«Қаражорғаң» қайда, қазағым?

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы көп мерекелік шара «Қаражорға» биінсіз өтпеуші еді. Кез келген қазақтың тойы мың бұралған ұлттық нақыштағы өнерімізге ұласып кететін. Жасы бар, жасамысы бар, қуанышты қуанышқа ұластырып әкетіп, бойыңды кернеткен баба әуенді іштей тоқтап қалмаса деп тұратыны аңғарылып тұрады. Тіпті, бір рет билегенін қанағат етпегендері асабадан музыканы қайталап қоюын сұрап, қолқа салып жататынын қайтесіз. Өнер деген ұлтқа бөлінбейді емес пе, заты басқа болса да, қол-аяғын сереңдетіп алаң ортасына шыға келетіндерді де талай көрдік. Кішкентай бүлдіршіндердің өзі бірінен-бірі үйреніп, байырғы өнерімізді жаңғыртуға үлесін қосқанына тәнті болып едік. Расымен де білектен бастап, иық, тізе буындары музыка ырғағымен одан сайын босап, рухың асқақтап, кәдімгідей ержеңдеп шыға келетінсің.

Ал еліміздегі үлкен телеарналардың бірі «КТК» таңғы бір бағдарламасын «Қаражорғаға» арнап, көрерменді буын қимылының денсаулыққа зор екенін паш етіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Облыс орталықтарының, елордамыздың үлкен алаңдарында мыңдаған халық жиналып, «Қаражорға» билеп акция өткізгені де күні кеше. Бірнеше жыл бұрын Семей қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған мекемеде «Қаражорға» деген атқа ие ерекше клуб ашылғанын естіп едік. Онда ондаған адам аптасына екі рет жарты сағаттан халық биін билейді екен.

Бірақ соңғы кездері қазақ жұртына жаппай тараған «Қаражорға» билеу сап тыйылды. «Оған ежелден келе жатқан өнердің қазақтың биі ме, емес пе?» деген сан пікірлердің жұртшылықты екіұдай күйге қалдырғаны себеп болды ма, кім білсін? Зерттеушілер де, көнекөздер де мейлінше дәлелдер келтіріп, өз ойларын айтып бағуда. Ұмытылып қалған төл өнерді қайта жаңғыртуға үлес қосқан Арыстан Шәдетұлының өзі «Қаражорғаны» «буын биі», «бақсы биі» деп атап, оның тарихы тереңде, шамандық дәуірден қалған дегенді келтірді. Орхон түркілерінің заманынан тастарда таңба болып қашалған айғаққа сүйене айтты.

Бірақ осы бір атадан қалған мұраға қырғыз ағайындардың да таласқаны есімізде. Себебі қайбір жылы Қытайдағы он мыңнан астам қандас «Қаражорғаны» билеп, Гиннестің рекордтар кітабына жазылған болатын. Бір тарап шықты «бұл моңғолдың биі» деген. Бірақ алпыс жылдан астам осы өнерді дәріптеп келген Арыстан ақсақал біздің бидің моңғол биінен тарихы әріде жатқанынан танған жоқ.

Қалай тартсақ та, «Қаражорғаның» ұмыт болып бара жатқаны шындық. Не көпшілік орындарда, не тойда биленбейтін болды. Тек жекелеген өнер ұжымдарының кезекті репертуары ретінде қалып жатыр. Ара-тұра тойлардағы асаба ойнататын әлем халықтарының би жарыстарының қатарына кіргенмен, жалпылай орындалуды қойды. Айтпақшы, биылғы қаңтарда Астанада өткен құрлықтық лиганың ең үздік хоккейшілері мұз үстінде «Қаражорғаны» биледі. Жұлдыздар матчында алғашқы күні алаңға шыққан бұрымды хоккейшілер екінші кезеңнен кейін ұлттық биімізді биледі. Шығыс конфедерация командасының арулары бұл нөмірді қарсыластарының флешмобына жауап ретінде ойлап тапқан екен.

Біздің санамыздан бастап, қанымызға дейін сіңіп қалған шығыс, ұйғыр, кавказ, славян, испан қатарлы билер аз емес. Ал бір мезетте келіп, халқымыздың жүрегін жаулап алған «Қаражорғаның» соншалықты өміршең болмағаны қалай деген ойға қаласың.

 

Қыдырбек Қиысханұлы,

Қостанай.

 

 

 

(31)