mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

«Елде ортақ тариф бола ма, жоқ па?»

ҚР Парламенті Мәжілісінде Ұлттық экономика вице-министрі жаңа редакцияда әзірленген «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасын таныстырды. Оған депутаттақ сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Уәлихан Қайназаров:

«Қазақстан бойынша тариф әртүрлі. Жеке азаматтарға беріліп отырған газ тарифі Атырауда 8 теңгеден, ал ОҚО-да 34 теңгеден. Сіздің министрлік арқылы немесе табиғи монополиялар арқылы республика бойынша орташа баға енгізіле ме? ОҚО мен Алматы облысы тұрғындары өз территорияларында газдың жоқтығына кінәлі емес қой. Дұрыс па? Қалған өңірлерде бар, олар төменгі тарифпен алып жатыр. Электр энергетикасына қатысты жағдай да дәл осындай.

Мәселен, қосымша құн салығын қоспағанда электр энергиясының 1 кВт-ы ШҚО-да 12 теңге, ал ОҚО-да 22 теңге тұрады. Екі өңірдегі айырмашылық 10 теңге. Сондықтан экономиканың әрі қарай дамуы үшін де ортақ баға қою қажет сияқты. Заң жобасында сол бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өтемақы береді деп айтылды. Онда халықтың қандай бөлігіне өтемақы беріледі? Бұлай болса қайтадан бюджетке үлкен жүктеме түсейін деп отыр ғой. Бір баға қойып, халық төлейтіндей жағдайға жеткізуге болмай ма? Осы мәселе туралы халық арасында үлкен наразылықтың бар. Шешіле ме? Біз халыққа не деп айтамыз? Халық та, кәсіпкерлер де зардап шегіп жатқандарын айтады. ОҚО табыс көзі ең төмен аймақ, Жамбыл және СҚО да солай.

Жарайды, СҚО-да газ жоқ. Ал Жамбылда 26 теңге, бізде 34 теңге. Бұл ендеше цивилизацияның жетістігі болып отыр, ал бұл халыққа «жаза» ретінде келіп отыр. Соны реттеуге болады ғой, мемлекеттің шамасы жететін шығар деп есептеймін. Халыққа мұны жеткізіп айтуымыз керек. Инвестиция тартылады деп отырсыз. Бұл жерде екі-үш сұрақ туындайды. Тартылғаннан кейін тариф азамайды, қымбаттайды. Оны елге қалай түсіндіріп айтамыз? «Инвестицияның келгені жетістік, ертең бағасын көбірек төлейсің» деп түсіндіру ертең қиын болады. Тезірек шешім қабылдамасаңыздар елде басқа әңгіме кетеді. Қорқытып отырғаным жоқ. Жалпы елде осы жерде өте үлкен наразылық бары рас»,— деді.

Депутат сауалына жауап берген ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин: «Бұл мәселе Үкіметте қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта оңтүстікте электр, газ тапшылығы жоқ. Газ батыстан келеді, электр энергетикасы солтүстіктен транзит жасалады. Әрбір елдің экономикалық құрылымы бағаға байланысты, ағымдағы жағдай да сонымен сәйкес. Қазір бағаны өзгертсе, мысалы батыста көтеріледі, оңтүстікте азаяды. Оны есептеу керек, осындай ұсыныстар бізге қазіргі уақытта түсіп жатыр. Біз Үкіметте бағаның қалай болатынын есептеп жатырмыз. Дұрыс айтасыз, KEGOC деген біздің қоғамымыз бар, ол жерде баға Қазақстан бойынша бірыңғай. «ҚазТрансгаздың» да жеткізу бағасы бірыңғай. Мысалы Бейнеу-Шымкент арқылы қайда апарсаң да 18 мың теңге. Мұны пошталық марка дейді, оны да қазір өзгертіп жатырмыз. Мәселе қазір көп. Оны шешу үшін экономикалық есеп жасау керек, мұнымен айналысып жатырмыз»,— деген сырғытпа сөзбен құтылды.  

(4)