mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Жақсыдан — үйрен, жаманнан — жирен!

Әр ұлттың тарихында қадір-қасиетімен, ізгі ісімен, парасат-пайымының жоғарылығымен ел-жұрт жадында ұзақ уақыттар бойы сақталып қалатын тұлғалар болады. Туған еліне қарапайымдылығымен, іскерлігімен, былайғы жұртқа жасаған қайырымдылығымен жаққан ірі саяси және қоғам қайраткерлерінің бірі Дінмұхамед Қонаев десек, артық айтқандық болмайды. Халқының алғаусыз махаббаты мен зор ілтипатына бөленіп, олардан еркелетіп «Димаш» деген ат алған ірі тұлғаның артында ұрпақтарына қалдырған ұлағатты сөздері де барын біреу білсе, біреудің білмеуі әбден мүмкін. Сол себепті біз Димекеңнің өз өмір жолында көңіліне тоқып, жүрегінің талғамы мен талқысына түсіп барып дүниеге келген, бүгіндері қанатты сөзге айналған бірқатар нақылдарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Сонымен, Д. Қонаевтың нақылға айналған сөздеріне назар салыңыздар:

 Бүгінгі күн — кешегі күннің шәкірті.
Жалада шындық болмайды.
Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.
Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
Өмірдің екі тірегі бар, олар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
Ақиқаттан аттап кету — арға сын.
Орынды сын ойлантпай қоймайды.
Адам үшін жазаның ең үлкені — жұмыссыз қалдыру.
Адам айнасы — адам.
Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.
 Қараң қалған билік қайтып оңалмайды.
Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі де өзіндей болады.
Адамдық қалыпты биік ұстау — кімге де болса үлкен сын.
Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі де, азаматтық жол да осы.

         Ермек Сахариев

(104)