50 жаста зейнетке шығу үшін

БЖЗҚ-дағы жинағыңызды 12 млн теңгеге жеткізіңіз.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов 2018-2027 жылдар аралығында әйелдердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңмен ұлғаятынын еске салды. Ол биылғы жылдың 1 қаңтарына дейін 58 жасқа келіп, зейнеткерлігін рәсімдеп үлгермеген әйелдер құрметті еңбек демалысына алты айдан соң, яғни  58,5 жаста шығатынын айтты.

2027 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 6 ай кейін шегеріле отырып 63 жасқа жететінін, сөйтіп олар зейнетке ерлермен бірдей шығатынын тілге тиек еткен департамент басшысы: «Мысалы, 1960 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген әйел адам зейнетке 2018 жылдың 1 шілдесінде, 58,5 жаста шыға алады.  Егер әйел адам 1960 жылдың 1 шілдесінде туған болса, онда ол 59 жаста зейнеткер атанады», – деді. Жадыларыңызды жаңғырта кетейік, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту бастамасы осыдан 5 жыл бұрын көтерілді. Сол кездегі  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов ел есінде «патамушта, патамушта»  деген өзі де, өзге де түсінбеген лепесімен қалды.

Бұл аз десеңіз, оның есімі еліміздің саяси тарихына жұмыртқамен атқыланған тұңғыш шенеунік болып жазылды. Зейнетақы реформасын  дұрыс жүргізе алмаған Серік Әбденов мемлекет басшысының жарлығымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды. Бірақ ол бұған қуанбаса ренжіген жоқ, себебі тура бір жарым айдан кейін әйелдердің тілін таба алмаған лауазымды тұлға «Қазмұнайгаз» төрағасының кеңесшісі болып шыға келді. Ал әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе ашық күйінде қалды. Әлеуметтік жағдай насырға шаба бастағанда  президент заң жобасын қайта қарауды талап етті. Ақырында әйелдердің зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен ұлғайту туралы амал ойлап табылды. Жасыратыны жоқ, әйелдер қауымының басым бөлігі  зейнетке 63 жаста шыққысы келмейді. Алайда дәл қазір олар «басқа түссе баспақшыл» дегеннің күйін кешіп отыр. Себебі көнгеннен басқа амалдары жоқ.

Айтпақшы елімізде 45, 50 және 53 жаста зейнетке шыға алатын әйелдер бар. 1949 жылдың 29  тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейінгі аралықта радиациялық қауіпті аймақта тұрған әйелдер 45 жаста, бес және одан да көп бала туған немесе оларды асырап алып, 8 жасқа дейін тәрбиелеген  әйелдер 53 жаста ал зейнетақы аннуитетін иеленген әйелдер 50 жаста зейнет демалысына шыға алады. Әйел адам 50 жасында зейнетке шығуы үшін, зейнетақы қорында 12 млн теңге жинағы болуы керек. Бұл туралы мемлекеттік аннуитет компаниясының директоры Әлімжан Ақажанов тілшілермен тілдескенде: «Әйелдер зейнетақы қорына 12 млн теңге жинаса, 50 жасында зейнетке шыға алады. Ерлер 9 млн теңге мөлшерінде жинаса, 55 жасында зейнеткер атанады. Елімізде ерлерге қарағанда әйелдер ұзағырақ өмір сүретіндіктен осындай шарт қойылды, – деді.

Ал  қаржы сарапшысы Бота Жұманованың пікірінше, жұмыс істеп жүрген әйелдің жалақысы төмен болса, зейнетақы жинағы «қарық қылады» дегенге сенудің қажеті жоқ. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға 2015 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдері ай сайын ғана берілетін болды. Сарапшының сөзінше, бұл өзгеріс БЗЖҚ салымшыларының меншік құқығын бұзып отыр. «Ақша  – мүлік, ал мүлік құқығы – меншік құқығы.

Егер бұл менің ақшам болса, мен зейнеткерлікке шыққаннан кейін салымшы ретінде өзімнің мүлік құқығымды қолдана отырып, оны пайдалануға және иелік етуге құқығым бар. Демек жинақты алуға шектеу енгізу меншік құқығын шектеу», – деді ол.

Дереккөз: http://abctv.kz/kz/news/50-zhasta-zejnetke-shykkynyz-kelse

Абылай Бейбарыс

(30)