Жас оқырмандар «Хиуаз» кітабымен танысты

Атырау облыстық балалар кітапханасында «Хиуаз» деп аталатын жаңа кітаптың тұсаукесер шарасы өткізілді. Кітапты құрастырған «Жыл журналисі – 2017» номинациясының жүлдегері, «Айқын» газетінің меншікті тілшісі, журналист Тұрсын Қалимова.  Кітапхана қызметкерлерінің және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бірлесіп өткізген шарасына қаланың Абай атындағы №15 орта мектебінің 8 «а» сынып оқушылары және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Мұнда жас оқырмандар қазақтың қыран қызы, жерлесіміз Хиуаз Доспанованың өмір жолымен танысты. Отансүйгіштікке, елін қорғауға, патриоттық тәрбие беруге бағытталған кездесудің мән-мазмұны зор болды.

Әдеби-мәдени шарада жиналғандар Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованы бір минут үнсіздікпен еске алды, «Жарқын бейне» атты бейнероликті тамашалады. Ортаға шыққан жүргізуші А.Есболатқызы қыран қыздың өмірбаянымен таныстырып, оқушылар Хиуазға арналған жыр шумақтарын оқыды. «Бәйтерек» балабақшасының бүлдіршіні Қарашбай Гүлдана батыр қыздың балалық шағындағы арманынан көрініс бейнеледі. «Шынарым-ай» би тобының биші қыздары әскери «Смуглянка» биін биледі.

Бөлім кітапханашысы Г.Қитарованың «Қалықтаған қыран қыз» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолуы мазмұнды шықты. Соңынан «Хиуаз» кітабымен таныстырып, шығарманың бөлімдерін толықтай баяндап берді.

Оқырмандар тұсаукесер салтанатынан әскери ұшқыш қыз, жерлестері, қазақ халқының батыр аруы туралы көптеген мағлұмат алып, сол кітапты оқуға құштарлықтары оянды.

Шара соңында кітапхана атынан белсене қатысқан балаларға шағын сыйлықтар табыс етіліп, барлығы естелік суретке түсті.

                                                             Светлана Муньянова

 

 

 

 

(13)