Үнді, Қытай арасы қайта бұзылмаса игі

Қырық құбылған халықаралық жағдайларға болжам айтушы жауырыншылар алдағы уақытта, Азия құрлығының тыныш болмайтындығын айтып жүр. 2017 жылдың соңына қарай сарапшылар бір ауыздан Корей түбегі мен Тайвань аралында, Оңтүстік Қытай теңізінде әскери қақтығыстар орын алуы мүмкін деп топшылаған еді. Алайда соңғы өзгерістер Корей түбегінен әлдебір жылымықтың, жақсылықтың нышанын аңғартқандай болды. Ал Қытаймен тең құқықты дипломатиялық қатынас орнатып отырған көптеген елдер «Тайвань Қытайдың бір бөлшегі, ол дербес мемлекет емес» деген ұстанымдарына адалдық танытумен келе жатыр. Қытай билігі «Тайваньды бірлікке келтіру жолында қару қолданудан да тайынбайтындықтарын» ашық айтып жүргеніне де талай жылдар өтті. Дегенмен «бейбіт бірлікке келу» үміті үзіле қойған жоқ. Демек Тайваньды билеп отырған Гоминдаң партиясы саяси дағдарысқа ұшырап, 20 миллионнна астам Тайвань халқы «бізді тек қана ҚКП ғана құтқара алады екен..» деп ұран салып көшеге шықпайынша, арал жағдайы сол шиеленіске толы күйінде қала беретіні анық.

Осы тұста жұрт назарына Үндістан мен Қытай шекарасындағы текетірес қайта іліне бастады. АҚШ-тың Азия, Тынық мұхит аймағын зерттеуші сарапшылары соңғы кезде осы пікірге тұрақтап отыр. Оған дәлел де жоқ емес. 2017 жылдың көктемінде, Үндістан мен Қытай шекарасындағы келіспеушіліктің соңы, 27 тамыз күні қос елдің келісімімен тыныштыққа ұласқан еді. Екі елдің басшылары, «бұл мәселе шешімін тапты» десе де, талас түйініне айналған Доклам өңіріндеі шекара сызығына жақын маңдағы әскери базалардың күшейтілген режимге өте бастауы үлкен күдікке ұласып барады. Жұрт назарын аударған мына бір мәлімет, бұл болжамдарды онан ары растай түсетін секілді. АҚШ-тың құпия ақпараттармен айналысатын «Stratfor серіктестігі» жер серігі арқылы кеңістіктен түсірілген фотоларды жария еткен. Ол суреттерге қарағанда шекараның екі шетіндегі бұрыннан бар құрлық әскерлері базаларынан бөлек, 4 әуе армиясы базасы шұғыл жағдайға көшкені байқалған. Үндістанның Силигури қаласындағы Багдогра, Қасимара әуе армиясы базалары жаңа күштермен толықтырылып жатқан көрінеді. Әскери сарапшылар осы базаларда, бұдан бұрын тасымалдаушы тікұшақтар мен МИГ-27 шабуылдаушы ұшақтардың болғанын айтқан. Қазір ол жерде Су-30 сияқты Үндістан әуе армиясының бетке ұстар жойғыш ұшақтары, Ресеймен бірлесіп жасаған Брахмос зымырандары орналастырылған. Ал Қытай жағы шекара сызығынан алыс жерде, Тибет автонмиялық округының орталығы Лыхаса қалаы мен Шигатседегі әуе армиясы базаларына, ең озық деген қару-жарақтар мен әскери техникалар топтастырылып жатқан көрінеді. Шигатсе әскери әуе жайы, жаңа жабдықтармен толықтырылумен қоса, жыл соңына қарай жаңадан салынып жатқан ұшу-қону жолағы пайдаланылуға берілген. Үндістанмен айырмашылығы Қытай базалары шекарадан алыста тұр. Екі ел арасындағы шекара мәселесі бағзыдан келе жатқан ескі дау. 1962 жылы орын алған шекарадағы қақтығыс кезінде Үндістан жеңіліс тапқан. Онан кейін 1967-1987 жылдар аралығында осы шекарада үш рет қарулы қақтығыс туылған. Сонан бері басылып қалған Доклам дауы, Қытайлардың шекара сызығына тым жақын жерден жол сала бастауынан соң қайта өршіді. Жан саны мен өсіп келе жатқан экономикалық қуаты жағынан дүниеге танылған екі елдің өзара бәсекесі, ұзақтан бері шешілмей келе жатқан Доклам өңірінің дауына түрткі болғандай. Ал бұл мәселе қалай шешім табатыны алдағы күннің еншісінде болмақ.

Ерқазы Сейтқали

(18)