Тарихи Тараз көркейе түседі

Бұл жұмысқа Жамбылдың жаңа әкімі мықтап кірісті

Жамбыл облысының жаңа  әкімі Асқар Мырзахметов бір апта бойы басқарма басшыларынан атқарылған жұмыстары бойынша «емтихан» қабылдағаннан кейін, енді Тараз қаласының тынысымен танысуды бастады.  Өңір басшысы әуелі ат басын «Т. И. Батуров атындағы  Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамына бұрды. Өз өнімдерін Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына шығаратын алпауыт кәсіпорында 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың өзінде кәсіпорынның дамуына 264 миллион теңге көлемінде инвестиция салынған. Ондағы жұмыспен мұқият танысқан аймақ басшысы өндіріс ошағының жұмысына қажетті көгілдір отынның тапшылығы мен мазут бағасының шарықтап кетуі мәселелерін шешуді жауапты тұлғаларға  тапсырды.

Қырағы көзден жылу да, кәсіпкерлік те, мүгедек балалар да… қағыс қалған жоқ.

Асқар Исабекұлы  «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Кәсіпорын шикізат ретінде қант қызылшасы мен қант қамысын пайдаланады. Өткен жылы мұнда 219 082 мың тонна қант өндірілген. Қазіргі таңда серіктестікте 812 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Өңір басшысы салалық басқарма басшылары мен кәсіпорын жетекшілерінің назарын зауыттан өндірілген өнімнің бірінші кезекте облыстың нарығын қамтамасыз ету мәселесіне аударды.

Облыс орталығын жылумен және электр энергиясымен  қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның  бірі  «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының тыныс-тіршілігі де өңір басшысының назарынан шет қалмады.  Қызметінің 80 пайызын қала тұрғындары тұтынып отырған орталыққа өткен жылы 224,4 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, тозығы жеткен ғимарат кәсіпорынның толық қуаттылығымен жұмыс жасауына кедергі болып отыр.  Сондай-ақ, көгілдір отынның тапшылығы да кәсіпорындағы өндірістік үдеріске кері әсерін тигізуде. Өңір басшысы салалық басқарма басшыларына қалыптасқан мәселелерді тез арада реттеп, кәсіпорынның өнімділігін арттыруды міндеттеді.

Асқар Исабекұлына жұмысы таныстырылған тағы бір кәсіпкерлік нысан «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС жүнді өңдеумен айналысады.  Өнімін Ресей мен Қытай елдеріне экспорттайтын серіктестік шикізат тапшылығын айқын сезінуде. Кәсіпорынға қажетті шикізатты қытайлықтар әлдеқайда жоғары бағамен сатып алып жатыр. Өңір басшысы  бұл мәселенің шешімін табуда фабрика жетекшілері мен облыс әкімдігі арасында жылдық жоспар түзілуі керектігін атап өтті.  Бұл орайда, Асқар Исабекұлы мал жүнін жинауда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды пайдалану жолдарын қарастырудың тиімділігі зор екендігін тілге тиек етті. Соған сай алдағы уақытта елді мекендерден «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-ға қажетті мал жүндерін жинаудың жүйесі әзірленбек. Айта кету керек,  дәл осы кәсіпорын  қабырғасында «ТаразКожОбувь» ЖШС-да өндірілген былғары аяқ киімдердің таныстырылымы ұйымдастырылды.

Сонымен бірге,  облыс әкімі «Шахристан» базарының  орнында, «МАРТ» сауда үйінің құрылыс алаңында және №4 өзбек орта мектебінің ғимаратында болып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын көзбен көрді. Тараз қаласының бас жоспарына сәйкес, «Шахристан» базарының аумағындағы жер телімдері толығымен мемлекет меншігіне қайтарылған. Болашақта мұнда «Оқушылар сарайы» бой көтермек. Ал құрылысы осыдан 3 жыл бұрын басталған «MART» сауда  үйі ағымдағы жылы  қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуді бастайды. Сондай-ақ, өңір басшысының назарына №4 өзбек мектебінің ғимаратында облыстық ІТ лицейін ашу жобасы ұсынылды. ІТ лицейін ашу үшін жергілікті бюджеттен 609 миллион теңге қарастырылады. Қазіргі таңда онда білім алатын 157 оқушы №33 орта мектепке ауыстырылмақ. Аталмыш мектепті  жауып, оның базасында ІТ лицейін ашу бастамасының көтерілуіне оқу ордасындағы білім сапасының жыл санап төмендеп келе жатқандығы мен оқушыларының ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан жаппай бас тартуы да себеп болып отыр.

Облыс әкімі А.Мырзахметов Тараз қаласын аралау сәтінде облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы мен «Кәсіпкерлер үйінің» жұмысымен де танысты. Бүгінде облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының қызметін 40 жеткіншек  тұтынады. Тағы 20 бала орталық қызметіне жүгінуге кезекте тұр. Әзірге облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының ғимаратын паналап отырған орталық жеке ғимаратты қажет етеді.

Таяуда ғана пайдалануға берілген «Кәсіпкерлер үйінде» өңір басшысы жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтармен тілдесіп, олардың көкейкесті мәселелеріне құлақ салды. Облыс әкімі мекеменің азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша мейлінше жедел әрі сапалы қызмет көрсетуі және қағазбастылықтан арылуы қажеттігіне баса назар аударды. Алдағы уақытта «Кәсіпкерлер үйі» облыстағы кәсіпкерлер мен инвесторларға қажетті толыққанды мәлімет ұсынатын деректер базасын құру мен  қызметіне жүгінген бизнес өкілдерімен тұрақты байланыс орнатуды өз жұмысының негізгі бағыты етеді.

Келесі кезекте облыстық ауруханада болған  Асқар Исабекұлы денсаулық сақтау мекемесіндегі инсульт бөлімінің талапқа сай еместігін тілге тиек етіп, мәселенің шешімін табу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Тараз қаласындағы 14 және 15-шағын ауданның құрылыс жоспарымен танысқан облыс әкімі, онда салынатын көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер бағасын қолжетімді ету мақсатында олардың бірінші қабатын коммерциялық мақсатта пайдалануды ұсынды. Атап айтсақ, оларды дүкендер мен дәріханалар, сауда үйлерінің еншісіне беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, өңір басшысы мүдделі мекемелердің басшыларына облыс орталығындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстарын талапқа сай жүргізуді міндеттеді.

Тазалық, көгалдандыру және электробустар

Облыс әкімі Тараз қаласын аралаудың екінші күнін  «Жасыл Ел Тараз» ЖШС-нің жұмысымен танысудан бастады. Қалдықтарды өңдеу және қайта кәдеге жарату, жою қызметтерін ұсынатын кәсіпорында  қазір 236 адам жұмыс жасайды. Қала көшелерінің тазалығын сақтауға серіктестіктің 80 бірлік техникасы сақадай-сай тұр. Дегенмен, кәсіпорынның  техникалық әлеуеті толассыз жауған қарды тазалауға жетпейді. Сондықтан да облыс әкімі серіктестік жетекшілеріне қыстың көзі қырауда қапы қалмас үшін өңірдегі барлық мекемелердің техникаларын тарту туралы келісімшартқа отыруды тапсырды. Сонымен бірге, кәсіпорынның  жылдық жұмысының жоспары түзіліп, кіріс-шығыстары мен жұмысшылардың еңбекақысын төлеу де жүйелене түседі. Ал қала билігі серіктестіктің шаһар көшелерінің шырайын келтіретін сәнді гүлдер мен ағаштарының көшетін баптап өсіретін арнайы бақтың құрылысын қолға алатын болады. Бір сөзбен айтқанда, қаланың тазалығы мен көгалдандыру ісі шаһар басшысы жұмысының негізгі көрсеткішіне айналады.

«ТаразКоммуналкөлік» ЖШС-де облыс әкімінің назарына  кәсіпорынның базасынан электробустарға қызмет көрсететін «Higer Quazar» компаниясының жұмысын бастау туралы мәліметтер ұсынылды. Бұған дейін электробустарды құрастыру мен оларға қызмет көрсету саласында әлемдегі жетекші компанияның қызметін тұтынған Қарағанды облысының тәжірибесі кәсіпорын жұмысының тиімділігіне көз жеткізді. Сондықтан да өңірде «Higer Quazar» компаниясының жұмысын жүйелеуге басымдық беріледі. Болашақта бұл кәсіпорын Тараз қаласынан жылына 20 электробус құрастыруға қабілетті зауыт ашуға ниет білдіріп отыр.

Өңірдегі металлургия ісінің көшбасшысы саналатын «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-нің жұмысымен танысқан облыс әкімі салалық басқармалардың басшыларының назарын кәсіпорынға  қажетті электр энергиясы мен теміржол көлігімен жүк тасымалдау қызметі бағасының өсуі мен маман тапшылығы мәселесіне аударды. Сондай-ақ, облыстағы индустриалды аймақтарды облыс әкімдігінің меншігіне алу қажеттігі айтылды. Сол арқылы жергілікті билік инвесторларға тиімді инвестициялық климат қалыптастырып, олардан әлеуметтік жауапкершілікті талап ететін болады.

Өңір басшысы жер асты суларын өндіру арқылы қала тұрғындары мен кәсіпорындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының да жұмысымен танысып шықты. Бүгінде кәсіпорын өзінің 2017-2022 жылдарға арналған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасына сай жұмыс жасауда. Бағдарлама нәтижесінде кәсіпорын халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету қызметінің сапасын арттыруға және ресурстарды үнемдеуге қол жеткізбек.

Актив жиынында салақұлаш баяндамаларға тыйым

және басшылардан «сынақ»

Тараз қаласындағы әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарының тыныс-тіршілігімен толығымен танысқан өңір басшысы қала әкімдігінің мәжіліс залында актив жиынын өткізді. Бұл жолы да облыс әкімі ұзынсонар баяндамалар құлақ салмай, уақытты тиімді пайдалануды жөн санады. Қалыптасқан мәселелерді шешуге жауапты салалық басқарма басшылары мен қала әкімін, орынбасарлары мен бөлім меңгерушілерінен «сынақ» қабылдады. Өңір басшысы әуелі бір кездері химия өнеркәсібімен аты шыққан Тараз қаласындағы өндіріс орындарының жай-күйіне баса назар аударды. Әсіресе өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдауға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, өткен жылы 86 кәсіпорын 7,5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болған. Сол секілді мемлекет қолдауын сезінген 17 737 жеке кәсіпкер де өз ісінің өрісін кеңейтуге мүмкіндік алған. Сәйкесінше, аталған кәсіпорын жетекшілері мен кәсіпкерлер қаланы көркейту, көгалдандыру ісіне үлестерін қосудан шет қалмауы керек. Әулиеатаның әлеуетін арттырудағы басымдық кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларына беріледі.

— Екі күн бойы қаланы аралап байқағаным, көптеген ғимараттар пайдаланылмай бос тұр. Осыны ескере отырып, жауапты тұлғаларға облыс аумағындағы  қолданыстан шығып қалған ғимараттардың жалпы саны туралы мәлімет әзірлеуді тапсырамын. Олар мемлекет меншігіне қайтарылып, өңір экономикасына пайда әкелуге ниетті кәсіпкерлерге беріледі. Сондай-ақ облыстың экспорттық, импорттық әлеуетіне сай карта түзу қажет. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының санын мейлінше көбейте түскен жөн. Өнімді өндіруден бөлек оны саудалау ісінде «Батыс Еуропа —Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойында сауда-логистикалық орталығын құру мүмкіндігін қарастыру керек, — деді Асқар Исабекұлы.

Актив жиынында қаланы көркейту мәселесі де кеңінен сөз болды. Бұл орайда, Асқар Мырзахметов ақпан айынан бастап апта сайын қала құрылысы кеңесіне жиналып, шаһардың ажарын ашатын жобалардың талқыланатынын жеткізді. Сондай-ақ қала көшелеріндегі жарнамалық билбордтардың талапқа сай әзірленбегенін және орталық даңғылдардағы бағдаршамдардың көптігін сын тезіне алды.

Облыс орталығында таяу арада бой көтеретін 14, 15 шағын аудандардың құрылысы мен жеке тұрғын үй салуға жер алу үшін кезекте тұрғандардың жайы да жан-жақты талқыланды.

— Қазіргі таңда Тараз қаласында 67 мыңдай адам жер алу үшін кезекте тұр. Олардың әрқайсысының әлеуметтік жағдайы, санаты зерделенсін. Ал жаңа шағын аудандардағы құрылыс заманауи үлгіде барлық талаптарға сай жүргізілуі қажет.

Тағы бір ескере кететін жайт, 58 мың халқы бар «Шалғай Қарасу» иінінде көктем айларында жер асты суы көтеріледі. Осы мәселені реттеуде сол иінде жер асты суларының мөлшерін реттеп отырып дренаж құрылысын жүргізуге жедел кіріскеніміз жөн, — деді облыс әкімі.

Басқосуда облыс әкімі шаһар көлеміндегі өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу тетіктерін қарастырып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Енді облыстың жаңа әкімі аудандарды аралап,  тіршілігімен танысуда. Ол жайында алдағы нөмірде баян ететін боламыз.

Саятхан Сатылғанов

(21)