«Мен  Мұқағалиды бір күнде екі рет көрдім»

«Ауылым» әнінің сөзін жазған ақын Жабайыл Бейсен Қытай жерінде туып, сонда оқып, жазушылар Қабдеш Жұмәділов, Аманжан Жақып, Төлеубек Жақыпбаевтармен бір гимназияда білім алған адам.

— 1972 жылы ғой деймін,  Жарбұлақтағы мен сабақ беретін Б. Майлин атындағы орта мектепке аяқ астынан КРУ келіп, тексеру жүргізді, — деп бастады ол Мұқағалимен жүздескені жайлы әңгімесін. — Менің Қытай елінен, Үрімжі педагогикалық институтын бітіргенде алған дипломым жоғары білімге жатпайтын болып, он жылдай алып келген еңбекақымның бір бөлігі мемлекетке қайтарылсын деп шешіп кетті. Енді не істеу керек? Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Балалар шиеттей жас, ең үлкені Майрамның өзі 12 жасқа енді келген кезі. Енді кімнен көмек тілемекпін? Мен мұғалімдіктен кетсем, бала-шағаны қайтіп асыраймын? Сонымен, Алматыдағы бала кезден бірге өскен досым Қабдеш Жұмәділовке бардым. Қабаңның ол тұста Қазақстанға сіңісіп, кітаптары шығып, жазушы атанып келе жатқан кезі. Беделі бар. Ендігі мақсатым дипломның жоғары білімге жататындығын дәлелдеу ғой. Қабаң бірден осындағы КазПИ-дің ректоры Құлахметов деген кісіге алып барды. Ол дипломды ұйғыршадан қазақшаға аударатын бір ұйғырды тауып, аудартты та, сол кездегі оқу министрі Роза Есенжоловаға кірдік. Ол министрліктің жоғарғы оқу  бөлімін басқаратын Лениншіл Рүстемов деген адамға  жіберді. Рүстемов мұны өздері шеше алмайтындығын, соңғы сөз тек Мәскеу тарапында екендігін айтты. Енді мұны орысшаға аударту үшін Қабдеш екеуіміз Жазушылар одағындағы аударма бөліміне, Азат Сүлеевке алып келдік.  Мұқағалиды осы жерде көрдім. Күн жексенбі еді. Азекең келісім бойынша бізді өз кабинетінде күтіп отыр. Жазушылар одағының үлкен есігіне кіре берісте Мұқағали мен Тоқаш Бердияров дейтін ақын бізбен қабаттаса ішке енді. Тоқаш босағада қалып қалды да, Мұқаң адымдап басып біздің алдымызға түсіп жүрді.  Келе Азат Сүлеев екеуі бір нәрсеге келісе алмай керілдесіп қалғаны. Мұқағалидың дауысы тіпті, өктемдеу шығады:

— Бұл аудармашылар емес, Жазушылар одағы! Маған шыға тұр деуге қалай дәтің барады? — деп өзеурейді. Сөйтті де кабинеттегі терезеге барып, оны айқара ашып тастады. Сәлден кейін сыртқа Қабдеш те шығып, мені Мұқағалимен таныстырды.

— Әй, Мұқағали, сенің әлгі «Әдебиет және искусство» журналына шыққан өлеңіңді жатқа айтатын, тіпті соны Қытай жерінен бері алып өткен Жабайыл Бейсенов деген ақын жігіт осы болады, — деп, жай-жапсарымды айта бастады. Шынында да мен Мұқағали Мақатаевтың

Саған таныс адыр, қырқа беттегі

Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.

Рахат та іші-сырты ауылдың,

Сен де сәулем, қуантсаңшы кеп мені, — деп басталатын «Хат» деген өлеңін жатқа білетінмін. Мұқаң арбиған саусақтарымен қолымды алып, артынан құшақтап бауырына басты.

— Бәсе, ауылдың азаматы екеніңді бірден таныдым, — деді маған қарап. Мен де өзім бала кезімнен атына таныс атақты ақынды сөйлете түскім келді ме:

— Ауылдан келгенімді қайдан білдіңіз? Қай жерімнен? — деп сұрадым. Ол бір қарқылдап алды да:

— Қаланың адамы қансыз, сөлсіз көлеңкеде өскен шөп секілді ақшыл болып келеді. Ауылдан келгендер өзіңе ұқсаған қызылкүрең болып тұрады ғой, — деді. — Ал мен шарап ішетін адаммын. Маған бір жартылыққа ақша бере аласың ба? — деді. Мен:

— Ол қанша тұрады? — деп едім:

— Көп керегі жоқ, бір сом 34 тиын берсең, «Вермудқа» жетеді, — деген соң,  ақшаны сәл артықтау етіп қолына бердім. Бәрін болдық-ау деп көңіліміз жайланып, М. Горький паркіне келсек, жаңағы Мұқағали мен Тоқаш сонда отыр. Біз ол жерде көп аялдамай басқа жақтағы асханаға қарай кеттік. Міне, мен бір күнде атақты ақын Мұқағали Мақатаевпен екі рет осылайша жүздескенім бар. Ал құжат не болды десеңіз, дипломымды аудартып, Мәскеуге жібердік. Тамыз айының  аяғына таман сағындырып, сарғайтқан жауап хат та келді-ау, әйтеуір. Онда мені қуандыратын жолдарда «Сол кезеңдегі Үрімжі педагогикалық институтында сабақ берген кадрлардың түгелге жуығы Ташкент қаласынан білім алғандар, программа ортақ, сондықтан диплом жарамды деп танылсын» делініпті. Сөйтіп, қайтадан өз шәкірттеріме дәріс беруді жалғастырдым, — деп әңгімесін аяқтады бүгінде жасы 80-нен асқан ақын Жабайыл Бейсен.

                                                                    Берікхан Тайжігіт

                                                                 Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы.   

(37)