Атырауда инвесторларға жобалар портфелі дайындалуда

Атырау облысында әлеуетті инвесторларға мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында жобалар портфелі дайындалуда.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен мемлекеттік органдарда мемлекет-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша жауапты мамандар бекітілді, – деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысында 2018 жылы «Атырау қаласы көшелерін жарықтандыру құрылысы мен пайдалануға беру» және «Атырау облысында диагностика бойынша бағдарлама әзірлеу, арнайы мамандандырылған бағдарламалық және сандық рентгенографиялық жүйелермен жабдықтаудан тұратын өкпе туберкулезін ерте диагностикалауға арналған іс-шаралар кешенін әзірлеу, пайдалануға беру» жобалары жүзеге асырыла бастады.

2018 жылы Атырау қаласында балабақша, мектеп және ауысымына 250 адамды қабылдауға арналған емхана, Ақсай селосында ауысымына 25 адамды қабылдауға арналған  дәрігерлік амбулатория құрылыстары жобаларының басталуы жоспарланып отыр. «Атырау қаласында 10 200 тонна сыйымдылығы бар көкөніс қоймасы мен 1 гектарлық жылыжай салу, пайдалануға беру», «Атырау қаласында монша салу, пайдалануға беру», «Атырау облысы аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу, пайдалануға беру», «Атырау қаласындағы мектептерде тамақтануды ұсыну мен ұйымдастыруға халықаралық стандарттар енгізу» жобалары бойынша конкурстық құжаттама дайындау жұмыстары да қатар жүруде.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Атырау қаласында бейнебақылау мен ЖЖЕ бұзғандарды фотобейнетіркеу аппаратты-бағдарламалық кешенін құру, пайдалануға беру», «Құлсары қаласында сыртқы жарықтандыру желілері құрылысы мен пайдалануға беру», «Атырау қаласындағы мектептерде ақылды басқару жүйесін құру» жобаларын іске асыру жоспарлануда.

      Светлана Муньянова

 

(6)