mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

Дұрысы «Пхёнчхан» ба, әлде «Пёңчаң» ба?

ХХІІІ Қысқы Олимпиада өтіп жатқан қаланың ағылшын тіліндегі атауы – PyengChang (평창). Бүгінде дәл осы қаланың атынан ат үрікпесе де, Пхёнчхан деп жазып әрі солай айтып жүргеніміз көрер көзге қораш, естір құлаққа ерсі болып тұрғаны рас. Олимпиадаға дейін де бұл мәселе әлеуметтік желілерде талқыға түсіп, орыстар секілді жазбаймыз және атамаймыз деп келіскендей едік. Бірақ, қаланың атауын ресми ізге түсірмегендіктен, алғашында қалай аталса, дәл солай Пхёнчхан қалпында тілімізге де, үнімізге де еніп кетті. Бұлай атағанның бір қызығы, жанына тағы бір кәрістің сөзін қосып жіберсең, жаңылтпаш айтып тұрғандай әсерде боласың.

-Біз ең алдымен кәріс тіліндегі атаудың транскрипциясын қарағанымызда «Пхёнчхан» деп аталатынына көз жеткіздік. Осылайша эфирде де солай атаймыз деп алдын ала келістік. Десе де, «Пхёнчхан» атауындағы «х» біздің «қаһарман» дегендегі «һ» секілді естілер-естілмес дәрежеде айтылады. Мысалы, чехтарда «ж» деген әріп жазылмайды, тек айтылады. Олардың биатлоншылары Михал Крчмарждың аты-жөні чех тілінде Michal Krčmář деп жазылады.Ал, айтқанда «Крчмарж» деп дыбысталады. Сол секілді дүние ғой,-дейді белгілі спорт шолушысы Есей Жеңісұлы.

Расында, қазақ халқы әуелден шет тіліндегі атаулар мен кірме сөздерді төл сөзіміз секілді етіп алғанын аңғару қиын емес. Оған мысал іздесеңіз, мыңдап, тіпті, он мыңдап табылады. Мәселен, арабтың «мәсджидін» тілімізге икемдеп «мешіт» деп атаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, бәлкім, Ақ Олимпиада өтіп жатқан қаланың да атауын өз тілімізге ыңғайлап, «Пёңчаң» немесе «Пөңшаң» деп атаған жөн шығар. Мұны енді ресмилендіру үшін тіл мамандары жұмыс істеуі тиіс деп ойлаймыз. Ал, сіз құрметті оқырман, Оңтүстік Кореяның Олимпиада өтіп жатқан қаласын қалай атап жүрсіз?

 

 

(12)