Суландыру жүйелерін жаңғырту – ауылшаруашылығының дамуын жеделдетеді

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев су қорындағы суару-суландыру жүйесін барынша ұтымды пайдалануға шақырды. Атырау облысының суландыру жүйесін өз қуатында пайдалану ауыл шаруашылығын дамытуда аса  маңызды болмақ. Бұл үшін барлық су жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізу қажет. Облыс экономикасының осы бағыттағы өзекті мәселелері  Махамбет ауданында өткен кеңейтілген жиында қаралды.

«Қазсушар» РМК Атырау бөлімшесінің  басшысы Асыланбек Рысжанов облыста жалпы ұзындығы 1152 шақырым болатын 15 суландыру каналы бар екенін айтты. Каналдар Атырау қаласы маңы мен Махамбет, Индер, Құрманғазы, Исатай  аудандарында орналасқан. Қазіргі кезде 4 канал өңірдің коммуналдық меншігіне берілген, 11-і республикалық органдар меншігінде. Осы жылы олардың 10-ы жергілікті басқару меншігіне өткізіледі. Стратегиялық маңызы бар қалған біреуіне байланысты министрлікпен келісім жүргізілуде.

2017 жылы суару-суландыру жүйелері арқылы облыстағы суармалы егістік пен алқаптарға 12 млн. текше метр, жайылымдық жерлерге 2 млн.текше метр су жіберілді. Ендігі өзекті мәселелердің бірі – көптеген каналдардың арнасының балшықпен лайланып, бітелгені және тозып, ескіргені болып отыр. Оларды тазалап, қалпына келтіру үшін миллиардтаған қаржы керек. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  жергілікті атқарушы билік қаржыландыруды өз мойнына алуға дайын екенін айтты.

– Проблемалар бар, оларды жан-жақты шешуіміз керек. Атырау облысында су тапшылығы бар екенін бәрі біледі. Судың әр тамшысы есептеулі деуге болады. Сондықтан да бар каналдарды алыс елді мекендерге су жеткізуге пайдалана білу аса маңызды қажеттілік. Мұның өзі егістік алқаптарын ұлғайтуға, мал шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндік береді.

Суару-суландыру жүйелерін жаңғырту жұмыстары жобасын жүзеге асыруға мамандар 2 млрд. теңге қажет деп отыр. Аймақ басшысы мұндай қаржыны бөлу аса маңызды екеніне сенімді.

– Біраз қаржы жұмсауға тура келеді, бірақ біз ондаған жылға алдын ала ойлауға тиіспіз. Агроөнеркәсіп саласының дамуына қолдау қажет, сала жәрдем қаржы мен субсидияны талап етуде. Жаңа ғана осында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары санының азайып кеткендігі айтылды. Бұл аудандарға қанша су көлемі берілетіндігіне тікелей қатысты. Мемлекет басшысы біздің алдымызға экономиканы әртараптандыру және агроөнеркәсіп саласын дамыту міндетін қойды.  Біз осы бағытта кедергі келтіріп отырған осал тұстарды анықтап, оларды тез арада қалпына келтіруіміз керек, – деді аймақ басшысы.

                                                                                                      Светлана Муньянова

 

 

(15)