mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Шетелдің арзан өнімдерінен қайтсек құтыламыз?

Бұл өзі көптің көкейіндегі сауал. Бірақ арзан өнім сапалы отандық тауардың еңсесін көтертпей тұр. Кім кінәлі?

Үкіметтің бүгінгі отырысында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау міндетін нақты бір мемлекеттік органға тапсыру мәселесі қаралды. Қазіргі кезде аталған шаралармен бірнеше мекеме айналысады. Соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі бар. Алайда нәтижеге көңіл толмайды. Олқылық көп. «Сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салардың» кебі.  Осыны білетін болса керек, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалау міндетін бір органға тапсыру мәселесін сөз етті. Бәрін бір министрлікке тапсырған күннің өзінде осы саладағы жағдай бірден түзеліп кетпейтінін де ашық айтты.  «Бақылау шараларын бір органнан екіншіге тапсырғаннан кейін жағдайымыз өзгереді деп айта алмаймын. Қазіргі шараларды толыққанды іске асыруға не кедергі? Алдымен осыны анықтауымыз қажет. Неге бақылау дұрыс жүргізілмейді? Бір нәрсені жетілдіреміз бе, әлде, өзіміз дұрыс жұмыс жасап жатқан жоқпыз ба, осыны зерделеп шығу керек», — деді ол.

Айтпақшы, Үкімет басшысы күдігін де жасырмады.  «Одан нақты нәтиже шыға ма? Бақылау шаралары күшейіп, одан бизнес қиналып кетпей ме? Осы жағын да ескеру керек сияқты. Бақылау функциясын бір органнан екіншіге бере салған жеңіл ғой», — деп, әлі де бұл мәселені қаузай түсу керектігін аңғартты.

Сондай-ақ Үкімет отырысында  ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаев тексеру кезiнде тәркiленген өнiмдер дүкен сөрелерiне қайта түсу мүмкiндігін де жоққа шығармады. «Айналымнан қауiптi өнiмдердi тәркiлеу саласында бiз дұрыс жұмыс атқарып жатқан жоқ сияқтымыз. Бұл жайлы қанша рет айтуға болады? Екi жыл бұрын осы мәселенi көтергенбiз. Акция өткiздiк, сонымен тоқтадық. Әрi қарай ештеңе бiлмеймiз. Мiне, өнiмдердi тәркiледiк, одан кейiн бұл өнiмдермен не болады? Жойыла ма? Немесе артқы аула арқылы дүкен сөрелерiне қайта қойыла ма? Ешкiм қандай айыппұл, қандай шара қолданылып жатқанын бiлмейдi ғой. Барлығы сөз жүзiнде қалады. Мемлекеттiк бақылау нақты дәлелдесе, онда өнiмдердiң дүкен сөрелерiне қайта түспеуiне шара қабылдау керек», — дедi нақтылап.

Үкімет отырысында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы бірыңғай органның болмауынан теxникалық регламенттер толыққанды орындалмайтынын айтып қалды. Соның салдарынан ішкі нарықты қорғау қиын екен.

 

 

(11)