mm
Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директорының бірінші орынбасары.ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “ЕлАна” Қоғамдық, әлеуметтік, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы.

Өр қазақтың рухын оятатын күн туды

Ақын Сабыр Адайдың «Ер Қазақ» деген рухты өлеңі газетіміздің өткен нөмірінде жарық көрген болатын. Сол өлеңінде Алаштың ардақты ақыны: «Қай халықтың намыс болса бойында, сол халықтың шамшырағы жанып тұр», — деп рухты шақырса, бір жерінде: «Кім намысты, сол тәуелсіз халық дүр» деп тебіренетіні бар. Сондай-ақ арқалы ақынның: «Қазақстан — кеудеңдегі жүрек бұл, әр қазақты жүрекпен сүй, ізет қыл!» деп намысыңды жанып, өрлігіңді дәріптейтін жері қандай жалынды! Бұл өлең жолдары кеудесі басылмаған, ешқашан жасымаған, ешкімге құлшылық жасап бас ұрмаған текті қазақтың жүрегіне жол тапқаны шүбәсіз.
Сабыр Адайдың «Ер қазағын» оқып отырып, Махамбеттің жырымен үндестік байқадық. Бұл — рух үндестігі. Көзін шел басқан бүгінгі қым-қуыт ғаламда өз елінің даралығын, бабаларының даналығын ұрпақ санасына сіңіру үшін арпалысқан ақын жүректің лүпілі қандай әсерлі! Ақынның: «Қанымыз бір, арымыз бір, тілек бір» дегені де ойлы оқырманға ой салар тағылымды дүние! Осындай ұлттық танымға саты болған, ұлтымыздың бақ-берекесі мен бірлігін асқақтатқан жырдан кейін газет ұжымы ақылдаса келе, ер қазақтың бітім болмысын жасампаздықпен жаңғыртып, болашаққа сеніммен аттау үшін газетімізде жаңа айдар ашуды ұйғардық. Атауы «Ер Қазақ» болмақ! Біз қазақ деген ұлы халықтың ұрпағымыз! Біз өзінің ақыл-парасатымен халық ықыласына бөленген Абылай хан мен Жәңгір хандардың, батырлығымен ел батасын алған ер Қабанбай мен Бөгенбай батырдың, Қарасай мен Ағынтай батырдың, Наурызбай батыр мен Саржан қолбасшының, екі елдің дауын бір ауыз сөзбен шешкен Төле би мен Қазыбек бидің, Әйтеке би мен Бұқар жыраудың, Отаны үшін жауға жалғыз жапқан Мәделіқожа мен Жанқожа батырлардың, ел азаттығы үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан Кенесары хан мен Махамбет батырлардың ұрпағымыз! Демек, «Ер Қазақ» атауына әбден лайықпыз!
Шынын айтайық, алаштың ақиық ақыны Мағжан айтпақшы, «Толқыннан толқын туатыны» секілді, ойдан ой боталайды екен. Ақын Сабыр Адайдың «Ер Қазақ» атты өлеңі біздің жан-жүрегімізде ғаламат бір құлшыныс туғызды.
Біз, газет қызметкерлері, қашанда оқырманмен біргеміз. Оқырманның ойлы сөзін айшықтап халыққа жеткізуге асығамыз. Оқырман қауымның көңіл таразысына ұсынғалы отырған «Ер Қазақ» атты жаңа айдарда, бұдан былай елі мен жері үшін ардан аттамай, ешкімге жалтақтамай қызмет жасап жүрген игі жақсыларды «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген адал, ақ ниетпен көпшілікке таныстырып отыруды жөн санап отырмыз. Ол үшін жарқын болашаққа бастайтын, ерлікке, елдікке баулитын, ұлтымыздың рухын көтеріп, болашаққа сеніммен қарауға шақыратын мақалалар мен туындыларды осы «Ер Қазақ» айдары аясында үзбей жариялайтын боламыз.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары кейбір БАҚ өкілдері жілігі татымайтын ақпаратқа көз тігіп, жұлдыздарды жарнамалап, ұлттық мүддені ысырып тастады. Бұл асқынса, дертіне дауа таптырмас ауыр сырқат емес пе? Содан кейін «біздің қазақ жігерсіз, күншіл, жалқау, момын, еліктегіш» т.с.с. жүрекке салмақ салар пәлсәпалар психологиялық тұрғыдан өр қазақтың рухын жаншып тастады. Бұл — Ер Қазақтың ертеңіне балта шабумен пара-пар қорқыныш! Оған қажыр-қайраты кемел, жігері мықты сіз бен біз ғана қарсы тұра аламыз, құрметті оқырман!
Қолдағы барын ұқсатып, намысын ешкімге таптатпаған Ер қазақ, Өр қазақ жаныңызда жүр! Тек бағалай біліңіз! «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейді атамыз қазақ. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді», бірімізді біріміз батыр дейік, сонда бізді алар жау болмас. Баланы ұл қылып тәрбиелесең — ұл болады, құл қылып тәрбиелесең — құл болады» деген бабадан жеткен тәмсіл де есте жүргені абзал. Біздің мақсат: текті қазақтың ұрпағын төрден көру ғана!
Құрметті оқырман қауым!
Атаулы айдарымызға үн қосып, елдегі мақтан тұтар «Ер қазақ» деген атқа лайықты азаматтардың өнегелі өмірі жайлы тәлімді мақалаларыңызды күтеміз! Іске сәт! Алла Тағала жолымызды оңғарсын!
Сөзіміздің соңын: «Әр қазақ — менің жалғызым!» деп толғаған Сабыр Адайдың өршіл жырымен аяқтағалы отырмыз:
Ер Қазақпыз, алтын құрсақ анамыз,
Ерлерміз біз, саналымыз, данамыз.
Айбындымыз аз да болсақ көппіз біз,
Жауға қарсы жанартау боп жанамыз…

 

Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

(24)