Мақат ауданында «рухани жаңғыру» кіші кеңсесі ашылды

Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жоспарлы жұмыстар атқаруда. Жақында кеңсе қызметкерлері Мақат, Жылыой аудандарына іссапарға шығып, жергілікті жерлерде кездесулер өткізді.

Мақат ауданында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге бөлім басшылары, музей және кітапхана меңгерушілері, білім беру ұйымдарының басшылары, үкіметтік емес бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.

Мақатта аудан әкімінің қолдауымен өңірде алғаш рет Мақат өңірлік «Рухани жаңғыру» кіші жобалық кеңсесі құрылды. Кеңсе жетекшісі болып Ә.Қаржауова тағайындалды.

Кіші жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды ұйымдастырумен айналысатын болады. Жобалық кеңсе Мақат аудандық балалар кітапханасының базасында орналасып, интернет жүйесімен, қажетті техникалық құралдармен жарақтандырылды. Аудандағы мәдениет, білім беру, кәсіпкерлік, спорт бөлімдерінің мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының өкілдері өзара күш біріктіре отырып,  жұмыстарын бастап кетті.

Осы іссапарда Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсе басшысы Р.Құлмағамбетов пен Мақат ауданының әкімі Б.Сәрсенғалиевтың арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум әр өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету мәселелері, өзара әлеуметтік қарым-қатынас, әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруды кепілдендіреді.

Айта кетсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мақат ауданында  2017 жылы «Атамекен» паркі мен «Адай ата» тас жолы салынып, ел игілігіне берілсе, республикалық көлемде еркін күрестен Т.Құсайынов атындағы республикалық турнир өткізілді.

Ал биылғы жылы мамыр айында «Жеңіс» паркі ашылмақ.

Светлана Муньянова

 

(14)