Еңбек өнімділігін арттырғың келсе, жаңа технологияны енгіз

Жуырда Талдықорған қаласында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыстық актив отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аталған тапсырмаларды орындауға қатысты облыстың атқарушы органдарының алдына қойылатын жаңа міндеттер жайлы үлкен әңгіме болды.
Бұл алқалы жиын отырысында облыс әкімі Амандық Баталов негізгі әлеуметтік көрсеткіштер туралы баяндама жасады. Лауазым иесі өз сөзінде өткен 2017 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын шығарып, Жолдауда айқындалған стратегиялық маңызы бар негізгі 10 бағыт бойынша өңірде тиімді жүзеге асырылуы тиіс міндеттерге тоқталып өтті.
Осы міндеттердің маңызды 1-ші бағыт бойынша 1 ақпанға дейінгі мерзімде облыстың ірі кәсіпорындарының жаңғыртылуы және цифрландырылуына талдау жүргізіп, олардың ішінен цифрландырудың пилоттық жобасын енгізуге барынша ыңғайлы 2 кәсіпорынды анықтап, цифрлық технологияларға негізделген мемлекеттік индустриалды-инновациялық дамудың үшінші бесжылдығында іске асырылатын жобалардың тізімін құруға бағытталған жұмыстарды қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар өңір басшысы облыста заманауи үлгіде тұрмыстық қатты қалдықтарды жою мен қайта өңдеу бағытындағы жұмыстардың қолға алына бастағандығын хабарлады. Жергілікті бюджет есебінен қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесі жасалуда. Осыған орай Талдықорған қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің пилоттық жобасы қолға алынбақшы.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында инновациялық «ақылды» технологияларды енгізу, облыста білім беру және денсаулық сақтауды дамыту, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру тұрғысындағы тапсырмаларға жіті көңіл бөлінетіндігін ескерте келе аталған бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар берді.
Облыс ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды пайдаланудың бірқатар мысалдары бар. «Біздің міндетіміз — агростартапқа инвестициялар тарту», «Ақылды ауыл шаруашылығының» инвестициялық тартымдылығы орнын белгілеу, — деді А.Баталов. — Еңбек өнімділігін жоғарылатуға жаңа технологияларды енгізу, өнімділігі жоғары сұрыптар мен гибридтерді пайдалану, ақылды химиялауды қолдану, машина-трактор паркін жаңарту арқылы қол жеткіземіз. Алайда тамшылатып суғару әдісі тек 3,3% енгізілген, ылғал үнемдеу технологиясы егістік алқабының небәрі үштен бірінде қолданылады, элиталы тұқымдар егістігінің үлесі бар болғаны 5,3% құрайды. Машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 3% мөлшерінде, бұл көрсеткіш 8-10% құрауы тиіс. Облыста сиыр, қой етін, өсімдік майын, бал мен балық өнімдерін экспорттау әлеуеті жоғары, біз олардың өндіріс көлемін ұлғайтуымыз қажет.
Сонымен бірге облыс әкімі жемқорлықпен күрес, мемлекеттік қызмет көрсету және облыс орталығында «Смарт сити» жобасын енгізуді жылдамдату мәселелеріне тоқталып өтті. Сөз соңында өңір басшысы Амандық Баталов Елбасы Жолдауын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ақпараттық топтарды құруды тапсырды.

Нұрила Бектемірова

(12)