Ауылдан шыққан Желтоқсан батыры

Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер Б.Телеуов туралы сыр

17 жасында бапкер болған

Тарихы тереңге кеткен атақты Жем өзені бойында дүниеге келген Болаттың нашар жігіт болуға қақысы да жоқ еді.
Әкесі Қойшыбай Телеуұлы ішкі істер бөлімінде жауапты қызмет атқарды. Анасы Құндыз Шадиярқызы көбіне үй тірлігімен айналысты. Қойшыбай ақсақал бала кезінде медреседе білім алған екен. Онысын кейін білдік. Домбырада шебер ойнайтын ескі насихат толғауларын нақышына келтіріп айтатын еді. Марқұм ағасы Әмір Телеуов Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген өнер қайраткері. Өнерлі отбасында тәрбиеленген Болат періштелер аузына салды ма екен, кім білсін, 8-сыныпта еркін тақырыпқа жазған шығармасында «мен өскенде бапкер боламын» деп жазған еді. Була (Болаттың жас кезіндегі лақап аты) бокс секциясына алғаш барып жүрген кезі еді.
Тумысынан сезімтал, бірбеткей Болат 1975 жылы мектепті бітіре сала Алға балалар спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасты. Он жетідегі жас бапкер өзі құралпылас және де өзінен үлкен ересектерге де былғары қолғаптың қыр-сырын үйрете бастады. Түрлі жарыстарға барып жүріп, әбден ысылды. 1977 жылы Ақтөбе пединститутының филфагына — орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Алға спорт мектебіндегі қызметін де тастаған жоқ. Оның үстіне өзі де жаттығып, талай жарыстардан жүлделі қайтып жүрді.
1978 жылы 20 жасында Орынбор қаласында Совет Одағының батыры, татар халқының ардақты ұлы, ақын Мұса Жәлелдің құрметіне өткізілген бүкіл одақтық жарыста жеңімпаз атанып, Ақтөбе облысы бойынша бокстан тұңғыш КСРО спорт шебері атанды.
Абай атамыз айтқандай, «соқпақсыз жерден соқпақ» сала білді. 1979 жылы үйленіп, сырттай оқуға ауысып, Алға спорт мектебіндегі қызметін жалғастыра берді.
Жаңалыққа жаны құштар жас маман боксқа төбелес ретінде емес, өнер ретінде қарап, өз мектебін қалыптастыра бастады. Ол үшін көп оқу керектігін біліп, тәжірибелі бапкерлердің жазған-сызғандарын жи-нақтап, тыңнан жол салу керек деп шешті. Бұрынғы таптаурын болған жаттығулар оқушыларды шаршатып, боксқа деген құштарлықтарын азайтады деген оймен тың ойындар, түрлі жаттығулар ойлап тауып, балалардың құштарлығын оята білді. Белгіленген уақыттан тыс артық жұмыс жасайтын. Онысына қосымша сағат немесе жалақы сұраған емес. Төгілген тер, жан қиярлық еңбек өз нәтижесін бере бастады. Алға спорт мектебінің жас былғары қолғап шеберлері облыстық жарыстарда Ақтөбе қаласының командаларының да алдын орап кетіп жүрді.
Міне, осы кезеңнен бастап, қызуқанды жаңашыл жас бапкерді қолдаудың орнына бойынан мін іздеушілер табыла бастады. Қызғаныштың қызыл құрты дендегендер «басқа ұлт өкілдерінің жастарын шеттетеді екен, тек қазақ жастарын ғана үйретіп, жарыстарға апарады екен» деген сияқты көпе-көрнеу жала жабуларға дейін барған еді.
Спорт комитеті, комсомол т.б. осындай идеологияға жауапты мекемелер тарапынан «домалақ арыздарға» бей-жай қарамай тексеру жұмыстарын жүргізді. Принципшіл, шыншыл азаматтың жұмысынан оғаш қылықтар табылмады. Ата-аналар орысы бар, басқасы бар, Б.Телеуовты қолдады.
Ізіне түскендер ресми облыстық жарыстарда Болат Қойшыбайұлының жеңіп тұрған шәкірттеріне көпе-көрнеу қараулық жасауға дейін барып жүрді. Соның салдарынан талай дарынды жастар спортпен қош айтысуға мәжбүр болды.
«Деспе, дессең — боқ жеспе!» дегендей, қайсар Болат та облысты айналып өтіп, Алматыдағы бокс мамандарымен тіл табысып, шәкірттерін республикалық жарыстарға қосып жүрді.
Атап айтар болсақ, бұл күнде марқұмдар қатарын толықтырған бір кезде Қазақстанның жас былғары қолғап шеберлерін Одақтық халықаралық дүбірлі додаларда биік тұғырларға көтерген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Асқар Малқаровпен КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы Серік Төлебаев сынды ағалары Болаттың жаңашыл маман екендігін ескеріп, жоғары баға берді.
Нәтижесінде төл шәкірті Ерік Балжанов КСРО жастар жарысының күміс жүлдегері атанды. (Кейін әскерден соң Е.Балжанов Ташкентке кетіп, Өзбек елінің құрамасында жүріп, көптеген ірі жарыстарда жасындай жарқылдады. КСРО қарулы күштерінің үш дүркін чемпионы атанған тұңғыш қазақ былғары қолғап шебері. Еріктен соң бұндай атаққа ешкім жеткен жоқ. Бұл күнде Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Алматыда тұрады).
Ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жетістіктеріне қарамастан, соңынан шам алып түскендер армандарына жетіп, Болатты қызметінен кетуге мәжбүр етті.
Кілем асты жүретін қитұрқы күрестен мезі болып, қажыды ма екен? Кім білсін!..
Болат әке-ағаларының жолын қуып, ішкі істер бөліміне қызметке барды. Ол жерде де абыройлы болды. Бірақ милицияда көп істемеді. Қайтадан өзі негізін қалаған бокс мектебіне келді.
Дирекция тарапынан еңбегі еленіп жүрсе де, ақтөбелік кейбір әріптестері Болаттың қайта оралуын жақтырмады. Баяғы аяқтан шалу қайта басталды.
Ақтөбеден, Алғадан неге даңқты боксшылар шықпауы керек деген оймен ынталы жастарды уақытпен санаспай күні бойы жаттықтырды. Ақтөбелік спортқа жауапты басшыларға Болат сынды білімді мамандар қажет емес еді. Көреалмаушылық қайтадан белең ала бастады. Олардың қорқынышы өздерінің орны еді. Көзге түсіп келе жатқан ұлт кадрына сақтықпен қарайтын.
Кеңестер одағының көптеген қалаларына іссапармен барып жүргенде ұққаны украин мен балтық елдерінің өзі сияқты спорт мамандарының орталыққа, Мәскеуге деген көзқарастарының оң еместігін байқайды. Дастархан басындағы әңгімелерде, «теріс ойдағы» адамдар қазақтарға құрып бара жатқан, орыстанған халық ретінде қарайтындарына көз жеткізеді.
Орыс тілінің маманы Бөкең ұлтқа байланысты айтыс-тартыстарда мірдің оғындай уытты әзілдерімен әріптестерін таңқалдырып, өзінің көзқарастарымен санасатындай дәрежеге ие болды. Ұлтқа байланысты алғашқы емтиханнан сүрінбей өткен Бөкеңді жарыстан-жарысқа шақырып, іздеп тұратын еді.

Желтоқсан көтерілісіне үн қосқан үшеу

Шәкірттерін жарысқа дайындап жүрген қарбаласты күндердің бірінде Алматыдан жан түршігерлік суық хабар келіп жетті. Ұлт әкесі атанып жүрген Қонаев қызметінен алынып, орнына Колбин тұрды деген жайсыз хабар батыстағы шағын шаһар — Алғаны да елең еткізді. Бұл 1986 жылдың 16 желтоқсаны болатын. Енді қалай болар екен, Алматыдағы сенім артып жүрген ел ағалары үнсіз қалмайтын шығар деген ойда болды. Көңілі күпті болып, жаттығуға да енжар қарап, астана жаққа үмітпен қарайтын.
Бірер күннен кейін Алматы дүрлігіп жатыр деген сыбыс та жетті. Сенер-сенбесін білмей жүргенде «көтерілген жастарды қырып салыпты» деген жайсыз хабарды естіді.
Әншейінде «қазақпын» деп кеуде соғып, терісіне сыймай ісіп-кеуіп жүретін ағалар да үнсіз, моп-момақан бола қалыпты. «Теміржол бекетінен тауып алдық» деп, шәкірттері бірнеше парақ листовкаларды әкеліп көрсетті. Қазақтарды жаппай көтерілуге үндеген жазбаларды оқуға да онша құлықты бола қойған жоқ, бірден көзін құртты.
Әріптес достары Б.Арынғазиев пен Б.Тайбөкенов (желтоқсан батыры Берік Тайбөкенов жақында қайтыс болды, жаны жәннатта болсын) үшеуі кездескен сайын саяси әңгімелерді талқылайтын еді. Ақыры шыдамады. Алға қаласында жылда өткізілетін жаңа жылдық қалааралық жарыс өтіп жатқан кезде, яғни желтоқсанның 25-нен 26-на қараған түні нар тәуекелге барып, Алға көшелеріне, спортзал қабырғасына жасыл бояумен «Долой Колбин», «Казахи мы унижены» т.б. осы тектес ұрандар жазып тастады. Әрине, ұсталатындарын да білді. Сотталатындарын да білді.
Алматы жастары қанға бөгіп жатқанда қолдау білдірмесек, еркектігімізден не қайыр дегендей ойда еді.
«Артымыздан атойлап көп қол ермесе де, бүгін болмаса, ертең ойланар, безбенге салар! Біз бастамасақ, кім бастайды?» — деп іске кіріскен.
Арада бір күн де салмай үшеуі де тұтқынға алынды. Осы жерде нақтылай кететін бір дерек бар. Б.Телеуов бастаған ерлер 25 желтоқсанда қас қарая әрекетке көшкен болса, 19 желтоқсанда «Алға» кинотеатрының қабырғасына «Где национальные кадры?» және осыған ұқсас ұрандар жазылған болатын. Оны жазғандар ұсталған жоқ.
Сол себепті болар, Алға КГБ-ның ерекше бақылауында болған секілді. Неге десеңіз, айналдырған бірнеше сағаттың ішінде үшеуі де тұтқынға алынды. Онан әрісі белгілі. Ұйқысыз түндер, қитұрқы тергеулер, бір-біріне айдап салу, тума-туыстарын арандату амалдары дөрекі түрде жүргізілді. Әпербақан сот ( Прокурор ҚҚК сол кездегі қолданыста болған 60 ст. 3-тармағы бойынша ең жоғарғы жаза 3 жылды сұраса, сот «На всю катушку» деп прокурорға дүрсе қоя беріпті. Оларға жоғары жаза беруге тырысты. Ұлты бөтен адвокат, Болат Телеуовты қорғап куәлік берген Құдай көршілері Ткаченколар отбасы…
Ақтөбедегі №5 түрмені «ақ түрме» деп атайтын. Оған қамалғандарды тірі шықпайды деп ойлайтын. Іргесі патша заманында қаланған «ақ түрмеге» ұлтымыздың талай нарқасқалары қамалып, сотталып, итжеккенге айдалған еді. Солардың ізін қуып үш батыр да этаппен сол түрмеге әкелінді. Бұрын мұндайды көрмеген жігіттерді арсылдаған қасқыр иттерін жетектеген, жүздері суық солдаттар қарсы алды.
Жігіттер алғашында абдырап қалғаны да рас тұғын. Оның үстіне күні-түні келіп жатқан қатардағы көп қылмыскерлер емес, ұлт мәселесін көтерген, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген ауыр айыптар арқалаған нағыз халық жаулары алдарында тұр.
Құдай оңдағанда, үшеуінің есімдері Ақтөбе бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс еді. Әсіресе Б.Телеуов, жоғарыда айтқанымыздай, бокстан тұңғыш спорт шебері, майталман бапкер. Түрме қызметкерлерінің біразы сыртынан болса да біледі екен. Басында секеммен қараған олар, бұлардың іс-әрекеттерінен аса ауыр қылмысты көрмеген соң, оңашада әңгімелесіп, керек-жарақтарын әкеліп беріп, көмектескен. Түрмедегі қылмыскерлер де түсіністікпен қарады. Боксшылар екенін білгеннен кейін «бізді де үйретіңдер» деп қолқа салғандар да табылды.
Үш жылды арқалаған Бөкең орыс тіліне жетіктігінің арқасында, оның үстіне төбелескіштігі тағы бар, аса көп қинала қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ар-намысын ешкімге таптаттырмады. Орыс тілін білмейтін талай қазақ жігіттеріне қорған бола алды. Сонысын түсінгендері түрмеден соң Алғаға іздеп келіп, рахметтерін айтты.

Түрмеден кейінгі әділет үшін күрес

Айдаудан келген Б.Телеуовты жастармен жұмыс істеуіне бес жылға шектеу қойғанына қарамастан, қазақтың біртуар азаматы, Алға спорт мектебінің директоры Самат аға Сәрсенбаев қайтадан жұмысқа алды.
Томаға тұйық өмір сүру қолынан келмейтін Бөкең қайтадан жарқылдап көзге түсе бастады. Тырнақ астынан кір іздеушілерге «жұмыс та» табылды.
Сәрсенбаевты аудандық партия комитетіне қайта-қайта шақыра бастады. Басты кінәлі өзі екенін түсінген Бөкең, Самат ағасына «жұмыстан босатыңыз» деп арыз береді. «Онда сенің шаруаң болмасын, алаңсыз жұмысыңды істей бер» дегесін, күпті көңілі басылғандай болды. Бірақ көп ұзамай жұмысынан кетті. Өмірі істеп көрмеген жүн-жұрқа, тері-терсек жинайтын агент те болып істеді.
Кешігіп келетін ақиқаттың да жылы лебі есе бастады. Тумысынан сезімтал Бөкең қайтадан Самат ағасына барып, ақылдасып, өтініш жазып, өзінің сүйікті ісіне қайта кірісті. Бұл тұста қарсыластары ертең қандай заман туып кетер дегендей іштерінен тынған еді.
Тәуелсіздікпен қатар келген алалайда-бұлалай заманның кәріне төтеп берумен жүріп, өзінің жеке бас қасіретін ұмытып кеткен Бөкең өзіне қосымша жүк артып, Алғадағы жетімдер үйінің балаларын да спортқа тартып, ақысыз тегін жұмыс істеді. Ол кезде балалар үйі түгілі, бюджетпен жұмыс істейтіндердің өздері уақытында жалақыларын ала алмайтын, кері кеткен тұста, ашқұрсақ болып жүрген жетімектерді үйіне ертіп кеп, тамақтандыратынын білетіндер әлі күнге жыр қылып айтады. «Өлмеген құлға ертең жаз» дегендей, 1996 жылдың күзінде қарбаласпен жүріп, өзінің әлі ақталмағаны еске түсіп, Алматыға маған хабарласты.
Ол кездегі сүттей ұйып отырған Желтоқсан жетекшілерімен ақылдаса жүріп, ақтадық қой, әйтеуір!
Сол кездегі бас прокурор Константинов, оның орынбасары Ильяс Бақтыбаев, ақтөбелік прокурор ағамыз Тасболат Күсеновтер көп еңбек сіңірді. Жоғары соттың төрағасы Б.Нәрікбаев, судья Б.Көмековтерге де зор рақмет!
Ақталғаннан кейін өзінің сүйікті ісіне бел шеше кіріскен Б.Телеуов аз ғана уақытта белгілі, салмақты спорт маманына айналды.
Шағын макарон цехын ашып, кәсіпкерлікті де дөңгелете алатынын көрсетті.
Қыран мінезді Бөкең төмен отбасыларға, жағдайы қиындау дос-жарандарына ылғи да көмек қолын созып жүретін. Ақтөбеге қоныс аударғанымен, Алғаны ұмытқан жоқ.
Бөкең №7 облыстық спорт мектебіне директор болып тағайындалды. Өмірінің соңына дейін он жылға жуық осы қызметте болды. Спорт үшін туған азаматтың басшылығымен мектептен көптеген спорт майталмандары өсіп жетілді. Шәкірттері кез келген спорт түрінен жүлдесіз қайтпайтын болды. Жасынан әділетсіздікті көп көрген Б.Телеуов те атақсыз қалған жоқ. Республикамызға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақ спортына еңбегі сіңген қайраткер, «Ерен еңбегі» медалінің иегері, Елбасы алғыс хатының иесі, т.б. марапаттарға қол жеткізді.
Спорт мектебінің құжаттарын қазақшалады. Ресми жиындарда баяндаманы ана тілінде жасады. Мұнысымен орыстілді қазақ әріптестеріне үлгі бола білді.
Сұм ажал елу бес жасында бергенінен берері көп, ұлтшыл азамат досымыз Б.Телеуовты да алып тынды.
«Жақсының аты өлмейді» дегендей, 2016 жылы желтоқсан айында Алға шаһарында жас былғары қолғап шеберлері арасында Ақтөбе облысы бойынша тұңғыш КСРО спорт шебері, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Б.Телеуовты еске алу шаралары ойдағыдай өтті. Сол тұстағы аудан әкімі Мавр Абдуллин (қазір облыс әкімінің орынбасары) бастаған аудан әкімшілігімен қатар шәкірттері, достары бір кісідей атсалысты.
Елбасымыз айтқан қайта жаңғыруға Б.Телеуов өмірі, әділет үшін күресі, спортты көтерудегі қажырлы еңбектері жастарды тәрбиелеуде таптырмайтын құрал болуға татиды дер едік.
Тірі болса, үстіміздегі жылдың 13 ақпаныңда 60 жасқа толар еді. Туған күніне орай Ақтөбеде еске алу шаралары өткізіледі деп жоспарланған екен. Ұйымдастырушыларға алдын ала рақмет айта отырып, облыс басшыларына құлаққағыс ретінде Ақтөбеде өзі тұрған көшеге ұлағатты азамат — Болат Қойшыбайұлы Телеуовтың есімі берілсе деген өтініш бар. Сіз не дейсіз, оқырман ағайын?

Аманкелді Жұмашұлы
Алға – Ақтөбе – Алматы

(33)