mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Н.Назарбаев әкім-қараларға неге қырғидай тиді?

Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында екінші деңгейлі банктердің мәселесіне қатысты пікір білдіріп, банкқа тиесілі қаражатты жинап алып, кейін ақшаны ұрлап, тайып тұратын банк басшыларын сөккен Мемлекет басшысы: «Осыдан қашан арылмақпыз? Барлығымыз нағыз ұрлықтың куəсі болып отырмыз. Бұрынғы БТА банк басшысы Мұхтар Əбілəзов бастаған азаматтың мемлекет пен банк қаражатын ұрлағанын дəлелдедік. Акционерлік қоғам мүшелері банктегі қаражатты ұрлап əкетеді екен де, ал Ұлттық банк соны бақылап қана отырады екен? Мұны қалай түсінеміз? Сонда бақылаушы орган не қарап отыр? Бұл мəселе жəне барлық банктерге қатысты болып отыр.

Банкроттыққа жол бермейміз деп, акционерлерді басқа шығардық, олар сонда қаражат қорын жинау үші, банк ашады да, ақшаны жымқырып тайып тұрады. Акционерлердің бəрі осында, елде ғой, сондықтан, оларды жауапқа тарту керек, айдың-күннің аманында олай ұрлық жасатып қойып қарап отыруға болмайды. Банктердi аямай, банкроттықтан құтқармай, керiсiнше оларды соған ұшырату керек. Акционерлер банк құрып, халықты ашық тонап отыр. Мен Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулинге сәйкес заң жасауды тапсырғам. Заң банктердiң ақша қозғалысын қадағалауға мүмкiндiк бередi.

Заң жобасын жылдам қараңыздар.  Сондай-ақ, мен   «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіне алмай жүрген əкімдерге, күнделікті жұмыстарды «рухани жаңғыруға» балап жүрген əкімдіктерге де реніштімін. Кейбір əкімдіктер күнделікті жасап жатқан жұмыстарын рухани жаңғырумен шұғылданып жатырмыз деп жүр. Мысалы, жыл сайынғы мерекелік жарыстарды, фестивальдерді, бəрін рухани жаңғыру дейді. Солай бола ма екен?

Сонда олардың рухани жаңғырудың не екенін түсінбегендері ғой. Түкке тұрмайтын ескі мазарларды жөндеп, рухани жаңғыру дейді. Құқық қорғау органдары саласында да күні бүгінге дейін жемқорлар жойылмай келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мəселесі біздің назарымыздан тыс қалған емес. Тек соңғы екі жылда 2200 адам жауапқа тартылыпты. Батыста адамды түрмеге тоғытпай-ақ екіжақты келісіммен мəселені шешіп жатады екен. Бізге неге соны енгізбеске? Біздікі тек түрмеге қамау. Қазір бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишіибаевқа қатысты сот болып жатыр. Шынымды айтсам, оған əлі күнге дейін жаным ашиды. Өсетін, елдің тұтқасын ұстайтын азамат болады деп едік, соңы осындай болды. Осы кісілерді өсіріп-өндіру үшін қаншама қаражат бөлеміз. Сол сияқты, «Қазавтожол» компаниясының директоры да солай болды. Қазiр салынған жолдардың тиiмдiлiгi мен ашықтығы аса маңызды. Себебi, былықтардың салдарынан қазiр құқық қорғау органдары «Қазавтожол» мен оның өңiрлiк филиал басшылығында отырғандардың басым бөлiгiн ұстады. Әрине, жаман iстерi үшiн ұстап отыр.

Бұл басқару мен жол сапасы бойынша кемшiлiктердiң бар екенiн бiлдiредi. Бүгінде жұмыстың бағыт-бағдарын өзгертiп, жол сапасын жақсартуға баса назар аудару керек. Аймақаралық, ауданаралық жолдарға көп көңiл бөлу қажет. Қазiр кейбiр керек емес, шыдай тұратын объектiлер болса, оның қаражатын облыстың iшiндегi жолдарға құю керек. Адамның үйiне жол кiрмесе, маған сенiң салып жатқан республикалық жолың не керек? Сонда ғана халық «мiне, жол салынып жатыр екен» деп түсiнедi. Бұл — жеке бағдарлама. Бiз қаражатты қалай салу керектігін қайта қарауымыз керек. Мысалы, аудан мен аудан ортасындағы жолды бетонмен алты жұп етіп жасаудың қажетi жоқ. Адамдар дұрыс өте алуы үшiн екi сапалы жолақ болса жеткiлiктi. Облыстық бюджеттiң мүмкiндiгiн де қарастыру керек. Барлығын қайта қарау қажет. Қанша рет айттық?» — деп ашуға булықты. Әрі қарай: «Жұмыс орындағанда бiз нормативке қараймыз. Норматив баяғыда ескiрiп кеткен. Нормативке емес, жолдың қазiргi жағдайына қарау керек.

Нормативпен салады, нормативпен ақша алады. Мемлекетте ақша пайда болса, барлығының тәбетi ашылып кетедi. Министрлiк не үшiн қажет? Мемлекеттiк қаржының шығынын қадағалау үшiн қажет. Бұл — сенiң жұмысыңдағы кемшiлiк», — деп ескерттi Назарбаев Жеңiс Қасымбекке. Ал, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа: «Салық органдарындағы адамдардың санын қысқартуымыз керек. Енді қысқартпаймыз, басқа жаққа көшіреміз деп айтып отырсыз. Мен бүгiн саған екiншi рет ескерту жасап отырмын. Үшiншi ескерту соңғы болуы мүмкiн. Жұмысыңды iсте»,— дей келіп, сөзін: «Тәртiп орнату керек. Бүкiл Үкiмет осы жұмыспен айналысуы керек»,— деп түйіндеді. Соңында үкімет жұмысына тоқталған Елбасы: «Жылдың басында алдымызда тұрған мақсаттарды анықтап, жұмыс істеу үшін бүгінгі үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізіп отырмыз. Шынын айту керек, өткен жыл оңай болған жоқ. Дүниежүзінің экономикасы да аумалы-төкпелі болды.

Біздің де жағдай әр түрлі болды. Дегенмен, үкімет пен әкімшіліктердің бірлесіп істеген жұмысының арқасында менің бағалауым бойынша дұрыс нәтижелерге жеттік. Өткен жылы экономиканың өсімі 4, инфляцияның  7 пайыз төңірегінде болуы біз үшін жаңа белес болды.  Сондықтан бұл жағынан үкіметтің жалпы жұмысына, әрбір үкімет мүшелерінің жұмысына оң бағамды бергенім дұрыс деп санаймын. Халық та солай ойлайтын шығар. Дегенмен әр уақытта жетістіктерімізді місе тұтып отыра бермейміз. Алдымызда мақсаттар көп. Бағдарламалардың орындалуында кемшіліктер бар. Оны, әрине, айтатын боламыз», — деді.

 

(22)