Олқысын оңдырмайтын, ұлысын орнына қоятын Бәкең  (очерк)

Екі ғасыр мен екі дәуірдің көркем әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және Қазақстан Республикасының Құрмет орденінің иесі Бақыт Сарбалаев туралы

Мен осы очергімді жазбастан бұрын, Жаратқан Алланың Қазақ атты ұлтыма сыйлаған тәуелсіздігіне борыштар екенімді айтар едім. Тәуелсіздігіміз болмаса, мен бүгінгі күні Қазақстан жазушылар одағының мүшесі болып, Қазақ елінің рухани әлеміне өз үлесімді қоса алмас едім. Ең кереметі Отанға орала салып, қазақтың қалаулы қара нар ұлы, әдебиетіміздің ғасыр аттаған қажырлы қайраткер сыншысымен сырлас дос бола алмас едім. Өткен жылдың соңында жетелі жас 70 жасын тойлаған Сарбаланың баласы Бақыт туралы айтар сөзім мол.

Мақалаларымды, шығармаларымды баспасөзге шығара алмай тауым шағылған соң, Бақыт Сарбалаев деген адамды табуға бекідім. Сұрау салсам, Қазақстан жазушылар одағында жұмыс істейді екен. Айтқан, жазғандарына қарап, үлкен кісі екен деп жүрсем, өзімнен екі жас кіші болып шықты.

Бақытты іздеуімнің екі себебі бар. Бастысы аты 40 жыл жадымда жүрген есім.  Әсіресе сыншының 1982 жылы баспадан шыққан «Ақиқат алдында» атты сын жинағымен жақсы таныспын. Екіншіден, өзімнің қатардағы қаламгерлігімді, әсіресе әдебиеттің сын жанрына жан бітіру үшін сыншымен сырлас болу керек деп ойладым да, Бәкеңді іздедім. Ақыры таптым. Сонымен Бақыт Сарбалаевпен 2013 жылы көктемде таныстығым басталды.

Сөзі мен өзі бірдей жан екен. Алғашқы әңгімеміз тұйықтау болды. Көп жауап жоқ. Тетігін баса алмай отырыппын, әдебиеттің сын жанрына ауып кеткенде түйін шешілді.

Бәкең екеуміздің сырластығымыз Қытайда бірге болған шағымызда бекітіле, тереңдей түсті. Сыншы ретінде Бақыт Сарбалаевты Қытайдағы қаламгерлер, оқырман қауым жақсы біледі. Бақытын ондағы қазақ жұртты қуана, құшағын жая қарсы алды. Тамаша, ықыласты кездесулер болды.

Қытай жеріне барып келген соңғы бір сырласуда  Бәкең маған екі езуі құлағына жете күліп: «Оқырманымнан, ұлтымнан айналайын! Мен өзімді орта ойлап жүріппін-ау! Қытайдағы Қазақ туыстарымның қонақ күту мәдениеті мен әдеп- ибасына керемет тәнті болдым. Сүйіндім. Азаматтарының аузынан «Ассалаумағалейкумы» түспейді. Келіндері сәлем жасап иіліп тұрған. Қыз- келіншектер алдыңнан кесіп өтпейді. Қос қолдап түрегеліп шәй ұсынады. Қазақ тілі қандай таза!» Өз әсерін шұбыртып жатыр. Сөз арасында маған айтар «рақметін» қайта-қайта қыстырып кетеді… Мен әзіл-шынды араластырдым.

—  Рақметіңізді қабылдаймын. Сатылған жақсы малдың да өз қайтымы болады. Мен сіздің құрғақ  рақметіңізге толық разы болып тұрғаным жоқ, — дедім.

— Қалай? — деп таңғалып бетіме қарайды. Мен еріксіз күліп жібердім.

— Бәке-ау, дос боламыз дедік, досыңыздың кім екенін білетін шығарсыз?

— Білем. Сен қаламгерсің, қаламгер болғанда сөзің мен өзің бірдей қаламгерсің. Бір топ мақтау кетіп жатты….

Міне солай, содан бері біз бірін-бірі түсінген, бірін-бірі сыйлаған, бір-бірінің қабағына қараған дос болып келеміз. Өтірік қолпаш бізде болған жоқ. Мен Бақыт Сарбалаевтың Қазақстан жазушылар одағының хатшылар басқармасының мүшесі жеті дәудің бірі екенін, екеуміз дос болып жүріп екі жылдан кейін біліппін. Білмей жүре бергендей екенмін, мен Ділда Матайқызы Тасмағанбет келінінің «Айналайындарым менің» атты кітабына берген баға мақалам «Ұлт пен ұрпақтың қамын ойлайтын қаншаумыз бармыз» деген мақаланы екі-үш газет-журналға көрсетіп едім, өтпеді. Мен Бәкеңе соның жағдайын айттым. «Маған әкелші, көрейік! Сіз мақтаған шығармаға сенетін болдым ғой», — деді. Әкеліп бергем. Уақыт өткізіп Бәкеңнің кеңсесіне келсем, орнынан қарғып тұрып қолымды алды. Өңінде қуаныш бар. Ол басқа сөзге келмей: «Сыныңыз сын-ақ екен! Мен оны «Қазақ елі» газетіне беремін», — деді. Көп өтпей жарық көрді.

Мен Бақыттың Жазушылар одағындағы орнын кеш білгенімді айтып әзілдеймін ғой тағы: «Бәке, білмеген у ішеді» деген, әзілқой адаммын. Бассыз кеткен сөздерім көңіліңізге тисе, кешірерсіз!»  «Әй, Нүке, адамнан не қалмайды, мансабың тұрмақ мына жер бетінде өзің де қалмайсың. Қара жерге кіресің. Бізден еңбек, адамгершілік, туралық, ар мен ұят қалу керек. Сізбен дос болғаныма қуаныштымын, сіз сөзді де әзілді де аңдып айтасыз. Атқан оғыңыз көп далаға кетпейтін адамсыз», — дейді. Менің Бақыт Сарбалаев досым адам баласын кем көрмейтін, тең көретін ұлы адамдардың бірі. «Ұлылықтың көкесі —  қарапайымдылықта».

Сын саласында Бәкең қара үзген сыншы. Ал мен қатардағы сыншымын. Хан мен қараның дос болғаны секілді, білімі көп адамның білегі жуан болмайды екен.  Осы адамның жан дүниесін түсіне бастаған мен қазір Бәкеңе өз қуаттамамды тартынбай айта аламын. Алайда көп ішінде айтыспаймыз. Оңашада.

Өткен жылдың соңында біздің үйде Бәкең екеуміз жаңа жылды құттықтап оңаша сырласып отырғанымыз бар. «Нан, нан деп айта бересің, әкең наубайшы ма еді?» дегендей, сөз тағы әдебиет сыны төңірегіне ауысты. Тәуелсіз ұлттық мемлекетте бодандық рухтан азат, тәуелсіз Қазақ әдебиетін жарату, бодандық былғаныштан тазарту, Елбасымыздың рухани жаңғыру дәріптемесін әдебиетімізде дәйектеу жақтарында сөйлестік.

— Бәке, — дедім мен, — сіздің Ұлпан образын мадақтауыңыздың бір түйініне бөтен ойым бар. Жаңа ғана мен Ғабит Мүсірепов сынды ұлы суреткер жазушының тірі кезінде ұлылығын дәлелдеп бердім деп айттыңыз. Сыншының ерлігі деген сол. Борышы да сол. «Ақиқат алдында» кітабыңыз — тарихымыздың  өшпес таңбасы. Сол кітабыңыздағы Ұлпан  образы туралы пайымдауыңыздың ішінен  балталық мін таптым. Кітаптағы бағасын өзіне оқып бердім:

«Ұлпанның басқа да істегендері көп: «Келін шынарды төрге шығарды. Енисейдің атын ататты. Басқа әйелдерге де төрлеуге, төрлетуге жол ашты. Кейін осындай жақсы қадамдар жасады. Мұның бәрі тіпті ұлы жаңалықтар еді». Сіздің жазбаңызда Сібір қазағы керей, уақ, сыбан елдерін тұңғыш рет отырықшылыққа үйреткен Ұлпан екен… Мұның себебі қазақтың сол  бес болысының билері мен болыстарының  көнелігін күйреткен, Күйрете алуының басты бір себебі: «…Бірақ оған барлық Керей, Уақ билері қарсы болды. Қарсы болатыны — ол бес болыстың би-болыстары көзі жаудырап түгел тірі отырғанда батыс Сібір губернаторының сыйлығы мен мақтау қағазын алды. Не деген қорлық!.. «Мынауыңыз қазақ үшін де қорлық қой!» — дедім мен. Одан әрі тәуелсіз ұлт әдебиеті жөніндегі өз пайымдауларымызды айттық.

Бәкең емес, басқа біреу болса, талай сілкілесу болар еді. Ал өзі сынның әулиесінің бірі болғандықтан, сынның заңын атқарудың үлгісі. Сабырлы досым басын изеп, күліп отыр. «Бізді солай оқытып, солай жаздырды емес пе? Солай жазбасақ қалай болады? Орыс бол деді, орыс болдық. Келіндер атасының атын орыс салтымен атады, жақсы дедік. Енді мынау тәуелсіз ұлттық мемлекет болдық. Мынадай бақыт кімнің ойына кіріп шыққан? Ол дәуірде менікі дұрыс еді, қазіргі дәуірде сенікі дұрыс шығар». Сөзді басқаға бұрып, өз әңгімемізге көштік. Ойлап отырмын, осы сыншылардың барлығы, тіпті барлық қаламгерлер менің Бақыт досым секілді болсашы. Талайына түзу айтсаң, талағы тарс кетіп отырады. Адамдар-ай десеңші!

Менің жаратылысым Бақыт Сарбалаевқа ұқсаңқырап туғанмын ба? Ақыл ауыс, ырыс жұғыс болды ма? Сын қабылдауда мінездеріміз ұқсастау сияқты. Мен  ақынмын. Бала кезден айтып, жазып келемін. Бәкең де алғаш өлең жазып, өзін-өзі салмақтап көріп, одан сынға бұрылған екен. Мен Бәкеңе баспаға дайындаған өлеңдер жинағымды бердім.  Жалықпай мұқият зерттеді. «Жүректен аққан жыр бұлақ» атты зерттеу мақаласын жазды. Поэзиядағы орнымды айтыпты, олқысын да оңдырмапты. «Дос жылатып айтады. Дұшпан күлдіріп…»  дегендей.

Жарым ғасыр әдебиет пен өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңған қажымас қайратты сыншымыз, әдебиет сыншысы сынды сынықтан сүрінбей өткеніне өмірдің өзі куә. Сын салмағы арқасына батқан, Бәкеңнің талай әріптестері тайқып шығып кетті. Ұлт әдебиетінің талғамды таразышы, қаһарман қарауылшысы ретінде Сарбаланың баласы әлі сын саласының ардагер саңлақ сардары болу талғамынан танған жоқ. Мен сыншының «Ақиқат алдында»,  «Өткірдің жүзі» атты екі сын жинағын қайта оқып шықтым. Абай, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев секілді ондаған ақын-жазушылардың әдебиеттегі орнын көрсетіп, ұрпаққа үлгі болды Бәкең. Жастарға жалын беріп, өз әлін білуді де ескертті. Қулардың құйрығынан сыз өткізді. Ат емес, атан түйе көтере алмас еңбегімен міне 70 жасқа да жетіпті. Ұлылардың ұлылығын бағалап берген сыншының да ұлылықты еншілеуге ақысы бар. Ұлыларға ұстаздық ете алған адам ұстаз болмай кім болмақ?

Сен жарым ғасыр болмыспен, шындықпен бетпе-бет келе алдың. Сен ұлы сыншысың. Ұлылықтың көкесі қарапайымдылықта. Ендігісін жүрек сөзіммен жеткізейін сүйікті досым:

Көшіп келіп, жаныңның сырын ұқтым.

Лебі еседі бетіңнен жылылықтың.

«Ұлылықтың көкесін»  естуші едім,

Еңбегіңнен оқыдым ұлылықты.

Көлігімнің бұйдасын өзі ұстап,

Дәмін таттым төріңнен еруліктің.

Құтты болсын, жан досым, 70 жасың,

Жақсы ай тусын алдыңнан көріліп күн!

 

Болады өз биігі әр ғаламның

Дос болдық бастан кетіп тарғалаң күн.

Тәуелсізбіз.

Жолыңның шамы жарық,

Арман мен адалдықты таңдағанға.

Биіксің, білгенің мол, біліктісің,

Тарихқа таңба болған әр қадамың.

 

Бәкешім, сын дегенде майталмансың.

Ақиқатты анығын айта алғансың.

Қу сөздің құйрығынан сыз өткізіп,

Ұялмасты ұялтып қайтарғансың.

 

Тәуелсіз Отан жүгі ортамызда,

Тағдырын шешіп сөздің айтар жансың.

Қазақтың ұлы рухын жаңғыртайық,

Алдамшы әдебиетті сайтан алсын!

 

Әдебиетіміз қамалды тұйығына.

Сіздей батыр болмайды бұйығуға.

Әркім мініп бір жолақ тулағына,

Шет жұрттың сау білініп жырығы да.

Шүлдір, шұбар тіліңнің сұры мынау,

Ол жаққа пысқырмайды ұлы да.

Бақыт сынды батырдың орны қайда?

Ұлт исін білмей жүр мұрны да.

 

Әдебиетке өріс пен баға керек,

Көктем керек тоң еріп жылынуға.

70 жасты мұндайда айтпай тұршы,

Қап-қара мұртың тұр ғой миығыңда.

 

Тәңір ұзақ жақсыға бер жасыңды.

Жағадар біз ішетін келді асымыз.

Көркем сөздің көтерген шамшырағын,

Біліңдер! Сарбалаев қолбасымыз.

Батырыңды бетінен қақпа, қазақ,

Естісеші билік пен Елбасымыз.

 

Нұрмұқан Жанұзақұлы    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

(13)