Атырау тұрғындары жол құрылысы жұмыстарын бақылай алады

2018 жылы Атырауда 220 шақырым жолға асфальт төселеді.

2016 жылы қала көшелері мен қала маңындағы округтерде бар болғаны 96 шақырым жол жөнделген болса, 2017 жылы жол құрылысы жұмыстары  қарқынды жүргізілді. Өткен жылдың 12 айында Атырау қаласы мен селолық округтер бойынша жалпы қашықтығы 267 шақырым болатын 330 көшенің жолдарына асфальт жабындысы төселді.

Қазіргі уақытта 2018-ші жылдың жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Жоспарға сәйкес қала мен іргелес елді мекендердің 207 көшесі жөнделіп, тақтайдай тегістеледі. Сөйтіп, 220 шақырым автомобиль жолдары көлік қатынасы үшін қолайлы бола түседі.

«Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов қала тұрғындарын осы жүргізілетін жол құрылысы жұмыстарының басы-қасында болып, бақылауға шақырады», – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Бұл үшін қала тұрғындары жөндеу жұмыстары барысынан талап бұзушылықты байқаса, мұны «Атырау облысы әкімдігі» Тelegram каналы немесе «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильдік қосымша байланыстары арқылы хабарлап, жазба жіберулеріне болады.

Сондай-ақ биылғы жылы қала мен селолық округтердегі 19 800 шақырым автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Мұнан басқа 2018 жылы Атырау қаласының 184 көшесіне 178 шақырымдық жүргінші жолы құрылысының жобалық-сметалық құжатын дайындауға 25 млн. теңге бөлінді. Қала мен қала маңындағы 9 селолық округтердегі автомобиль жолдарымен қатарласа жасалған асфальт тротуарларды қалпына келтіру үшін де жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

                                                                   Светлана Муньянова,

                                                                    Атырау қаласы

 

(9)