mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Жол жөндеу қаражатының жартысы мемлекеттен

ҚР Үкіметінің отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев: «Елімізді дамытуда жолдар мәселесінің маңызы аса зор. Қазіргі кезде жергілікті жерлерге және республикаға қарайтын жолдарды жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. «Жергілікті әкімшіліктердің бюджетіне тәуелді орташа деңгейдегі жолдарды жөндеу қаржы мәселесіне байланысты қиындықтар туындатып отыр. Сол себепті министрлік: әкімшіліктер жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың 50 пайызын өз тарапынан салса, қалған 50 пайызын біз қаржыландыратын боламыз» деген шешім қабылдады. Осы жоба бойынша өңірде 750 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бізге үкімет тарапынан тапсырма берілді, министрлік сол елу пайызды қаржыландыруға дайын», — деді.

Ал осы отырыста Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бойынша атқарылатын жұмыстар туралы баяндаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек: «Мультимодальді көлік каркасын дамыту және халықтың мобильділігін арттыру үшін аумақта үш айналма автожол салу ұсынылған, ол оңтүстік шығыс, солтүстік және Шымкент қаласының сыртқы айналма жолының 118 шақырымын, Сарыағаш қаласының айналма жолын қамтиды. Сонымен қатар аудандық, облыстық маңызы бар жолдарға реконструкция жүргізіледі, Шымкент-2 жаңа теміржол вокзалы салынады және Арыс қаласындағы вокзал қайта жөнделеді. Шымкент қаласында және Сарыағаш ауданында 2020 жылға дейін екі көлік-логистикалық орталық салынып, Шымкент қаласындағы аэровокзалға реконструкция жүргізіледі. Аталған шаралар көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, агломерацияның транзиттік-экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді»,— деп мәлімдеді.

(9)