Адамдар өзін емес, өзгені сынауға жаттыққан

Адамдар өз шамасын асыра жоғары, не әсіресе төмен бағалайды. Кемелдікке жетпейтіні содан.

Адамдар өзін емес, өзгені сынауға жаттыққан. Араздықтың туатыны осыдан.

Адамдардың қабілеті өзгенің жетістігін емес, кемшілігін көруге жетілген. Алауыздықтың шығатыны содан.

Адамдар істе мүмкіндік іздеуден гөрі сылтау іздеуге шебер. Табысқа жетпейтіні содан.

Адамдардың қызығу сезімінен, қызғану сезімі артық дамыған. Бақталастықтың өршуі осыдан.

Адамдар байқұстан бұрын, байға сәлем бергіш. «Әділетсіздік төркіні төменнен» дейтіні осыдан.

Адамдар мені күтіп қалмасын деуден, өзім күтіп қалмайын дегіш. Тәкаппарлықтың басы осыдан.

Адамдар өзінің орнын емес, өзгенің орнын көздегіш, өкініштен арылмайтыны, өштескіш келетіні содан.

Адамдар өзге туралы білуге емес, өзі туралы айтуға құмар. Өзара түсінісудің  кем болатыны осыдан.

Адамдар кісілікті кішіліктен емес, кіділіктен іздегіш. Кісімсудің шығуы осыдан.

Адамдар салдарды себептен демейді, кенеттен дейді. Күдіктің басталатыны осыдан.

Адамдар құрметті абыройдан емес, атақтан келеді деп сенген. Даңққұмарлықтың асқынуы содан.

Адамдар өз бағасын өзімен емес, алған сыйлықпен өлшегіш. Атаққұмарлықтың өршуі осыдан.

Адамдар асылды құпиядан емес, жариядан іздегіш, қадірдің қашуы содан.

Адамдар өнердің өзін тануға емес, оның иесіне табынуға құмар, талғамның тозғындауы осыдан.

Адамдар көңілмен сезінетін дүниеге емес, көзбен көретін дүниеге құштар. Дүниеқұмарлықтың меңдейтіні содан.

Адамдар бақи дүниеден гөрі, пәни дүниені көп ойлағыш, өткенді аңсай беретіні содан.

Адамдар жазғанынан гөрі, аты-жөнін, түр-түсін танытпаққа құмар. Қарабайыр халтураның өршитіні осыдан.

Адамдар өзінің емес, өзгенің мінсіз болуын талап еткіш, өштіктің бас көтеретіні осыдан.

Адамдар ақыл алудан гөрі, ақыл айтуды артық үйренген, сөз бен істің қабыспайтыны осыдан.

Адамдарда көсемдікті танудан гөрі, көсем болып танылсам деген есек дәме басым. Ғұмырнаманың көп жазылуы осыдан.

Абай ХАМЗА

(20)