mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Елбасы  барлық облыс әкімдерін жинады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен кеңес өткізіп, жиын барысында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылау және тарифтерді реттеу мәселесін назарда ұстау қажеттігін, облыстарда жылыту маусымын іркіліссіз жүргізудің маңыздылығын қадап айтты. Үкіметке облыстар әкімдерімен бірлесіп, көктемдегі су тасқыны қаупінің алдын алу және оны болдырмау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған Мемлекет басшысы: «Еріген қардың суын тоғандарға жинап, оларды ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Халық саны екі мыңнан асатын ауылдық елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгізілетін болады. Бұл – бюджеттің төртінші деңгейі.

Жергілікті жерлерге салықтың 7 түрін жинау мүмкіндігі берілді, сондай-ақ қаражат шығысы 19 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Алдын ала жасалған талдау бойынша, ауылдық округтердің 11 пайызы ғана өздерін қамтамасыз етіп, өз кірісі есебінен шығындарын жаба алады. Сондықтан Үкімет облыс басшыларымен бірлесе отырып, осы мәселені де бақылауға алуға тиіс.

Елімізді дамыту жобалары мен бағдарламаларының маңызды сипатқа ие болып отырғанын халыққа кеңінен түсіндіріп,  бұл іске «Нұр Отан» партиясын тарту қажет. Өңдеу өнеркәсібінің озық өсімін қамтамасыз ету үшін бұдан да белсенді шаралар керек. Елімізде бюджеттің көп бөлігі арнайы экономикалық аймақ құруға кетеді. Қазірдің өзінде 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдері жаңадан АЭА-тар құру үшін бізге қағаздарын қайта-қайта лақтырады. Үкімет бізге келген осы 11 АЭА-ты қарасын. Әзірге мұны шешпейінше жаңа АЭА құрылмайды.

Бар нәрсені соңына дейін жеткіземіз. Алдағы жылдары 188 млрд теңге салуды жоспарлап отырмыз. Тиімділігі қандай? Міне, мәселе қайда жатыр. АЭА-дың көбі өз өңірлерін дамыта алмады. Аудандардың экономикасына инвестиция тарту үшін АЭА-ды қолдануда басқа белсенді жұмыстар атқару тиіс», – деп,  облыс әкімдеріне жаңа арнайы экономикалық аймақтарды құруға тыйым салды. Басқосу барысында Астана қаласының, Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері өңірлердегі ахуал туралы баяндады.

 

(16)