтенше жағдайлар бойынша талдау жүргіздік. Мысалы, улану және т.б. деректер бойынша. Аталған заң жобасы бойынша санэпидемиалогиялық органдарымен бірігіп, қауіпсіздік саласында бақылау орнатылды. Өткен жылы бизнеске 15 мың тексеру жүргізілді. Бұл көрсеткіш сақталып отыр. Біз өзіміздің тарапымыздан өзін-өзі реттеуге баса мән беріп, сапаны көтеру жағын қарастырып отырмыз. Біздің ойымызша, тұтынушылардың құқығын қорғауда да мән берілуі қажет. Бұл динамикалық модель шетелде жұмыс істеп тұр»,— деп көсілді.

Осы тұста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: « «Бизнесті қорғап жатырмыз деп несіне кеуделеріңізді кересіздер? Ол сіздердің міндеттеріңіз. «Атамекен» ҰКП еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында заң жобасын жасаған кезде оның алдымен қарапайым халыққа түсінікті, әрі заңның сапалы болу қажетігін ең бірінші орынға қоюы керек»,— деп, «сөзшең» шенеуніктерге ескерту жасады.

(10)